Accessibility links

Харламовпен жолығуға тыйым салынды


Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов.
Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов.

Құқық қорғаушы Александр Харламов Алматыдағы психиатриялық клиникада еркінен тыс тексеріліп жатыр. Азаттық тілшісіне жабық мекемеге кірудің сәті түсті.

Риддерлік журналист және құқық қорғаушы Александр Харламов Алматыдағы психиатриялық клиникаға сәуірдің аяғында еркінен тыс жеткізілген. «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» деп аталатын бұл мекеме қала ішінде орналасқан. Харламов «діни алауыздықты қоздырды» деген күдікпен наурыз айының аяғында тұтқындалды. Оған туыстарымен жолығуға рұқсат берілмей отыр.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ - «ЭКСПЕРТИЗА ОБЪЕКТІСІ»

Харламовтың тұтқындалуы және оны полицияның тексеру үшін психиатриялық клиникаға мәжбүрлеп жатқызуы құқық қорғаушылар мен әйелін алаңдатады. Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис азаматтық белсендіні мәжбүрлі түрде тексеруді «диссиденттер мен азат ойлы азаматтарды жазалаудың советтік практикасы» деп атайды. Жовтис Харламовтың өскемендік газетте полицияны сынағанына және жергілікті билікке жақпаған журналист екеніне баса назар аударады.

Ал Александр Харламовтың әйелі Марина Каплунская, «Күйеуім 2005 жылдан бері дінге қатысты идеяларын Интернетке жариялай бастады, ал оны қудалау құзырлы органдардың кейбір басшыларын сынаған мақаласы шыққан соң басталды» дейді.

Психиатриялық клиника қызметкерлері Харламовтың денсаулығына, тексеру барысына қатысты ақпарат беруден бас тартты. Азаттық тілшісі республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының директоры Сағат Алтынбековпен жолыға алмады. Қызметкерлер оның іссапарда жүргенін хабарлады.
Республикалық психиатрия орталығының сыртқы көрінісі. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Республикалық психиатрия орталығының сыртқы көрінісі. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Оның орынбасары Николай Негай «кез-келген адамды «әділ әрі шынайы» тексереміз» дейді.

Азаттық тілшісі Алматыдағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы орналасқан аумақты қоршау сыртынан толық аралап шықты. Бірнеше ғимарат пен әзірше ештеңе салынбаған шағын жер телімін есептемегенде, клиника қала орталығындағы тұтас бір кварталды алып жатыр. Клиника аумағының көп бөлігі биіктігі екі метр болатын бетон қабырғамен, ал Сейфуллин даңғылы жақтағы бөлігі үшкір ұштары сыртқа қайырылған, биіктігі үш метрдей болатын металл шарбақпен қоршалған.

Клиника аумағында 2 қабатты бірнеше ғимарат тұр. Азаттық тілшісіне олардың біреуіне ғана кіруге рұқсат етілді. Есік алдында тұрған топты адам әлдебір себептермен осында тап болған туыстарына сәлем-сауқат әкелген жандар екен.

ПСИХИАТРДЫҢ СҰРАҚТАРЫ

Қамауға алынған журналист екінші психологиялық-психиатриялық тексеруден өтіп жатыр. Александр Харламовты наурыз айының аяғында Өскемен қаласының психиатрлары тексерген. Ресми дерекке қарағанда, олар оны Алматыда қайта тексеру туралы өтініш жасаған. Харламовтың адвокаты Мәншүк Медиханованың айтуынша, өскемендік дәрігерлердің амбулаторлық сараптамасы түпкілікті ұйғарым болмағандықтан, олар Харламовты Алматыға апарып, «стационарлық психологиялық-психиатриялық тексеруден өткізуді» сұраған.

«Психологиялық-психиатриялық тексеру» деген терминнің мағынасын көп адам, әсіресе қарапайым жұрт түсіне бермейді. Бұл сұраққа жауап алу оңайға түспеді. Азаттық тілшісіне сәуірдің ортасында Алматыдағы СИЗО-да отырып телефон арқылы берген сұхбатында Харламов Өскемендегі тексеру кезінде «иудаизм христиан дінінен кейін пайда болды» деген дәрігермен дауласқанын айтқан еді. Бірақ бұл - Харламовты психологиялық-психиатриялық тексеруге қатысты бір ғана жайт. Азаттық тілшісі тексерудің басқа хикаяларын білмейді. Ал иудаизм дінінің пайда болуына келсек, сан ғасырлық тарихы бар иудаизм христиан дінінен мың жыл бұрын пайда болған.
Республикалық психиатриялық орталығы директорының орынбасары Николай Негай. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Республикалық психиатриялық орталығы директорының орынбасары Николай Негай. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Харламов «психологиялық-психиатриялық тексеруден өтіп жатқан» клиника мамандарының айтуынша, сараптама барысында науқасты әдейі шатастыру тәсілі де қолданылуы мүмкін. Психиатрия орталығы директорының орынбасары Николай Негай «кейде дәрігер тексеріліп жатқан адамға ақылға қонбайтын нәрсені әдейі айтуы мүмкін» дейді.

- Адамның сол нәрсеге қалай қарайтынын, яғни сабырмен, сыпайылықпен қабылдай ма немесе басқаша мінез көрсете ме – соны білу үшін кейде оған «ақылға қонбайтын нәрсені» айтуымыз мүмкін. Мен бұл арада Харламовқа ғана қатысты емес, жалпы қолданылатын тәсіл жайында айтып отырмын. Бұл – диагностика болғандықтан, ешкімді кемсітпейді. Адамның психикасын тексеру үшін, дәрігер кейде әзілдеп те көреді. Бұл мақсатта қолданылатын түрлі тәсілдер бар. Мысалы, адамның психикалық статусын, психологиялық көңіл-күйін, психикалық халін анықтау үшін қолданылатын әдістер бар. Бірақ іс бітпейінше сарапшы да, басшылық та ешқандай сұхбат бермейтінін бірден айтып қояйын, - дейді Николай Негай.

ТУЫСТАРЫМЕН ЖОЛЫҒУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроны Харламовты мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеру жайы алаңдатса, оның әйелі күйеуін туыстарымен жолықтырмайды деп шағымданады. Өскеменнен хабарласқан Марина Каплунскаяға Алматыдағы психиатриялық клиниканың кезекшісі Харламовпен кездесуге рұқсат берілмейтінін, бірақ оған азық-түлік пен басқа да қажет заттарды әкелуге болатынын айтқан.

Марина Каплунская клиника қызметкерлерінің күйеуімен телефон арқылы сөйлесуге де рұқсат бермейтінін айтады. Енді ол сәлем-сауқатын алып, клиника басшылығымен сөйлесіп, күйеуінің психиатриялық ауытқулары бар-жоғын білу үшін Алматыға келмек.

- Мүмкін, оны әйнектің сыртынан болса да көріп қалармын, - дейді Марина Каплунская.
Мүмкін, оны әйнектің сыртынан болса да көріп қалармын.

Орталық басшылығының айтуынша, Харламовты тексеру сияқты жағдайлар кезінде клиника «сараптама объектісінің» туыстарымен жолығуына рұқсат бермеуге заң жүзінде құқылы. Клиника директорының орынбасары Николай Негайдың айтуынша, рұқсат етілген болса, сынақтан өтушілерге сәлем-сауқат әкелуге болады.

Клиника директоры орынбасарының айтуынша, бұрын мұндай рұқсат болған, мысалы клиникада тексеріліп жатқан сотталушының өз адвокатымен кездесуіне рұқсат берілетін. Бірақ кейін бұл ереже заңнан алынып тасталған.

- Сот-сараптамалық қызмет туралы заңға сәйкес, сот-психиатриялық сараптамалар аса құпия жағдайда өткізіледі. Мейлі адвокаты немесе туысы болсын, кез-келген адаммен сөйлесу сынақтан өтуші адамның психикасына әсер етуі, яғни сараптама объектісін өзгертуі мүмкін. Бізде әлгі заң шыққанға дейін мынадай жағдайлар болған. Адвокаттар келіп, сотталушыға «жағдайың мүшкіл» деп кеткен соң, олар асылып, қайтыс болған. Яғни олардың психикасы бұзылған. 2010 жыл әлгі заң шыққан соң сынақтан өтушінің кез-келген адаммен кездесуіне тыйым салынды, - дейді Николай Негай.

НАУҚАСТЫҢ ҚҰҚЫҒЫ

Заңға сүйенген психиатриялық клиниканың басшылығы «сынақтан өтуші Харламовқа» туыстарымен, журналистермен немесе бөгде адамдармен жолығуға рұқсат бермейді. Азаттық тілшісі Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті ғалымдарынан психиатриялық клиника науқастарының құқықтары мен оларды тексеру тәсілдері туралы түсінік беруін сұрады. Психиатрия, психология және наркология кафедрасының меңгерушісі Харламов жатқан клиниканың директоры, іссапарға кеткен Сағат Алтынбеков болып шықты. Бірақ осы кафедраның профессоры, медицина ғылымдарының докторы Қайратбек Сәрсенбаевпен сөйлесудің сәті түсті.

Профессор Сәрсенбаев клиникада өткізілетін психологиялық-психиатриялық тексерудің әділ өтуіне кепілдік берілетінін айтады. Оның айтуынша, клиника науқастары өз адвокаты мен туыстарымен кездесуге құқылы. Алайда ол Алматыдағы психиатрия орталығында тексерілетін сотталушылардың құқықтары жөнінде клиника директорынан сұрауға кеңес берді.
Психиатрия орталығында жатқан науқас ұлына сәлем-сауқат әкелген әйел есік қағып тұр. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Психиатрия орталығында жатқан науқас ұлына сәлем-сауқат әкелген әйел есік қағып тұр. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

«Қазақстан Республикасының сот-сараптамалық қызмет туралы» заңында қамаудағы адам сот-психиатриялық сараптамадан өту кезінде психиатриялық стационар науқастарының заңда көрсетілген құқықтарын пайдалана алатыны туралы айтылған. Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының заңгері Мәдина Әбдірахманова да Азаттық тілшісіне клиникада тексеруден өтетін сотталушылардың құқықтары «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен басқа да нормативті құжаттарда жазылғанын айтты.

«Психиатриялық стационар науқастарының құқықтарын қорғауда Қазақстан мен шетел клиникаларының арасында айырмашылық бар ма?» деген сауалға профессор Қайратбек Сәрсенбаев:

- Меніңше, айырмашылық көп емес, науқас болсын, болмасын адам құқығы барлық жерде бірдей қорғалады емес пе? - деп жауап берді.
Науқас болсын, болмасын адам құқығы барлық жерде бірдей қорғалады емес пе?

Харламовтың жағдайы - Қазақстан егемендік алғаннан бергі уақытта белгілі болған үшінші оқиға. 2009 жылы Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының тұрғыны, адвокат Зинаида Мухортова да тұтқындалған соң өз еркінен тыс психиатриялық тексеруден өткен еді. Харламов сияқты ол да жергілікті билікке жақпаған. Қамауға алынған соң ол 9 айға жуық Алматы түбіндегі Ақтас кентіндегі республикалық психиатриялық ауруханада жатты. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қысқартылып, ол үйіне жіберілді. Бірақ психиатриялық есепте тіркеуде тұр.

2007-2008 жылдары шымкенттік философ Нұрлан Оспанұлы да осындай жағдайға тап болды. Нұрлан Оспанұлы қамауға алынып, мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өткеннен кейін, қоғамдық ұйымдардың ықпалымен босатылды. Оның өзінде үйінде «амбулаториялық бақылауда» болады. Бірақ оған қатысты «ұлттық және діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен қозғалған қылмыстық іс қысқартылған жоқ.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG