Accessibility links

Түркия полициясы ондаған шерушіні тұтқындады


Полиция Анкарадағы шеруге шыққандарды қуып тарату үшін су шашып тұр. Анкара, 17 маусым 2013 жыл.
Полиция Анкарадағы шеруге шыққандарды қуып тарату үшін су шашып тұр. Анкара, 17 маусым 2013 жыл.
Түркия полициясы елдің бірнеше қаласында үкіметке қарсы шерулерге шықты деген күдікпен тексерулер жүргізіп, ондаған адамды тұтқындады.

Мемлекеттік TRT агенттігінің хабарлауынша, полиция Анкарада 25 адамды, Эскишехир қаласында 13 адамды, Стамбулда тағы бірнеше адамды ұстап әкеткен. Түркияның NTV телеарнасының хабарлауына қарағанда, полиция негізінен наразылық кезінде "шерушілерді полициямен қақтығысуға айдап салған" солшыл топтарды тексеріп жатыр.

Дүйсенбіде Түркияның екі кәсіподақ ұйымы Стамбулдың Таксим алаңында полицияның шерушілерге күш қолданғанына наразылық танытып, ереуілге шыққан еді. Кәсіподақ өкілдері 15 маусымда Таксим алаңында демонстранттарды күшпен қуып тарату "Ердоған үкіметінің халыққа қарсы ашық шабуыл бастағанын көрсетеді" деп мәлімдеген.

Бұдан сәл кейіндеу вице-премьер Бүлент Арынч билік үкіметке қарсы шерулерді тоқтату үшін полицияға көмекке әскери бөлімдерді жұмылдыруы мүмкін екенін ескерткен еді.

31 мамыр күні Гези паркіндегі құрылысқа қарсы акция болып, полиция оны күшпен таратқан соң бірнеше қалада қарсылық шерулері басталған. Шерулер біртіндеп үкіметке қарсы сипат алып, шерушілер Ердоған үкіметінің отставкаға кетуін талап етті.
XS
SM
MD
LG