Accessibility links

АҚШ Сноуден барған елдерді сынады


Эдвард Сноуден, Гонконг. 8 маусым 2013 жыл.
Эдвард Сноуден, Гонконг. 8 маусым 2013 жыл.
АҚШ үкіметі бұрынғы барлау қызметкері Эдвард Сноуденге пана болған елдерді сынады.

Президент Барак Обама АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Сноуденді ұстау үшін қолдан келген барлық заңды әрекеттерді жасап жатқанын айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни Сноуден барған елдер оның "адам құқықтары мен баспасөз еркіндігін қорғайтыны" туралы айтқандарына қайшы келеді деген мәлімдеме жасады.

Эдвард Сноуден АҚШ-тың барлау қызметтерінің телефон байланыстары мен интернетті бақылайтын арнайы бағдарламасы туралы құпия ақпараттарды жариялаған. Бұдан соң ол әуелі Гонконгке кетіп, кейін Мәскеуге барған. Ресей ақпарат құралдары оның Мәскеуден ары Кубаға ұшатынын хабарлаған.

АҚШ Сноуденді сотқа беріп, Гонконг үкіметінен оны ұстап беруді сұраған еді. Карнидің айтуынша, Гонконг үкіметінің Сноуденді жібере салуы "АҚШ пен Қытай арасында өзара сенімді қалыптастыруға кері әсер етеді".

Джей Карни Сноуденді ұстап бермей қойғанының Ресейге қандай салдары боларын ашып айтпады. Ақ үй өкілі бұған қоса Сноуден барып қалуы мүмкін деген елдермен хабарласып отырғандарын ескертті.

Дүйсенбіде Эквадор үкіметі Сноуденнің осы елден саяси баспана сұрағанын хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG