Accessibility links

AI ТМД елдеріндегі экстрадициялау мен азаптауды сынады


Amnesty International ұйымының логотипі. Көрнекі сурет.
Amnesty International ұйымының логотипі. Көрнекі сурет.
Халықаралық Amnesty International ұйымы 3 шілдеде ТМД елдеріндегі "Азаптауға қайта оралу: Орталық Азиядағы экстрадиция, күштеп қайтару және із-түзсіз жоғалу" деп аталатын есебін жариялады.

Amnesty International есебінде Орталық Азия елдері, Ресей мен Украинаның құқық қорғау органдары "іздеудегі азаматтарды заңсыз экстрадициялау, азаптау, ұрлап әкетуде ұйымдасқан әрекет жасап отыр" дейді. Есепте Орталық Азия елдері іздеу жарияланған адамдарды ТМД мемлекеттеріне сұратқан бетте бірден ұстап бере салатыны да сыналған.

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламасы бойынша директоры Джон Далхюсен "постсоветтік мемлекеттердің өз араларында іздеудегі азаматтарды заңсыз қайтаруға алаңдайтынын" айтады. Оның сөзіне қарағанда, "ТМД елдерінде заңсыз экстрадицияланатын адамдардың көпшілігі - экстремизмге, исламшыл топтарға қатысы бар деген күдікке ілінгендер".

"Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Ресей мен Украинада іздеу жарияланған адамдарды экстрадицияланудан аман алып қалып, қамаудан босатып жібергенімен, Өзбекстан мен Тәжікстанның қауіпсіздік органдары оларды қайта ұрлап әкетіп, қамауға алады. Көп жағдайда Өзбекстан мен Тәжікстан Қазақстан және Ресейге бас сауғалаған адамдарды сұратады. Қазақстан, Ресей және Украина күдіктілерді қайтарған кезде, Өзбекстан мен Тәжікстан оларды қайтарып алған кезде заң бұзады" дейді Далхюсен.

Ұйым есебінде Қазақстанның 2010 жылы 29 өзбек босқынын Өзбекстанға қайтарғанын айтады. Олардың көпшілігіне БҰҰ саяси босқын мәртебесін берген еді. Бірақ Қазақстан оларды қайтарған кезде БҰҰ берген мәртебелеріне қарамаған.

Далхюсеннің айтуынша, Amnesty International есебін постсоветтік елдердегі экстрадициялау бағдарламасына халықаралық қауымдастықтың назарын аудару үшін дайындаған.
XS
SM
MD
LG