Accessibility links

БҰҰ өкілі «жаңаөзендік босқындар» туралы естімегенін айтты


Өзбек босқыны Шухрат Ботиров өзін Өзбекстанға экстрадициялаған сот залында әйелімен сөйлесіп тұр. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.
Өзбек босқыны Шухрат Ботиров өзін Өзбекстанға экстрадициялаған сот залында әйелімен сөйлесіп тұр. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.
Маусымның 20-сы – бүкіләлемдік босқындар күнінде Алматыда арнайы жиын өтті. БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Сабер Азам «жаңаөзендік босқындар» жайында естімегенін айтты.

Бұдан бұрын Азаттық радиосына өзін Жаңаөзен ереуілі кезінде шетке кеткен босқын ретінде таныстырған әйел адам Польшадағы Згерж қаласының түбіндегі босқындар лагерінде тұрып жатқанын, ол жерде 10-15 қазақ отбасы бар екенін айтқан еді.

- Менің білуімше, Жаңаөзен оқиғасына байланысты елден көшіп кеткен босқындар болмаған. Босқын деп әр түрлі оқиға, жанжалдарға байланысты елден кеткен азаматтарды айтамыз, - деді БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Сабер Азем маусымның 20-сы, бүкіләлемдік босқындар күнінде Алматыда өткен арнайы жиынды.

Ол Жаңаөзен оқиғасына қатысты елдің өз ішінде болуы мүмкін ішкі миграция жағдайынан да хабарсыз екенін айтты.

ҚАЗАҚСТАННАН ҚУЫЛҒАН ӨЗБЕК БОСҚЫНДАРЫ НЕМЕСЕ «ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ»

2011 жылы маусым айында Қазақстан халықаралық ұйымдардың талабына қарамастан, босқын мәртебесін сұраған 29 өзбек азаматын Өзбекстан құқық қорғау органдарына тапсырды. Пана сұраған өзбек азаматтары өз елдерінде діни себептерге байланысты қудаланып жатқанын мәлімдеп, «егер Қазақстан оларды отанына қайтарса, азап пен қысымға ұшырайтындарын» мәлім етті.

Халықаралық босқындарды құтқару комитеті де Өзбекстан азаматттарының экстрадициялануына байланысты Қазақстан үкіметі мен БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігін айыптаған.

Комитет сол жолы «Босқындар жөніндегі халықаралық агенттік өкілдігінің үнсіз келісімі арқылы Қазақстан билігі өзбек босқындарын Ташкентке тапсырды» деген еді.

- 1951 жылы қабылданған «Босқындардың статусы туралы» конвенцияның 1- бабында босқын мәртебесі берілмейтін «ерекше жағдайлар» жазылған. Бұл
БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Сабер Азем. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Сабер Азем. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
бұрындары өзге мемлекеттен босқын мәртебесін сұрап, алайда өздері туралы жалған ақпарат беріп, кейіннен босқын мәртебесінен айырылған азаматтарға қатысты. Кез келген істе жаңа фактілер пайда болса, іс қайта қаралады. Тіпті іс жабылып қойған болса да. Айтып отырған нақты жағдайда да жаңа деректер пайда болған, оны қайта қарадық. Сол кезде бұл азаматтарға қатысты кейбір деректер конвенцияда жазылған «ерекше жағдай» болып шықты, - деді БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Сабер Азем бұл оқиғаға байланысты.

Өзбекстан Алматыдан экстрадицияланған өзбек босқындарын 2011 жылы тамыз айында жабық түрдегі сотқа тартып, тыйым салынған діни ұйымның жұмысына араласты деген айыппен түрмеге жапты.

«БАСҚА ЕЛДЕР ҚАЗАҚСТАННАН ҮЛГІ АЛСЫН»

Бұл жиында БҰҰ өкілі Сабер Азам әлем және Орталық Азия, соның ішінде Қазақстандағы босқындардың жағдайы туралы мәліметтер берді. Оның айтуынша, Қазақстанда 600-ден астам босқын бар, соның бәрі (99 пайызы) Ауғанстаннан келген азаматтар деуге болады.

Қазақстанның «көптеген босқындарға пана болып отырғанын» айтқан өкіл:

- Үкімет халықаралық нормалар мен стандартты құрметтеп, сақтап отыр.
Өзбекстан билігі кері қайтаруды талап еткен төрт балалы босқын өзбек әйелінің ұлдары. Алматы, 4 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан билігі кері қайтаруды талап еткен төрт балалы босқын өзбек әйелінің ұлдары. Алматы, 4 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Босқындарды заңнамалық-құқықтық жағынан, экономикалық-әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін арнайы механизм жасады, - деді.

БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі «Қазақстанның 2009 жылы босқындар туралы заң қабылдағанын, оны жетілдіру үшін үкіметпен бірлесе жұмыс атқаратынын» да айтып өтті.

- Президент жанындағы адам құқығы бойынша комиссия азаматтығы жоқ адамдарға, босқындар мен оралмандарға арналған арнайы есеп дайындап шығарды. Бұл есеп 2011 жылы әзірленіп, президент әкімшілігінде қаралды. 2012 жылы Қазақстан президенті бұл есепті мақұлдап, өзінің ұсыныстарын да айтты. Бұл адам құқығы бойынша комиссия дайындаған есепті президент мақұлдаған бірден-бір жағдай. Басқа елдер де Қазақстаннан үлгі алғанын қалаймыз, - деді ол.

Қазір БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінде 616 босқын тіркеуде тұр. Оның 70-і баспана сұрап, босқын мәртебесін алуға өтініш берген.

Қазақстанда мұнымен қатар азаматтығы жоқ 7 мың 337 адам жүр. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Қазақстандағы өкілдігі 2000 жылдан 2011 жылдың қыркүйегіне дейін 45 босқынның өз еліне ерікті түрде оралуына, 2006 жылдан 2011 жыл аралығында 777 адамның үшінші елге қоныс аударуына көмектескен.

Ол адамдардың көбі - Шешенстан, Ауғанстан және Ирак азаматтары.

2011 ЖЫЛЫ ӘЛЕМДЕ 800 МЫҢ АДАМ БОСҚЫН БОЛҒАН

"2011 жылы әлемде түрлі қақтығыстардан 800 мыңнан астам адам үйлерін тастап, босып кеткен" дейді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Антонио Гутерриш маусымның 18-і күні жасаған баяндамасында.

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттігінің «2011 жылдағы ғаламдық тенденция» деп аталған есебінде 2010 жылдың екінші жартысында басталған гуманитарлық
Сириялық босқындар лагері маңында ойнап жүрген балалар. Ирак, 8 маусым 2012 жыл.
Сириялық босқындар лагері маңында ойнап жүрген балалар. Ирак, 8 маусым 2012 жыл.
дағдарыстан Кот-д’Ивуар, Ливия, Сомали, Судан сияқты елдерде көп халықтың босып кеткені айтылды.

2011 жылы әлемде 4,3 миллион адам көшірілген, оның 800 мыңы өз елдерінен қашып шыққан.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігінің жоғары комиссары Антонио Гутерриштің айтуынша, «2011 жылы тұрғындардың босып кетуі ең жоғары шекке жетті».

- Біздің мұндай адамдарды қорғау жөніндегі халықаралық жүйе мен босқындар үшін шекараларын ашық қалдырған елдерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - дейді Антонио Гутерриш.

БҰҰ-ның есебінде соңғы он жылда алаңдаушылық тудыратын бірнеше жайттар айтылған.

Оның бірі – босқындар санының 42 миллионнан асуы. Бұл адамдардың 15 миллионнан астамы басқа елдерге босып кеткен, 26 миллионнан астамы өз елінің ішінде көшуге мәжбүр болған, 895 мың адам босқын мәртебесін сұрап отыр.

Екінші - адамдар бірнеше жыл босқындар лагерінде мәселесі шешілмеген жағдайда ұзағынан тұрып қалатын болған. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі
Сирия президентіне қарсы шеруге бара жатқан сириялық босқын. Йордания, 13 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сирия президентіне қарсы шеруге бара жатқан сириялық босқын. Йордания, 13 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
агенттігіне тіркелген 10,4 миллион босқынның 7,1 миллионы босқын мәртебесін алу жөніндегі шешімді бес жылдай күткен.

Босқындардың ең көп шығатын жері - Ауғанстан. 2011 жылы бұл елден 2,7 миллион адам босып кеткен. Одан кейін Ирак - 1,4 миллион адамы сыртта бас сауғалап жүр. Қақтығыс ошағы - Сомалидің 1,1 миллион азаматы, Суданның 500 мың адамы босқын мәртебесін сұраған.

27 мемлекеті бар Еуропа одағында 2011 жылы 277 мың 400 босқын тіркелген. Көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен.

Өнеркәсібі дамыған 44 елдің ішінде босқындарды көп қабылдайтындар - Канада, АҚШ, Франция, Германия және Швеция.

Шығыс Еуропадан пана іздегендердің көбі - Ресей, Украина және Әзербайжан азаматтары. Ал Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропадан пана сұрағандардың көбі - Қырғызстан азаматтары.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG