Accessibility links

Украинада полицияға қарсы қозғалыс күшейіп тұр


Врадиевка тұрғындарының полицияға қарсы акциясын қолдап, көшеге шыққан Харьков халқы. 5 шілде 2013 жыл.
Врадиевка тұрғындарының полицияға қарсы акциясын қолдап, көшеге шыққан Харьков халқы. 5 шілде 2013 жыл.

Украинаның Врадиевка қаласында "полицейлер әйел зорлады" деген хабарға ашуланған халық полиция ғимаратын қиратты. Бұл оқиғадан кейін полицейлердің басқа да қылмыстары тексеріліп жатыр.

Украинаның оңтүстік орталығындағы Врадиевка қаласының тұрғындары бірнеше жылдан бері полицейлердің жүріс-тұрысынан күдіктеніп әрі олардан қорқып келген.

ЖАЗАЛАНБАЙТЫН ПОЛИЦЕЙЛЕР

Тұрғындар наразылығы мамыр айының соңында 29 жастағы Ирина Крашкова өзін екі полиция қызметкері мен бір қала тұрғынының ұрып-соғып, зорлағанын мәлімдегенде басталды. Жүздеген тұрғын полиция ғимаратына шабуыл жасады.

Бұл оқиғадан соң үкімет Ирина Крашкованың шағымын жан-жақты тексеретінін айтып, уәде берді. Күдіктілердің үшеуі де қазір қамауда отыр. Тұрғындардың айтуынша, прокурорлар полицейлердің бұрынғы істерін қайта тексере бастаған. Мәселен, 2011 жылдың қаңтарында 15 жастағы Алина Поркулды зорлап, өлтіріп кеткен. Алинаның әкесі Игорь Поркул Азаттықтың Украина қызметіне екі жағдайдың ұқсайтынын айтып:

- Біздің қызымыз бен Иринаның суреттеріне қарап, шабуылдың бірдей болғанын көресіз. Басынан, сол жақ көзінен ұрған, оң жақ бетін зақымдаған. Ирина аман қалды, ал менің қызымды олар тоғанға лақтырып кетті, - дейді.

"Полицейлер зорлады" деп шағым түсірген Ирина Крашкова. Киев, 2 шілде 2013 жыл.
"Полицейлер зорлады" деп шағым түсірген Ирина Крашкова. Киев, 2 шілде 2013 жыл.
Поркулдың айтуынша, қызын өлтіргендердің саусақ таңбасы қалмаған, тіпті қыздың жеке заттары да жоқ. Бұл «шабуыл жасағандар - өз ісін білетіндер» екенін байқатады.

Аймақтық прокурор Андрей Курис Алина Поркулдың ісін қайта тексеріп жатқандарын растады.

Врадиевка тұрғындары Крашкованың бір полицейді «маскүнем», «садист» деп атайтынын естеріне алды. Олардың ойынша, осы кезге дейін ол адам билікпен байланысы болғандықтан жазаланбай келген.

Алина Поркулдың ісіне қатысты ресми үкім әлі шыққан жоқ. Бірақ 11 күдікті айыптарын мойындаған. Олардың ішіндегі екі адам өзіне қол жұмсап өлді. Украиналық белсенділер «полиция оларды азаптап, қылмысты мойындауға мәжбүрледі» деп санайды.

Прокурор Андрей Курис екі адамның қазасын тексеріп жатқандарын мәлімдеді.

«УКРАИНАНЫ ТӨҢКЕРІС КҮТІП ТҰР»

2011 жылы Поркулдың ісі қаралып жатқанда Александр Пидхурский түрмеде асылып өлді. Ол жеті күн бойы сыртқы дүниемен байланысқа шыға алмаған.

Пидхурскийдің анасы Вера ұлының не үшін ұсталғанын әлі күнге білмейді.

Қарсылық акциясына шыққан белсенділер полицей киімін киіп, қуыршақ құшақтап тұр. Олар осы акция арқылы полицейлерді әйелдерді зорламауға шақырды. Киев.
Қарсылық акциясына шыққан белсенділер полицей киімін киіп, қуыршақ құшақтап тұр. Олар осы акция арқылы полицейлерді әйелдерді зорламауға шақырды. Киев.
- Оны неге алып кеткендерін білмеймін. Мүмкін, бір қағаздарға қол қойғызбақ болған шығар. Соны анықтау керек. Ол маған тек үш күн бойы нәр татпағанын, су ішпегенін айтты. Бесінші күні аздаған ас апарып едім, олар ұлымның қолынан сөмкені жұлып алып, «Біздің айтқанымызды істесең ғана тамақ ішесің» деді, - дейді.

Врадиевка полиция бөлімшесіндегі қарсылық акциясына Вера Пидхурская да қатысты. Ол Украина ішкі істер министрінің орынбасары Виктор Дубовик халықты тыныштандыруға келгенде ұлын тұтқындаған полицейдің оның қасында тұрғанын көріп, жағасын ұстағанын айтады. Пидхурская ішкі істер министрлігіне баласының өлімін тексеру туралы шағым түсірген, бірақ жауап болмаған.

Украина психотерапевтер одағының мүшесі Игорь Слободянюк Азаттыққа «Врадиевкада кенеттен бұрқ ете қалған тұрғындар наразылығы мәселені терең зерттеу қажет екенін көрсетеді» дейді.

- Бұл бірінші жағдай емес. Ол жерде неше түрлі оқиғалар болған. Жергілікті тұрғындар полицейлердің бетіне қарауға қорқатынын айтады. Олар полицейді көрсе, төмен қарап өтетін болған. Яғни халық үреймен өмір сүрді деген сөз. Соншалықты ширығып жүрген халықтың ызасын күшпен шығады, - дейді психолог.

Украина психотерапевтер одағының мүшесі Игорь Слободянюк. Киев, 4 шілде 2013 жыл.
Украина психотерапевтер одағының мүшесі Игорь Слободянюк. Киев, 4 шілде 2013 жыл.
Украина белсенділерінің айтуынша, бұндай жағдай тек Врадиевкада ғана емес. Украинада саясаткерлер мен құқық қорғау органы өкілдерінің қылмысы үшін жауап бермей жүре беретіні халықтың шымбайына батып отыр.

Киевтегі «Бейбіт қарсылық» (For Peaceful Protest) үкіметтік емес ұйымының құқық қорғаушысы Владимир Черемис Украинадағы әлеуметтік шиеленістердің қордаланып, барған сайын күшейіп келе жатқанын айтады.

- Украинада төңкеріс болуы мүмкін. Наразылық акциялары көбейді, оның бәрі әлеуметтік қиыншылықтардан шығып жатыр, - дейді ол.

Черемис1986 жылы Чернобыль апатынан қаза тапқандарға қатысты жақында өткен шеру мен Луганск облысындағы шахтерлердің көтерілісін меңзеп отыр.

ВИДЕО: Врадиевка тұрғындарының полиция ғимаратына шабуылы
Украина: полиция бөліміне шабуыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

Азаттық тілшілері Солонина Евгений мен Кузнецова Иннаның мақаласын өңдеген - Роберт Коалсон. Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG