Accessibility links

АҚШ Минскіні саяси тұтқындарды босатуға шақырды


Беларусь құқық қорғаушысы Алесь Беляцкийдің сот кезіндегі суреті.
Беларусь құқық қорғаушысы Алесь Беляцкийдің сот кезіндегі суреті.
АҚШ Беларусь билігін қамауда отырған құқық қорғаушы Алесь Беляцкий мен өзге де саяси тұтқындарға дереу бостандық беруге шақырды.

4 тамызда Беляцкийдің түрмеге қамалғанына екі жыл толатынын атап өткен АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэри Харф белсендінің Беларусь еліндегі адам құқығын қорғау ісіне және саяси қуғын-сүргін құрбандарын қолдауға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

Бұған дейін ресми Минскіні тұтқындағы Беляцкийді "еш сөзсіз және дереу" босатуға шақырған БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Миклош Харасти "құқық қорғаушының түрмеде отыруы Беларусь елінде адам құқығының тапталып қалғанын көрсетеді" деп мәлімдеген.

Беларусь халық майданы оппозициялық қозғалысын құруға атсалысып, "Вясна" адам құқығын қорғау орталығының жетекшісі болған Алесь Беляцкий 2011 жылы "салық төлеуден жалтарған" деген айыппен төрт жарым жылға бас бостандығынан айрылған. "Халықаралық амнистия" ұйымы оны ар-ождан тұтқыны деп жариялаған.

Былтыр қоғамдық ұйымдар Алесь Беляцкийді Еуропарламенттің Андрей Сахаров атындағы «Ой азаттығы» сыйлығына, Еуропаның бірқатар саясаткерлері Беляцкийді 2012 жылдың Нобель сыйлығына ұсынған еді.
XS
SM
MD
LG