Accessibility links

Назарбаев сайланған әкімдерді құттықтады


Қазақстан президенті "Нұр Отан" партиясының жиынында сөйлеп тұр. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті "Нұр Отан" партиясының жиынында сөйлеп тұр. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Аудандық маңыздағы қалалар, селолық округтер, селолық округтердің құрамына кірмейтін поселкелер мен селолар әкімдері сайлауының қорытындысы бойынша үндеу" жариялады.

Назарбаев үндеуінде жергілікті әкімдер сайлауының өтуін ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиға деп бағалаған. Ол үндеуінде сайлаудың "ашық, әрі демократиялық тәжірибеге толықтай сәйкес өткенін" айтқан.

2013 жылы тамыздың 5-9-ы күндері аралығында Қазақстанда тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтіп, 2 мың 454 әкім сайланды. Ұсынылған кандидаттар саны 7 мыңға жуықтады. Сайлау өткен аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтер, кенттер мен ауылдардағы халық саны 7 мың 500 адамнан астам.

Кейбір елді мекен тұрғындары сайлау қорытындысына наразы. Олардың айтуынша, мәслихат депутаттары дауыс беретін бұл сайлауда тұрғындар ұсынған жергілікті кандидаттар өтпей қалып, басқа жақтан келген азаматтар әкімдік қызметке сайланып кеткен.

Ал оппозициялық саяси күштер әкімдер сайлауына қатыспайтынын мәлімдеген. Кйебір саясаттанушылардың айтуынша, "Олар президент әкімшілігінің қатаң бақылауымен өтетін бұл сайлауда өз үміткерлерін әкімдікке өткізе алмайтынын түсінген".

Азаттық әкімдер сайлауы туралы бірнеше мақала мен сұхбат жариялады. Оларда әкімдерді жергілікті мәслихат сайлайтыны, мәслихаттарда негізінен "Нұр Отан" партиясының өкілдері немесе билікшіл депутаттар отырғаны, сондықтан бұл сайлауға негізінен "Нұр Отан" партиясының кандидаттары қатысқаны айтылады.

Сайланған әкімдердің өкілеттік мерзімі - 4 жыл. Назарбаев үндеуінің соңында сайланған әкімдерді құттықтап, табыстар тілеген.
XS
SM
MD
LG