Accessibility links

Ауыл әкімін сайлаудың «ұлттық ерекшеліктері»


Әкім сайлауы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

Әкім сайлауы.

Жергілікті әкімдерді сайлау туралы заң күшіне енген соң ел бойынша ауыл және аудан әкімдерін сайлау науқаны басталды.

Шілденің 11-і күні Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаев осы ауданға қарасты Таусамалы ауылының әкімдігіне өзі ұсынған үш үміткерді тұрғындармен таныстырды. Ауылдың ортасындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектепте өткен жиынға Азаттық тілшісі қатысып қайтты.

«ЕЛ ІШІНДЕ 2050-ДІ НАСИХАТТАУ»

Азаттық тілшісі барған кезде мектептің акт залына ауыл тұрғындары енді келіп жатыр еді. Алғашқы орындарға жайғасқан егде кісілер осы ауылдағы ақсақалдар алқасының мүшелері болып шықты.

Өзін Исламбек Қамажанов деп таныстырған ауыл ақсақалы Азаттық тілшісіне жиын басталар алдында «Қазақстан президентін қолдайтынын, оның туған күні өткенін де қуаттайтынын, енді 2050-ді ел ішінде насихаттап жүргенін» айтты.

«Бүгінгі жиында ауыл әкімі ұсынатын үміткерлерге келіспесеңіздер өз үміткерлеріңізді ұсына аласыздар ма?» деген сауылымызға «аудан әкімі ұсынған үміткерді қуаттау үшін келіп отырмыз ғой. Заң бойынша үміткерді аудан әкімі ұсынады, ал біз соны қуаттауға тиіспіз» деп жауап берді ол.

Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің Таусамалы ауылының әкімдігіне үміткерлерді таныстыруы. Ортада тұрған Таусамалы ауылының қазіргі әкімі Қайрат Күлембаев. 11 шілде 2013 жыл
Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің Таусамалы ауылының әкімдігіне үміткерлерді таныстыруы. Ортада тұрған Таусамалы ауылының қазіргі әкімі Қайрат Күлембаев. 11 шілде 2013 жыл

Биылғы маусым айының соңында күшіне енген өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес ауыл әкімінің кандидатурасын аудан әкімі әуелі сол ауылда тұратын қоғамдастық жиыны кезінде кеңесе отырып ұсынады. Сосын барып кандидатты аудандық мәслихат сайлайды.

Таусамалы ауылындағы қоғамдастық жиынына жүз қаралы адам жиналды. Залда көп орын бос тұрды. Осыған орай Азаттық тілшісі Қарасай ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Қанат Әлібековтен жиынға жұртшылық қандай жолмен шақырылатынын сұраған еді. Оның айтуына қарағанда бұл жиын туралы алдын-ала ауыл тұрғындарына хабарланған және ешқандай шектеу қойылмаған.

«ҰҚК ТЕКСЕРУІНЕН ӨТУ»

Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаев жиын басында Таусамалы ауылы әкімдігіне үш үміткер ұсынып отырғанын баяндап, «бірінші кандидатым» деп сол ауылдың қазіргі әкімі Қайрат Күлембаевтың аты-жөнін атады.

Содан соң «Еліміздегі гендерлік саясатты қолдау және жүзеге асыру мақсатында» екі әйел адамды: Гүлнар Байғазина мен Назым Қиябекованы үміткерлер қатарына қосқанын» айтты.
Алматы облысы Таусамалы ауылының әкімі қызметіне үміткер ретінде ұсынылған Гүлнар Байғазина (сол жақта) мен Назым Қиябекова (оң жақта). 11 шілде 2013 жыл
Алматы облысы Таусамалы ауылының әкімі қызметіне үміткер ретінде ұсынылған Гүлнар Байғазина (сол жақта) мен Назым Қиябекова (оң жақта). 11 шілде 2013 жыл

Ауылдың қазіргі әкімі, ақсақалдардың ортасында отырған Қайрат Күлембаев пен залдың бір шетінде бөлек отырған ауыл әкімдігінің қызметкерлері Гүлнар Байғазина мен Назым Қиябекова көпшілік алдында таныстырылды.

Әкім өзі ұсынған үміткерлерді таныстырып болған соң залдағы халықтың да басқа үміткер ұсына алатынын түсіндірді. Амангелді Дәуренбаевтің айтуынша, ондай үміткерлерге үш шарт қойылады: жасы 25-ке толған болуы, үш жылдық мемлекеттік қызмет өтілі және жоғары білімі болуы керек. Сонымен қатар ҰҚК мен прокуратура тексерулерінен өтіп, талапқа сай келуі тиіс.

Әкімнің бұл ұсынысын жиналғандар үнсіз қабылдады. Топ арасынан алғаш сөз алған Таусамалы ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Мәдениет Кәркенов «аудан әкімінің ұсынысына іліккен қыздар әкімдікке бүгін өтпесе, келер жолы өтетінін» айта келе ауылдың қазіргі әкімін қолдауға шақырды. Мұнан кейінгі сөйлеушілер де қазіргі әкімді бірауыздан қолдайтындарын айтып жатты.

«ҮШЕУІ ДЕ «НҰР ОТАННАН»

Шамамен бір сағатқа созылған жиын соңында Қарасай ауданының әкіміне сұрақ қойған ешкім болмады. Азаттық тілшісі ұсынылған үміткерлердің қай партиядан және Қарасай ауданының мәслихатының депутаттары қандай партиялардан құралғанын сұрады.

Қарасай ауданы әкімінің айтуынша, «ұсынылған үміткерлердің үшеуі де «Нұр Отан» партиясынан. Ал аудандық мәслихаттағы 20 депутаттың бәрі де «Нұр Отан» партиясының мүшесі» болып шықты.

Өзін-өзі басқару заңындағы әкім

ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЗАҢЫНДАҒЫ ӘКІМ

Сайлану реті


  • Толықтырылған жаңа заң бойынша сайланатын шағын қала мен ауыл әкімінің кандидатурасын өзінен жоғары тұрған лауазымды билік иесі мәслихатқа ұсынады.
  • Мәслихат ұсынылған кандидатураны үш рет бекітпей тастаса, президент ол мәслихатты таратып жіберуге құқылы.
  • Сайланған әкімге мәслихат басым көпшілік дауыспен сенімсіздік білдіре алады. Президент сенімсіздік білдіру туралы ұсынысын қабылдамай тастаса, мәслихат алты айдан соң қайыра сенімсіздік таныта алады. Сонда барып президент әкімді қызметінен босатады.

Құзыреті

  • Өз ауданы, я ауылдық округіндегі әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарап, әкімшілік жазаға тарта алады
  • Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін жоспарлап, жұмсай алады
  • Мәслихат пен жергілікті қоғамдастық жиынының шешімімен санасып отырады

Аудан әкімі ауыл әкімдігіне «Нұр Отан» партиясынан басқа партиялардың мүшелерін де ұсынуы мүмкін бе?» деп те сұраған едік. «Партиясына, жынысына, ұлтына қарамастан заң талаптарына сай келетін кез-келген азамат әкім болуға құқылы» деген ресми жауап естідік.

Жиыннан кейін тарап кеткен ауыл тұрғындары ауыл әкімін сайлау мәселесі туралы пікірлерін айтуға құлықсыз болды. Әбіләшім Есбаев деген ауыл қариясы «Нұр Отаннан» басқа партияларды білмедім. Олар бұл жұмысқа көп араласпаған да болуы мүмкін» деді.

Ал ауыл әкімдігіне үміткер ретінде тіркелген Гүлнар Байғазина болса бұл қызметке өзінің бәсекелесі, қазіргі әкім Қайрат Күлембаевты лайықты деп санайды екен. Назым Қиябекова өзінен басқа екі үміткерді де қолдайтынын айтты. «Сонда сайлауға түсіп тұрып өзіңіздің әкім болғыңыз келмей ме?» деген сауалға ойланып қалды.

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң 2013 жылы маусым айының соңында күшіне енген.

Осыған байланысты шілденің 10-ы күні орталық сайлау комиссиясы тамыз айында өтетін ауыл және аудан әкімдерін сайлау барысы туралы хабарлаған еді. Оның айтуынша, ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Оның 47-сі - аудандық маңызы бар қалалардың, 2101-і - селолық округтердің, 119-ы - ауылдардың, 190-ы - селоның әкімдері.

Заңға сәйкес әкімдікке кандидаттарды аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кеңесіп барып мәслихатқа ұсынады. Әкімдерді жергілікті аудан, я қалалық мәслихат депутаттары сайлайды. Сайлау тамыздың 5-і мен 9-ы аралығында өтеді. Сайлау кампаниясы - әкімдерді сайлау мен оның нәтижесін шығару бір айға дейін созылады.
XS
SM
MD
LG