Accessibility links

Ақорда советтік салт-дәстүрдің кейбірін қайта жаңғыртпақ па?


Президент Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында. 20 қазан 2010 жыл.
Президент Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында. 20 қазан 2010 жыл.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуір күнгі 17-сессиясында президент Назарбаев 1 мамырды жаңа форматта атап өту керегін айтты.


Президент Назарбаев орысшадан сөзбе-сөз аударғанда былай деп мәлімдеді: «Биыл біз 1 Мамырды тұңғыш рет жаңа форматта атап өтеміз. Бүкіл Қазақстанда жаппай шерулер, патриоттық шерулер өтеді. Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің еліміздің барлық этносын жақындатуға тиіс. Бұл – 20 жыл ішінде құрылған біздің ортақ үйіміз, туған Қазақстанның ең басты мерекесі болады».

1 мамырды елдегі барлық ұлттар достығының жаппай шеруі мейрамына айналдыру керектігін президент Назарбаев алғаш рет Ассамблеяның 2010 жылғы 16-сессиясында да айтқан болатын.

Егер бұл совет дәуірінен қалған дәстүр болса, жаппай және патриоттық шерулердің «жаңалығы» неде? Бұрынғы советтік салт-дәстүрдің кейбірін қайта жаңғырту – Қазақстанды осы күнге дейін бұрынғы партия мен комсомол көсемдерінің билеп келуінің салдары емес пе? Бірінші мамырдағы жаппай шерулерге халық бұрынғы дәстүрмен күштеп, мәжбүрлеп шығарылмай ма немесе, бұрынғы советтік дәстүрге сәйкес, халықтың жаппай шеруі – билік басындағы президенттің жеке басына табынудың немесе елбасын ұлықтаудың көрінісіне айналмай ма?

Міне осы сауалдарды Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелінде талқылайды. Пікірсайысқа қатысқандар: Ғарифолла Есім – сенатор, Сенатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша комитетінің мүшесі, Ермұрат Бапи – оппозициялық журналист әрі «Тасжарған» газетінің бас оқырманы, Серікбай Әлібаев – оппозициялық саясаткер, Парламент Мәжілісінің екінші құрамының депутаты, Жанболат Мамай – «Рух пен тіл» жастар клубының жетекшісі.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.

«БҮКІЛ ҰЛТТЫҢ БІР ҒАНА ӘКЕСІ, БІР ҒАНА КӨКЕСІ»

Жүргізуші:

– Президент Назарбаевтың сөзі бойынша, биылғы 1 мамыр – тұңғыш рет, қайталап айтамын – «тұңғыш рет» жаңа форматта, яғни «жаппай және патриоттық шерулермен атап өтіледі». Мұндай жаппай және патриоттық шерулердің «жаңалығы» неде? Тәуелсіздікке дейін Қазақстанда мұндай шерулер болған жоқ па еді?

Құрметті мырзалар, әуелі президенттің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың Азаттықа берген жауабын тыңдайық.

Ермұхамет Ертісбаев:

– Бұл бұрынғы совет дәстүрі бойынша еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні болатын. Совет халқы үшін мемлекеттік-абстрактылы мейрам еді...

Бірақ, бұл партияның бақылауы бойынша, әкімшілік-әміршіл әдіспен
Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
ұйымдастырылатын. Ал мына президент [Назарбаев] айтып тұрған мереке – нақты сезінетін шара. Бұл – Қазақстан халықтарының бірлік күні. Көпұлтты қазақстандық халық тұтас сезінетін бағалы құндылық.

Сондықтан да мен бұл идеяны қодлаймын. Өте қызық, жалпы алғанда. Қазақстандықтардың көпшілігі де президенттің бұл идеясына дұрыс қарайды деп ойлаймын.

Жанболат Мамай:

– Қазақстан халық ассамблеясы қандай да бір қажеттіліктен туындаған, ұлтаралық мәселелерді шеше алатын ұйым деп есептемеймін. Меніңше, асссамблея ұлтаралық мәселелерді емес, жеке басқа табыну үшін, бір адамның билігін ұзарту үшін құрылған. Мәселен, 1995 жылы референдум өткізу мәселесін де, 2010 жылы президенттің өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы да ассамблея көтерді.

Президенттің тілге қатысты сьезде айтқан «Бір тілден екінші тілдің үстемдігі болмау керек, қазақ тілі мәселесінде асыра сілтеу болып жатыр. Біз бұған
...мұның барлығы ассамблеяның бір адамның көңілі үшін құрылғандығын көрсетіп отыр
қарсымыз» дейтін пікіріне аталған ұйымның бірде-бір мүшесі, мемлекет құрушы ұлттың, мемлекеттік тілдің көсегегесіен көгертетін өзге ұлт өкілдері де ассамблеядағы қазақ ұлтының өкілдері де өзіндік көзқарасын білдірмеді. Яғни мұның барлығы ассамблеяның бір адамның көңілі үшін құрылғандығын көрсетіп отыр.

Мамырдың 1-і шеру жасау – сол советтік дәуірді қайтадан қалпына келтіру, біріншіден. Екіншіден, осындай шерулер Солтүстік Кореяда өтеді, Кубада өтеді. Яғни, бүкіл ұлттың бір ғана әкесі бар, бір ғана көкесі бар деп көрсету үшін осындай жүйелер құрылған мемлекеттерде ғана өткізіледі. Мысалы, ұлтаралық қатынастарды дәріптейтін шерулер неге АҚШ-та, болмаса басқа өркениетті елдерде өтпейді. Өйткені оларда жеке басқа табыну жоқ.
Бұл кісінің «Ұлт көшбасшысы» деген атағы бар. Бірақ қай ұлттың, қазақ ұлтының ба, әлде қазақстандық ұлттың ба? Ол жағы әлі түсініксіз.

Ермұрат Бапи:

– Президенттің ұсынып отыраған жаңа үлгідегі шеруі – ескіге оралу, оралғанда ескінің жаман, анау 1940-1950 жылдардағы жеке басқа табыну
Ермұрат Бапи, журналист. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
үлгісіне оралу болып табылады.

Халықтың патротизмін оятамыз деп «шеру өткізу» бастамасының түп негізінің өзі шикі нәрсе. Халықтың отаншылдық сезімін шеру өткізу арқылы емес, асқазанын толтыру, тамағын тойдыру арқылы оятса, онда халық шеруге шын көңілмен шығар еді. Ал елде әлеуметтік жағдай түзелмей, әділеттілік орнамай жатып, халықтың патриоттық сезімі қаулап өсіп кетеді дегенге менің күдігім бар.

Сондықтан шерудің ең басты мақсаты – елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау деген биліктің идеясын, сол идеяның көкесі Назарбаевты насихаттаудың бір көрінісі болып қала береді.

Серікбай Әлібаев:

– Бұрын 1 мамырды «Ынтымақтастық, еңбекшілдердің күні» деп айтатынбыз. Қазір оны «Халықтың бірлігі күні» дейді. Бізді қай мәселе біріктіріп отыр. Әлеуметті мәселе ме, ұлттық мәселе ме, әлде трайбализм бе?

Сондықтан да бұл меніңше, биліктің манипуляциясы. Мысалы, 3 сәуірде президенттің кезектен тыс сайлауы өтсе, 8 сәуірде инаугурация болды. Онан
Дүкенде қарақұмықтың келісі 600-700 тенге. Сондықтан той – халықты басқа мәселелерден алдарқату. Көзбояушылық.
кейін лезде ассамблеяның кезекті съезін өткізіп, сонда «Біз енді 1 мамырды керемет тойлауымыз керек» дейді. Қазір Қазақстан тойдың ортасы болып кетті. Ал, халықтың жалпы жағдайы өте қиын. Егер халқымыздың сегіз миллионы жұмыс істеуге қабілетті болса, соның үш миллионы жұмыссыз. Баға күннен күнге өсіп жатыр. Дүкенде қарақұмықтың келісі 600-700 тенге. Сондықтан той – халықты басқа мәселелерден алдарқату. Көзбояушылық.

Ғарифолла Есім:

– Көктемдегі 1 мамыр мерекесі біздің еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуге тиіс деп жазылған. Мәселенің түп қазығы, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдағы жүріп өткен жолдарын - бір елде, бір үйде тұратын адамдар болып тойлап өтсек деген идея. Ортақ үйдің ортақ мейрамы.

Құдайға шүкір, Алла тағаланың арқасында, елбасының арқасында, сонан
Құдайға шүкір, Алла тағаланың арқасында, елбасының арқасында, сонан кейін қазақ халқының...
кейін қазақ халқының бейбітсүйгіштігінің арқасында аман-есен бейбіт өмір сүріп отырмыз. Балаларымыз, немерелеріміз оқуға барады. Таңертең кетеді, кеш келеді. Қайғырмаймыз. Күзет қоймаймыз.

Сондықтан, осындай жиырма жылда жеткен құндылығымызды неге бірігіп тойламасқа.

Мен сізге айтайын, 1991 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 700 доллар ғана болды. Қазір 9 мың долларға келіп отырмыз.

Серікбай Әлібаев:

– Сенатор мырзаның жамыратып айтқан пікіріне менде жамыратып бір пікір айтайыншы. Жиырма жылдық құндылықтарымыздың мынандай нәтижелері бар. Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда сүт және ет өнімдерін тұтыну 68 пайызға құлдилаған.

Ал, адам басына шаққанда, тоқсаныншы жылы бір адам жыл бойы 228 жұмыртқа тұтынса, қазір 58 данадан аспайды. Бұдан жиырма жыл бұрын әр адам жылына 87 кг картоп тұтынса, қазір жылына 48 кг картоп жейді. Нан өнімдерін пайдалану да 83 пайызға төмендеген. Тек ет жеуден ғана тоқсаныншы жылдардағы деңгейді сақтап қалыппыз. Сонда жиырма жылдағы осындай кері көрсеткіштер қандай құндылықтың негізі болады.

Ғарифолла Есім:

– Сіз айтып отырған көрсеткіш - социализмнің көрсеткіші. Олай болса, социализмде қалып, тәуелсіздікке келмеу керек еді.

«СТАЛИННІҢ КЕЗІНДЕ...»

Жүргізуші:

– Құрметті мырзалар, келесі сауалмен таныстырардан бұрын мен тағы да президенттің кеңесшісі Ермұхамет мырза Ертісбаевтың Азаттыққа айтқан пікірін тыңдап көруді ұсынамын. Оның әңгімесінен қандай сауалды талқылайтынымызды түсінесіздер.

Ермұхамет Ертісбаев:

– Жеке басқа табыну кезінде балама көзқарас болған жоқ. Жаппай қудалау болды. Жаппай қорқыту-үркіту болды. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанда жоқ. Ешқандай да Назарбаевтың жеке басына табыну жоқ.

Оны [Назарбаевты - Азаттық] ашық сынай аласыз. Сталиннің кезінде оны шетелде жүріп те сынау қауіпті болатын. Ол шетелде де өзінің жаулары мен саяси бәсекелестерін тауып алып жазалай алатын.

Жүргізуші:

– Совет заманында мамырдың 1-індегі жаппай шерулерге халықты күштеп, мәжбүрлеп шығаратын. Және тарихтан мәлім бір жайт – шеруге халық коммунистік партияның Кремльде отыратын көсемдері мен әр республикалық компартия басшыларының портреттерін көтеріп шығатын. Егер бүгінгі Қазақстан президенті – кешегі советтік Қазақ ССР-інің ең соңғы партия жетекшісі болғанын ұмытпасақ, тәуелсіздік тұсында қайта жаңғыратын жаппай патриоттық шеруге жұрт қолдарына не ұстап шығуы мүмкін?

Жанболат Мамай:

– Мүмкін, қазір қолдарына президенттің портреттерін ұстап шықпайтын шығар. Дегенмен, әр көшенің бұрышында, республиканың түкпір-түкпірінде қазіргі «көсеміміздің» суреті ғана ілініп тұрғанын көріп жүрміз. Әсіресе, сайлау
Жанболат Мамай, «Рух пен тіл» жастар клубының жетекшісі. Алматы, 9 наурыз 2011 жыл.
кезінде. Ал сайлау жоқ кезде жолдауда айтқан сөздері ілініп тұрады.

Сондықтан да басты мәселе – президенттің суретін алып шығу-шықпауда емес. Бүкіл халықты дүрбелеңге салып, шеруге алып шығудағы басты мақсат, басты идея – бір адамды ұлықтау. Қазіргі ассамблеяның мәңгілік төрағасын, біздің «елбасымызды» ұлықтау деп білемін. Бұған кім шығатыны да белгілі. Әкімшіліктің, «Нұр Отан» партиясының күштеуімен, солардың қысымымен шығатын бюджет саласының қызметкерлері, мұғалімдер мен ұстаздар, студенттер. Бірақ бұл ұлтаралық татулықты күшейтуге, ұлтаралық араздықты шешуге ешқандай да ықпалын тигізбейді.

Жүргізуші:

– Серікбай мырза, совет дәуірінде партия көсемдерінің портреттерін, партия қойған 5 жылдық жоспарды мерзімінен бұрын асыра орындаған «жетістіктерін» көрсететін транспаранттар көтеріп шығатын. Ал бұл жолы қалай болмақ?

Серікбай Әлібаев:

– Бұл – президенттің тағы бес жылға тағайындалған тойы. Халықтың бірлігіне қатысы болмайды. Бұл той – тойып секіргендердің тойы.
Мен Ертісбаевтың сөзімен келіспеймін. Қазір де көбісі ас үйде сөйлеседі. Тыңдау да бар. Жоғарғы соттың үш өкілін тыңдау арқылы сотқа тартып жатыр. Бұл – бұрынғы отыз жетінші жылға әкеліп соғып жатқан сияқты.

«Елбасы» дейді. Оның өзі конституцияға сай келмейді. Қазіргі депутаттардың ұяты болса, конституциялық кеңес олардың шешімін жоққа шығарғаннан кейін тарап кету керек еді.

Жүргізуші:

– Сенатор мырза, тәуелсіз экономистер мен оппозиция сарапшыларының мәлімдеуінше, тәуелсіздіктің өткен 20 жылы ішінде Қазақстан жалпы ішкі өнім көлемі мен жалпы халықтың әлеуметтік әл-ауқаты жағынан тіпті 1990 жылдардағы белесіне де жете алмапты. Сонда жаппай шеруге халық нендей жетістігін мақтан етіп шығуы мүмкін?

Ғарифолла Есім:

– Бір қоғамнан екінші қоғамға шығудың қиыншылығы бар. Қайтадан аяқтан тұру бар. Ол мәселені шатастырмау керек.

Екіншіден, жеке басқа табынушылық, қуғындау, анау-мынау деп отырмыз. Ал осы Секең де, Мамай мырза да, Ермұрат та Қазақстанда өмір сүріп жатыр ғой. Осылардың ешқайсысын қуып жатқан жоқпыз. Кезінде Сталинді жамандасаң қуғындаласың, 20 жылға кетесің, сондай толып жатты ғой.

Бізде «Дат», «Свобода слова», «Республика» «Взгляд» шығып жатыр. Жазбайтыны, айтпайтыны жоқ. Телеканалдар бар. Мысалы, мына жерде мен былай айтып отырмын, үш кісі былай сөйлеп отыр. Олар осы сөзі үшін ешқашан да қорықпайды. Ешкім жазаламайды.

Ермұрат Бапи:

– Шеруге шығатындардың қолдарына қандай плакат ұстап шығатындарын қазір де білуге болады. Егер шеруге шығатындар қолдарына Абылай ханның, Қабанбай мен Бөгенбайдың, Жәнібек пен Керейдің, Алаш арыстарының, Мұстафа Шоқайдың суреттерін алып шықса, олардың арасында Назарбаевтың суреті болса, мен оған разы болар едім. Өйткені осылардың барлығы қазақтың ел болуына еңбек сіңірген адамдар. Тек соңғы жиырма жылда бір адам ғана шекарасын сызып берген жоқ.

«ҚҰЛДЫҚ РУХ» ПЕН «ЖАҚСЫ СӨЗ»

Жүргізуші:

– Біздің радиомыз хабарлағандай, сәуірдің 21-інде Украина парламенті – Жоғарғы рада – екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні мен соған байланысты өзге мереке күндері мемлекеттік тумен қатар Совет одағы коммунистік партиясының туын ілу туралы заң қабылдады.

Одан бұрын Ресейде Владимир Путиннің тұсында жеңіс күні меркесінде Мәскеудегі Қызыл алаңда әскери шеру өткізу салты қайта жалғасты. Қазақстанда әскери шеру Конституция күнінде өткізілетін болды.

Ал Қазақстанда «жаппай патриоттық шерудің» қайта орала бастауы бұрынғы совет республикаларын кешегі партия мен комсомол көсемдерінің немесе КГБ өкілдерінің билеп келуінің салдары емес пе?

Ермұрат Бапи:

– Біздің биліктің басында анау партиядан, комсомолдан қалған адамдар көп емес. Назарбаевпен төрт-бесеу шығар. Бірақ солардың мұрасы қалып отыр. Себебі құлдық рух тазаланбағандықтан советтік, социалистік дәстүрдің бәрі жұқпалы ауру сияқты тез жұға салатын жағдайға тап болдық.

Мәселен 22 сәуірде Өзбекстан президенті шеруге байланысты жарлық шығарды. Сонда осы 1 мамыр мерекесі мен 9 мамыр мерекесінде елге еңбегі сіңгендер мен соғыс ардагерлеріне бір реткі сыйақы ретінде 300 мың сом тағайындады.

Егер біз шеруге шығынданғанша осындай ардагерлер мен еңбегі сіңген азаматтарға әлеуметтік көмегімізді тигізсек, тиімді болар ма еді деп ойлаймын.

Ғарифолла Есім:

– Біздің елбасы ескі социалистік ұғым-түсініктерден, марксистік терминдерден кеткен адам. Керісінше біздің журналистерде осы ескі лексикалар толып жүр. Өткеннен бүгінге өту үшін арада көпір керек. Сол көпірде сабақтастьқ болады. Бізде елуден асқан адам қанша. Олар сол өмірден мынау өмірге келе жатыр. Соларды көпірден ақырын-ақырын өткізіп жіберу керек емес пе.

Сондықтан бір күнде «мынау мейрамдар советтік екен» деп лақтырып тастауға болмайы. Оның үстіне ол мейрамдардың мазмұнын, мағынасын өзгертіп отырмыз. 1 мамыр – жаңа қазақ елінің жаңа мерекесі. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Жақсы тілек, жақсы сөз айту керек.

1 мамыр мерекесі – халықтардың, этностардың басын біріктіретін, адамдардың әңгімелесіп, сұхбаттасатын күні. Оған бөгет болуға болмайды.

Серікбай Әлібай:

– Біз әлі егемен ел болған жоқпыз. Бір жағынан Қытайға, бір жағынан Ресейге алаңдаймыз. Сондықтан да Ғарифоланың айтқандарымен келісе алмаймын. Өйткені бұрынғы партияның, комсомолдың қызметкерлері билікте бүгін де бар. Қазірдің өзінде компартия секілді бір «Нұр Отанды» құрып, «Нұр Отан» парламент, «Нұр Отан» министр, «Нұр Отан» әкім болып отыр. Осы қалыпқа Нұрекеңнің өзі салып отыр. Бұл – бұрыннан келе жатқан ауруымыз.

Ғарифолла Есім:

– «Қазақ елінде тәуелсіздік орнамады» деген сөз болмайды. Дүниежүзінің барлық өркениетті елдерімен байланысқа түскен елміз. Егер бізде тәуелсіздік болмаса, анау бізбен байланысқа түскен өркениетті елдер үшін кінә болып шығады. Қазақ елі – тәуелсіз ел. Бұл – басты құндылық. Кемшіліктер туралы айтуға болады. Бірақ басты құндылық – тәуелсіздікті жоққа шығаруға болмайды.

Жүргізуші:

– Құрметті мырзалар, осымен Азаттық радиосы алдағы 1 мамыр мерекесіне арналған өзінің кезекті дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірсайысқа қатысқандарыңыз үшін сіздерге рахмет. Сау болыңыздар!
XS
SM
MD
LG