Accessibility links

«Жаңаөзендегі азаптау оқиғаларын тексеру қиын»


Open Dialog Foundation ұйымының президенті Людмила Козловска мен ұйымның басқарма төрағасы Бартош Крамек Азаттықтың Қазақ қызметінде сұхбат беріп отыр. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.
Open Dialog Foundation ұйымының президенті Людмила Козловска мен ұйымның басқарма төрағасы Бартош Крамек Азаттықтың Қазақ қызметінде сұхбат беріп отыр. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.

Open Dialog Foundation ұйымының президенті Людмила Козловска Азаттық тілшісімен сұхбатында «Еуропа Одағы Қазақстаннан адам құқығын құрметтеуді талап етеді» дейді.

Польша астанасы Варшава қаласында орналасқан Open Dialog Foundation («Ашық Диалог Қоры») халықаралық үкіметтік емес ұйымы Жаңаөзен оқиғасынан бері Қазақстанда адам құқықтарының сақталу барысын зерттеп келеді. 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзендегі мұнайшылар шеруін тарату кезінде 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алған еді.

Open Dialog президенті Людмила Козловска мен ұйымның басқарма төрағасы Бартош Крамек Азаттыққа берген сұхбатында «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер» ісі бойынша сотталған адамдар туралы ақпарат алудың қиындығын, азаптау туралы шағымдарды тексерудің мүмкін емес екенін және еуропалық институттарда Қазақстанға қатысты қандай шаралар қолданылатыны жайында әңгімелейді.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ШАҒЫМДАРДЫ ТЕКСЕРУ

Азаттық: Батыс саясаткерлері Жаңаөзенге байланысты қандай жайттарды білгісі келеді? Бұл оқиғаға назар аударылып отыр ма?

Open Dialog Foundation ұйымының президенті Людмила Козловска. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.
Open Dialog Foundation ұйымының президенті Людмила Козловска. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.
Людмила Козловска: Қазақстан мұнайшылардың жағдайын жақсарту үшін бірқатар реформалар жариялағандықтан, бұл тақырып Еуропаның назарын аударып отыр. Билік Жаңаөзенді «косметикалық жөндеуден» өткізуге тырысты, бірен-саран өзгерістер болды.

Бірақ сотта «азаптауға ұшырадық» деп мәлімдеген адамдар әлі түрмеде отыр, олардың жаза мерзімі өзгермеді. Олар – Таңатар Қалиев, Роза Төлетаева және түрмедегі азаптаулар туралы ашық айтқан басқа да азаматтар. Олардың тағдыры туралы мәселені біз Еурокомиссияда, Еуропарламентте, депутаттық сауалдар арқылы да жиі көтереміз. Испания, Италия, Франция елдерінің парламенттерінің назарын да бұл мәселелерге аударуға тырысамыз. Ал Польша мен Германия - онсыз да мұндай мәселелерге үнемі назар аударып отыратын елдер.

Азаттық: Қазір сіздер Қазақстанда кімдердің азаптау туралы шағымын тексеріп жатырсыздар?

Людмила Козловска: Бұл жайында өткен жылдың маусымында есеп әзірледік. Ол есепте көрсетілген жайттар әлі де өзекті. Тізімге кірген әр істі тексеруді жалғастыра береміз. Біз Қазақстандағы адам азаптау туралы шағымдарды халықаралық деңгейде тәуелсіз тексеруге шақыруды тоқтатпаймыз. Александр Боженконың («Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер» ісінде куәгер болған азамат) өліміне қатысты жайттар мүлде тексерілмеген. Бұл - азаптауға ұшыраған адамдарды қудалаудың айқын мысалы.

Азаматтық белсенділер Жаңаөзен сотында куәгер болған Александр Боженконы еске алып, шырақ ұстап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2012 жыл.
Азаматтық белсенділер Жаңаөзен сотында куәгер болған Александр Боженконы еске алып, шырақ ұстап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2012 жыл.
Қор өкілдері Боженкомен сөйлескен еді. Біз оның ағасымен, әріптестерімен де кездестік. Түнгі сағат екіде арақ сатып алуға бармағанын білеміз. Оның өліміне қатысты тергеудің тым шапшаң жүргізілуі де, әлдебір адамдардың қылмысты мойындай салуы да күдік тудырады.

Азаттық: Азаптау туралы мәлімдегендердің тізімінде тағы кімдер бар?

Людмила Козловска: Көбі - мұнай-газ секторының жұмысшылары, «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер» ісі бойынша сотталған азаматтар мен куәгерлер. Мысалы, біздің ұйымға «түрмедегі тұтқындар өздерін жаралап тастады» деген ақпарат түседі. Бірақ бақылаушыларымыз түрмеге барып, бұл ақпаратты тексере алмайды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЗАПТАУ ТҮРЛЕРІ

Азаттық: Қазақстан түрмелерінде азаптаудың қандай түрлері бар екені айтылады?

Людмила Козловска: Ең көп тарағаны – полиэтилен пакетпен тұншықтыру, темір шыбықпен дүрелеу, 20-30 градус аязда үстінен суық су құю, шашынан төбеге іліп қою. Мысалы, Роза Төлетаеваны осылай азаптаған. Жыныстық сипаттағы азаптау, жаппай зорлау. Ұзақ уақыт тік тұрғызып қояды немесе жалаңаш еденнің, тіпті мұздың үстінде ұйықтатады. «Балаларыңды зорлаймыз» деп қорқытады. Таңатар Қалиев пен Роза Төлетаеваға осындай қоқан-лоққы жасалған. Боженко бізге «темір шыбықпен аяусыз соқты, үстіме шығып секірді» деген еді.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Роза Төлетаева (ортада). Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Роза Төлетаева (ортада). Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы.
Құрбандардың барлығы өздерін азаптаған жандардың аты-жөнін біледі. Олардың айтуынша, адам азаптаушы полицейлер, түрме немесе ҰҚК-нің қызметкерлері есімдерін жасырмайды. Аты-жөндері сот кезінде аталғанымен, оларға қатысты ешқандай тергеу жұмыстары жүргізілмеді.

Бартош Крамек: Тұтқындардың туыстарын да қорқытып, үркітеді. Роза Төлетаеваның қызы «Жаза мерзімі аяқталғанша анам өліп қала ма деп қорқам. Ол ауырады, бірақ оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмейді» дейді. Польша адвокаттары келіп кеткен соң, Қазақстан Роза Төлетаеваға дәрігер шақыртқан. Келген дәрігер дене қыздыратын жақпа май пайдалануға кеңес беріпті.

Бізге Қазақстандағы кейбір жергілікті бақылау ұйымдарының есептерін көрсетті. Әлгі есепте «Роза Төлетаеваның жағдайы жақсы» деп жазылған, бірақ онымен кездесуге рұқсат етпеді. Алаңдайтын жайттар бар. Роза Төлетаева қызы арқылы шашын сараптамадан өткізуге беріп жіберді. Ресейлік сараптама «шаш күшпен жұлынған» деген қорытынды шығарды.

«ЖАНДЫ ЖЕР»

Азаттық: Сіздер «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер» ісі бойынша сотталып, биыл үкімдері шартты жазаға ауыстырылған алты адаммен сөйлестіңіздер ме?

"Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер" ісі бойынша айыпталған азаматтар сотта отыр. Ақтау, 27наурыз 2012 жыл.
"Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер" ісі бойынша айыпталған азаматтар сотта отыр. Ақтау, 27наурыз 2012 жыл.
Людмила Козловска: Сөйлесуге тырысып едік, олар бас тартты. Неліктен екенін түсінеміз. Ешкімнің түрмеге қайта түскісі келмейді.

Тұтқындардың отбасыларымен байланыс орнаттық. Бірақ аты-жөнін атай алмаймыз. Олар өздерінің, туыстарының өмірі үшін қауіптенеді. Жаңаөзен Қазақстанның жанды жері болып қала береді. Келешекте мұндай қалалар көбейеді.

Жаңаөзен мұнайшыларына үкім шыққан сәттен бастап біз екі түрлі есеп жүргізуге мәжбүрміз. Бірін жариялаймыз, екіншісін - көлемдірек есепті шешім қабылдайтын немесе жағдайға ықпал ете алатын нақты тұлғаларға жібереміз. Бұрын Қазақстаннан біреуді Еуропаға шақыру қиын емес еді. Қазақстандықтар қуана-қуана келетін, енді қуғынға ұшыраудан қорқып мүлде келмейтін болды.

Азаттық: Ал өздеріңіз қысым көрдіңіздер ме?

Людмила Козловска: Иә, Варшавада ізімізден аңдиды. Бізді ашықтан ашық фотосуретке түсіреді. Соңымызда аңду барын көрсеткілері келеді. «Жаңаөзен туралы маңызды ақпаратты хабарлағымыз келеді» деген сылтаумен маған телефон соқты. Көпшілік жиналатын жерде кездесуге келісіп, келіп едім, олар маған Әблязов туралы сұрақтар қойды. Әлгі адам кейін Польшаның саясаткерлерімен кездесуге тырысыпты.

МҮДДЕ ҚАЙШЫЛЫҒЫ

Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында отыр. Берлин, 8 ақпан 2012 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында отыр. Берлин, 8 ақпан 2012 жыл.
Азаттық: Батыстың құқық қорғаушы топтары әлем жетекшілерін Қазақстанмен іскерлік қатынастарды дамытуда алдымен трансұлттық компаниялардың мүддесін ойламай, елдегі адам құқықтарына қатысты мәселелерді назарда ұстауға шақырады.

Людмила Козловска: Бұл сынмен келісемін. Дәл осы себепті біз Қазақстан мен Еуропа Одағының (ЕО) әріптестігі туралы келісім-шарттарда нақты пункттер жазылғанын талап етеміз. ЕО-мен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа отыру үлкен абырой саналатындықтан, бұл – Қазақстан үшін, президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін аса қажет құжат.

Бұл мәселеге қатысты біржақты позицияны ұстанатын Еуропарламент алдымен Роза Төлетаева, Вадим Курамшин, Владимир Козлов, Талғат Сақтағанов сияқты саяси тұтқындарды босатуды талап етеді. Екінші шарты – заң шығару ісінде реформа жүргізу, әлеуметтік араздық туралы қылмыстық бапты жою. Бірақ Қазақстан адам құқықтарына қатысты пункттермен келіспей, бұл келісімдерді әзірше тоқтатып қойды. Сол кезде Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары бойынша қарары шыққан еді.

Бартош Крамек: Біз ЕО-мен әлі толық келісім орната алмаған Қазақстанның Испания, Франция және Италиямен арадағы екі жақты келісімдерді пайдаланатынын байқадық.

Open Dialog Foundation ұйымының басқарма төрағасы Бартош Крамек. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.
Open Dialog Foundation ұйымының басқарма төрағасы Бартош Крамек. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.
Тіпті Еуропаның белгілі бір аймақтарымен, қалаларымен келісімдер бар. Қазақстан мұндай келісімді Францияның Ницце қаласымен жазда, Мұхтар Әблязовті тұтқындар алдында бекіткен.

Бізді Еуропаның саяси қайраткерлер, оппоненттер бас сауғалайтын қауіпсіз аймақ болудан қалғаны қынжылтады. Интерполды пайдалану мен екіжақты келісім-шарттардың жасалуы ондай адамдарды Еуропада да қуғындауға болатынын көрсетеді.

Азаттық: Сұхбат бергендеріңіз үшін рахмет.
XS
SM
MD
LG