Accessibility links

Путин: АҚШ химиялық қару туралы дәлелін көрсетсін


Ресей президенті Владимир Путин. 26 тамыз 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. 26 тамыз 2013 жыл.
Сенбі күні Владивостокта журналистердің сұрағына берген жауабында Ресей президенті Владимир Путин Сирияда үкімет әскері химиялық қару қолданған деген хабарды «ақылға қонымсыз» деп атады.

«Сирия армиясы шабуылдап келе жатқан жағдайда Сирия үкіметі химиялық қару қолданды деу – ақылға симайтын бос сөз. Егер Сирияның үкімет әскері химиялық қару қолданғаны туралы бұлтартпас дәлелдер болса, АҚШ оны БҰҰ инспекторларына және БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне көрсетсін» деп мәлімдеді Путин.

Жұма күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри 21 тамызда Дамаск төңірегінде 1429 адамның (арасында 426 бала бар) өмірін қиған химиялық шабуылды Сирия президенті Башар Асадтың армиясы қолданғанын америкалық барлау мәліметі растады деп мәлімдеген. Дамаск оны «жалған айыптау» деп жоққа шығарды.

АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қарсы «шектеулі әскери операция» жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын, бірақ әзірше түпкілікті шешім қабылдамағанын айтқан.

Бейсенбі күні Ұлыбритания парламенті Сирияға әскери операцияға бастауға қарсы шешім қабылдаған соң Ақ үй өкілі Кэйтлин Хэйден «АҚШ өз мүддесін басшылыққа алып, Сирияға қарсы әскери операцияны Ұлыбританияның қатысуынсыз жүргізе алады» деп мәлімдеген еді.

Сәрсенбіде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі Сирия қатысты мәжіліске жиналып, келісімге келе алмаған. Сирия дағдарысын әскери жолмен шешуге Ресей қарсы болып отыр.
XS
SM
MD
LG