Accessibility links

Ирактағы шабуылды АҚШ пен БҰҰ айыптады


"Иран ұлттық азат ету армиясы" қозғалысының мүшелері Ирак әскерімен жанжалдасып тұр. (Көрнекі сурет)
"Иран ұлттық азат ету армиясы" қозғалысының мүшелері Ирак әскерімен жанжалдасып тұр. (Көрнекі сурет)
АҚШ пен БҰҰ Иракта Иранның оппозициялық қозғалысының мүшелері тұрып жатқан Ашраф лагеріне жасалған шабуылды айыптады. Жексенбіде лагерьге жасалған шабуылдан 50-ге тарта адам қайтыс болғаны хабарланған еді.

Иранның оппозициялық "Иран ұлттық азат ету армиясы" ("Моджахедин-е Халк") қозғалысы шабуылға кінәні Ирак әскеріне артты. Бірақ Ирак үкіметі айыпты жоққа шығарады.

1 қыркүйекте Ирактың солтүстігіндегі лагерьде жарылыстар, оның соңын ала қақтығыстар болған. Ирак үкіметі 15 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Ирак үкіметі шабуылға әскерінің қатысы жоғын, қақтығыстар ирандық эмигранттардың өз арасында шыққанын айтқан. Бірақ қозғалыстың Лондондағы өкілдігі "Ирак әскері лагерьге басып кіріп, 44 адамды өлтірген" деп мәлімдеген.

АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде "кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігі" айтылған. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық ұйымның "зорлық-зомбылықты айыптайтыны және Ирак үкіметін лагерьдегі қанды оқиғаны тергеуге шақыратыны" туралы айтқан.

"Иран ұлттық азат ету армиясы" Ирандағы шииттік билікті құлатуды көздейді. Ұйымның кейбір мүшелері 1980 жылдары иран-ирак соғысында Ирак президенті Саддам Хусейн жағында соғысқан. Бірақ Ирак үкіметі қозғалыстың ел аумағында болғанын қаламайды.
XS
SM
MD
LG