Accessibility links

Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды


Қазақстан оппозициясының басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күніне байланысты бүгін Алматыда оның саяси серіктері, әріптестері мен қоғам өкілдері қайраткерді еске алып, марқұмның зираты басында құран бағыштады. Жылдағы дәстүр бойынша, 12 қыркүйекте Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шаралары өткізіледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда ең жас министр болған, одан кейін өзге де жоғары лауазымды қызметтер атқарып, өмірінің соңғы жылдары оппозициялық саясаткерге айналған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында жанындағы екі серігімен Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Ресми жүргізілген тергеу қортындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып оны 20 жылға соттады. «Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілді. Сонымен бірге оппозиция басшысын серіктерімен бірге заңсыз ұстаған ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері де әртүрлі мерзімге сотталды.

Бірақ Қазақстандық оппозиция арасында Сәрсенбайұлының қазасының шындығы әлі ашылған жоқ деген пікір де бар.

Тірі болғанда Алтынбек Сәрсенбайұлы бүгін 51 жасқа толар еді.
XS
SM
MD
LG