Ангела Меркельдің жеңісі
Германия канцлерінің партиясы парламент сайлауында жеңіске жетті. Ангела Меркель елді қатарынан үшінші мерзім басқаратын болды. Сайлау қорытындысы бойынша, Меркельдің консервативтік Христиан-демократиялық одағы 41,5 пайыз дауыс жинаған. Бірақ билеуші коалициядағы серіктесі Еркін демократиялық партия парламентке өтуге қажетті бес пайыздық межеден аса алмады. Меркель сайлауда 25 пайыз дауыс жинап парламенттегі екінші ірі саяси күшке айналған солшыл Социал-демократиялық партиясымен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Германия басылымдарының барлығы дерлік бірінші бетіне Меркельдің суретін басты. Ангела Меркель – екінші дүниежүзілік соғысы аяқталған уақыттан бері Германия тарихында Конрад Аденауэр мен Гельмут Кольдан кейін үшінші мерзімге сайланған канцлер болып отыр.