Accessibility links

Алматы әкімдігі журналистер митингісіне рұқсат бермеді


Мэльс Елеусізов, "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы.
Мэльс Елеусізов, "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы.
Алматы қаласының әкімшілігі БАҚ-ты қолдауға арналған митингі өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында баспасөз құқықтарын қорғайтын қоғамдық штаб өкілдері хабарлады.

Қыркүйектің соңында азаматтық белсенділер мен журналистер Алматыда баспасөз құқықтарын қорғайтын қоғамдық штаб құрып, 12 қазанда Алматыда наразылық акциясын өткізуге әкімдіктен рұқсат сұрайтындарын айтқан еді.

Штаб өкілдерінің айтуынша, "әкімдік митинг өткізу туралы өтініште штаб мүшелерінің бірі, "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы "Мэльс Елеусізовтің жұмыс орны көрсетілмеді" деп, рұқсат беруден бас тартқан".

Штаб құрамына журналистер Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбайұлы, Жанболат Мамай, Шәріп Құрақбаев, азаматтық белсенді Айдос Сарым және баспасөз құқығын қорғау ұйымдарының жетекшілері кірген.

Олар "соңғы кезде оппозициялық ақпарат құралдарының қызметіне шектеу жасалып жатқанын, оларды белсенді түрде қорғауға қажеттілік туғанын" айтқан.

Биыл Қазақстанда сот арқылы «Республика», «Взгляд» газеттері, guljan.org сайты жабылып, «Ашық алаң» («Трибуна»), «Правда Казахстана» басылымдарының жұмысы уақытша тоқтатылды.
XS
SM
MD
LG