Accessibility links

Пәкістандық «Тихрик-е-Талибан» өкілі ұсталды


«Талибан» қарулы жасағы. Ауғанстан. 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
«Талибан» қарулы жасағы. Ауғанстан. 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ әскері Ауғанстанда жүргізген әскери операция барысында пәкістандық «Тихрик-е-Талибан» ұйымы жетекшілерінің бірі Латиф Мехсудты қолға түсірген. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мари Харф мәлімдеді.

Ол Латиф Мехсудты «Техрик-е-Талибан» ұйымының басшысы Хакимулла Мехсудтың «сенімді адамы» деп сипаттады. Харфтың айтуынша, Пәкістанда көптеген бейбіт тұрғындар мерт болған шабуылдарға, сонымен бірге АҚШ дипломаттарына жасалған қастандық пен 2010 жылы мамырда Нью-Йорктің Таймс-скверінде жарылыс жасау әрекетіне «Техрик-е-Талибан» тобы жауапты саналады.

Батыстың бірқатар ақпарат құралдары АҚШ әскері Латиф Мехсудты ауған барлаушыларымен кездесуден соң ұстап әкеткені туралы хабарлады. Бірақ АҚШ ресми орындары бұл хабарға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Пәкістан үкіметі «Техрик-е-Талибан» тобының іс-қимылына 2008 жылы тыйым салған. Пәкістанның солтүстік-батысында Ауғанстанмен шекараға жақын таулы аймаққа орныққан бұл ұйым екі елдің аумағында қарулы шабуылдарды жиі жасайды. Кейбір деректер бойынша, соңғы жылдары бұл топтың іс-әрекетінен мыңдаған адам құрбан болған.
XS
SM
MD
LG