Accessibility links

«Сириядағы жиһадшының» тағы біреуі анықталды


Мақсат Аймаханов, "Сирияға аттанған жиһадшының" бірі.
Мақсат Аймаханов, "Сирияға аттанған жиһадшының" бірі.

Азаттық «Сириядағы жиһадшы топ» ретінде видеоға түскен қазақтардың тағы бірінің кім екенін анықтады. Видеоға қатысты көбейе түскен сауалдарға арнайы қызметтердің толық жауабы жоқ.

«Сириядағы соғысқа қатысушы қазақтар» туралы бұған дейін Азаттық анықтаған ақпарат бойынша «жиһадшы» аталған кейбір қазақстандықтардың Жезқазған қаласы мен осы аймақтан шыққаны белгілі болған еді.

Іссапарда жүрген Азаттық тілшісі Жезқазған қаласындағы жергілікті бірнеше мұсылман діни топ өкілдерімен кездесіп, сұхбаттасудың нәтижесінде он шақты күн бұрын YouTube желісінде жарияланған «Сириядағы жиһадшы қазақтар тобы» туралы видеоға түскен тағы бір адамның тұлғасын анықтады. Ол – 1981 жылы туған жезқазғандық Мақсат Аймаханов болуы мүмкін. Видеода оны Нұх Әл-Қазақи деп таныстырған.

Осылайша видео жарияланғаннан бері 10 күн өтсе де, бейнеклипке түскен ондаған адамның тек екеуі ғана анықталды. Қазақстанның арнайы қызмет орындары олардың кім екенін тексеріп жатқанын мәлімдегенімен әлі бір де біреуі туралы ресми мәлімет жариялаған жоқ.

Өзін Мақсат Аймахановты танитын Жезқазғандағы «дұрыс Ислам ұстанушылар» тобының өкілі ретінде таныстырған Талғат Сатов есімді жігіт қазанның 24-і күні Азаттық тілшісін видеоға түскен қазақтардың бірінің әкесіне жолықтырды.

«ҰЛЫМ ӘЛДЕКІМДЕРГЕ АЛДАНЫП ҚАЛҒАН»

Елудің ортасындағы ер адам жұмыссыздық жайлап жүдеу тартқан бұрынғы облыс орталығының бас көшелерінің бірінде, жол бойында балық сатып тұр екен. Есмұрат Аймаханов Азаттық тілшісіне «жиһадшылар видеосындағы» адамдардың бірі ұлы Мақсат екенін растап, суретін де көрсетті. Ұлы туралы сөйлесуге ықылассыз болса да, ол Мақсат туралы біраз ақпарат беруге келісті.

Еcмұрат Аймаханов, Мақсат Аймахановтың әкесі. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл
Еcмұрат Аймаханов, Мақсат Аймахановтың әкесі. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл
Есмұрат Аймахановтың сөзінше, оның төрт ұлы бар. Әйелі бұрынырақта дүние салған. Қазір қайта үйленген. Өзі үшінші топтағы мүгедек. Екінші ұлы Мақсат үйлі-баранды, үш қызы бар, бөлек тұрып келген. Соңғы жылдары Мақсат такси жүргізушісі ретінде күн көрген. Банк арқылы несиеге алған пәтерінің ақшасын жабу үшін табысы мол жұмыс қарастырып жүрген. 2012 жылдың жазынан бастап намаз оқи бастаған. Биылғы қаңтар айында таныстарының өзіне Қарағанды облысындағы Нұрқазған кентіне («Қазақмыс» компаниясына қарасты мыс кеніші – ред.) жүргізуші болып жұмысқа тұрғызам деп уәде бергенін айтқан. Астындағы екі көлігін сатып, 11 мың АҚШ долларын алып, қаңтардың 4-і күні отбасын қалдырып, жалғыз өзі сапарға шыққан. Содан бері оралмаған.

- Видео шығардан бірнеше күн бұрын звондады. Сәл ауырыңқырап жүргенін айтты. Бірақ «Қазақстанға жақын жерде жүрмін» деді. Менің көзімше келін де сөйлесті. Трубканың ар жағынан жылап тұрғанын естідім. Меніңше, ұлым әлдекімдерге алданып қалған, - деді Есмұрат Аймаханов Азаттыққа.

ВИДЕО: Есмұрат Аймахановтың ұлы туралы айтқаны
Есмұрат Аймахановтың сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00
Жүктеп алу

Мақсаттың әкесі ұлының нақты қайда екенін анықтау үшін арнайы қызмет орындарымен хабарласып, қай жерден телефон шалғанын білмек болған.

- Әр жолы телефон шалғанда әртүрлі жердің коды шығып тұрды. Біресе, Омск, біресе Қырғызстан, біресе Түркия, - дейді ол.

Азаттық тілшісінің Мақсаттың әйелімен тілдесу туралы өтінішіне Есмұрат Аймаханов үзілді-кесілді қарсы болды. Өзінің қайсыбір радикалдық діни топ өкілдерінен қауіптенетінін, келінінің үйіне барынша ешкімді жолатпай отырғанын айтты.

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚ

Қазақстандық интернет кеңістігінде Сирияға кеткен ондаған қазақстандық туралы ақпарат әлі қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары осыншама адамның қазақстандық арнайы қызмет орындарының назарына ілінбей қалайша шекарадан өтіп, соғыс аймағына жеткені туралы сауал қойып дал болады.

Талғат Сатов, Жезқазған қаласының тұрғыны. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл
Талғат Сатов, Жезқазған қаласының тұрғыны. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл
Ал Мақсатпен соңғы кезде аралас-құралас болып келгенін айтқан Талғат Сатов та оның қайтіп шетел асқанын біле алмай таң қалады. Оның сөзінше, өздерінің шағын діни жамағатын кейбір адамдар сыртынан «ваххабит», «салафит» деп сипаттағанымен өздерінің ол ағымдарға «қатысы жоқ». Талғат Сатов өздерін жергілікті орталық мешіттің шет қақпайлайтынын айтады. Оның сипаттауынша, Мақсат «өзімен өзі жүрген», елеусіздеу, қарапайым жігіт. Дәл Сирияға аттанатындай радикалдық қылық көрсетпеген.

- Мақсаттың қалайша ол жаққа (Сирияға – ред.) кетіп қалғанын өзіміз де ұқпай қалдық, - деді ол.

Азаттық тілшісі Жезқазған қаласындағы ҚМДБ-ға бағынатын орталық мешіт өкілдерінен Мақсат араласқан діни топ туралы сұраған кезде, олар жаңадан ғана тағайындалғандарын, аймақтағы діни ахуалды енді зерттей бастағандарын айтып тура жауаптан қашқақтады.

Мақсат Аймаханов, Қазақстаннан Сирияға аттанған "жиһадшының" бірі (қызыл шеңбер ішінде). YouTube сайтынан алынған скриншот
Мақсат Аймаханов, Қазақстаннан Сирияға аттанған "жиһадшының" бірі (қызыл шеңбер ішінде). YouTube сайтынан алынған скриншот
Қазанның 15-і күні YouTube әлеуметтік желісінде Сириядағы жиһадты насихаттаушы аккаунттың бірі ондаған жүзі ашық қазақстандықтың осы елге қоныс аударғаны туралы видео жариялаған еді. Азаттық бұл клиптің нақты Сирияда түсірілгенін әлі тәуелсіз дерек көздері арқылы анықтай алмай отыр.

Видеода «Ислам жолында хижра жасап, жиһад қылу» туралы сөйлеген жігіттердің бірі – ақмолалық Аманжол Жансеңгіров екені анықталған.

Бейнеклип Қазақстанда діни ахуал туралы қызу қоғамдық талқылау тудырды. Қазақстанның ҰҚК-і видео жазбаны «үгіттеу мақсатында жасалған, әрі оны біздің азаматтар жасамаған» деп сипаттап, бейнекөріністегі адамдардың кім екені тексеріліп жатқанын хабарлады. Ал сыртқы істер министрлігі видеода көрсетілген адамдардың «Қазақстан азаматтары екенін растайтын не жоққа шығаратын мәлімет министрлікте жоқ» екенін мәлімдеген болатын.

Сирияда 2011 жылғы наурыздан бері президент Башар Асадтың режиміне қарсы қарулы көтеріліс болып жатыр. Үкімет әскері мен түрлі қарулы топтардың арасындағы қақтығысқа сүннит және шиит топтар, одан бөлек, «Әл-Қаида» террористік ұйымымен байланысы бар, билікке қарсы «Әл-Нусра» және Асад режимін қолдайтын «Хезболла» сияқты исламшыл ұйымдар мен шетелден келген (Иран, Балқан елдері - ред.) мұсылмандар қатысып жатыр. Азаматтық соғысқа ұласқан бұл қақтығыстардан осыған дейін 100 мыңға жуық адам қаза тапты, 3 миллионға жуық адам босып кетті.
XS
SM
MD
LG