Accessibility links

Софроний баспанасынан «жоғалған» бала табылды


Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасындағы балалар. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 қыркүйек 2013 жыл.
Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасындағы балалар. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 қыркүйек 2013 жыл.
Бұған дейін «жоғалып кеткені» туралы хабар тараған 15 жасар Анатолий Натаровты сенбі күні әкесі Евгений Натаров Софроний әкейдің баспанасына алып келгені туралы Азаттыққа паналау орнының заңгері Юрий Юрин хабарлады. Оның айтуынша, баспана директоры Светлана Плаксинаның атына жазған өтінішінде Евгений Натаров баласын өзімен алып кететіні және баспанаға ешқандай талап-шағымы жоқ екендігін айтқан.

– Баспананың бұрынғы тәрбиеленушісі Анатолий Натаров әкесінің көзінше баспанадан өз еркімен кеткені және оған қайта оралғысы келмейтіні, сондай-ақ оқуға зауқы соқпағандықтан мектепке бармағаны туралы түсіндірме жазып берді, - деген Юрин әкелі-балалы Натаровтардың баспана директорымен кездесуіне өзінің де қатысқанын айтты.

72 жастағы Евгений Натаров Азаттық тілшісімен әңгімесінде бірінші әйелінен екі ересек ұл барын, Анатолий – осыдан бес жыл бұрын туберкулезден 27 жасында қайтыс болған басқа әйелінен туған баласы екенін айтып берді. Оның айтуынша, Софроний баспанасына Анатолийді анасы тапсырған екен. Биыл биыл маусым айында туған күні қарсаңында баспанадан кетіп қалғанын, ал әкесіне «мені баспанадан қоя берді» деп айтқанын Азаттық тілшісіне Анатолийдің өзі де растады. Евгений Натаров қазір Алматыдағы кәсіпорындардың бірінде күзетші болып жұмыс істейтінін, енді баласының тәрбиесін өз қолына алып, оны училищеге орналастырмақ ниеті барын жеткізді.

Алматы облысы Іле ауданындағы Түймебаев кентіндегі Сергей Радонежский ғибадатханасы жанындағы, жұрт арасында «Софроний әкейдің паналау орны» аталып кеткен мекемеде кәмелетке толмаған 132 бала мен 120 мүгедек қария тұрады. Іле аудандық білім беру бөлімі ондағы тәрбиеленуші балаларды жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне тарату ниетімен осы аптада баспананың үстінен сотқа талап-арыз түсірген еді. Паналау орны Алматы маңындағы Алатау етегіндегі топырағы шұрайлы, климаты жайлы жерде орналасқан.
XS
SM
MD
LG