Accessibility links

«Роскосмос» «Протон-М» зардабын өзі тексермек


Апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының құлаған сәті. Байқоңыр ғарыш айлағы, 2 шілде 2013 жыл.
Апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының құлаған сәті. Байқоңыр ғарыш айлағы, 2 шілде 2013 жыл.

Ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы апатының Байқоңыр экологиясына тигізген әсерін «Роскосмос» өзі тексеріп, сараптама жасайтынын хабарлады.

«Роскосмостың» Байқоңырда биыл 2 шілдеде апатқа ұшыраған зымыран тасығышы апатының шығыны жайлы мәлімдемесін 28 қарашада ресейлік izvestia.ru сайты жариялады.

«Роскосмос» баспасөз қызметі «Ресей Қазақстан ұсынған есептің қаншалықты растығын анықтап, тек нақты дәлелденген экологиялық залал үшін ғана өтемақы төлейтінін» хабарлаған.

Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі әзірге Ресей тарапынан бұл жөнінде ресми хабар түспегенін Азаттық тілшісіне айтты.

Бұның алдында, 22 қарашада, Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Байқоңырда шілдеде болған апаттан экологияға 89 миллион АҚШ доллары (13 миллиард 690 миллион 747 мың 305 теңге) көлемінде зардап келгені туралы Ресейге хабарлаған еді.

АПАТ САЛДАРЫ

2013 жылы 2 шілде күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен.

"Протон-М" құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.
"Протон-М" құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.
Апаттан соң екі күн өткенде Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин «зымыран тасығыш құлаған жер экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» деп мәлімдеген.

«2 шілде күні Байқоңырдағы апатта шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил түгел жарылып кетті. Апат орнында ені 20 метр, ұзындығы 40 метр, тереңдігі 7 метр шұңқыр пайда болды. Ал қоршаған ортаға зиянды салдарын біз таба алмадық, өйткені барлығы жанып кеткен» деген ол.

Апаттан соң Қазақстан «Ресейдің Байқоңырдағы жұмысына разы емес» екенін білдірді. Байқоңырда өткен, зымыран апаты зардабын жою жөніндегі комиссия отырысында «Роскосмосқа» Қазақстан өкілдері бірнеше ескерту айтқан. Осы отырыста Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірігіп, осындай апаттардың зардабын өтеуге қатысты методика жасап жатқаны хабарланған.

Байқоңырдан «Протон-М» ұшыруға қарсылық білдіріп тұрған «Антигептил» қозғалысының белсенділері. Астана, 13 қазан 2013 жыл.
Байқоңырдан «Протон-М» ұшыруға қарсылық білдіріп тұрған «Антигептил» қозғалысының белсенділері. Астана, 13 қазан 2013 жыл.
Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болды. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді.

«Роскосмос» зымыран ұшыруға қарсы шаралар өтіп жатқан кезде, 30 қыркүйекте Байқоңырдан тағы бір «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырды. Ресей бұдан кейін де бірнеше «Протон-М» (26 қазанда және 12 қарашада) ұшырған.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған. Соңғы кездері екі ел Байқоңырға байланысты бірнеше рет келіспей қалып, қосымша келіссөздер өткізген. 2013 жылы қаңтар айында Қазақстан үкіметі «биыл Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген еді. Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.
XS
SM
MD
LG