Accessibility links

Киевтегі шеруге милиция күш қолданды


Украина милициясының операциясы кезінде басынан жараланған Reuters фототілшісі Глеб Гаранич Тәуелсіздік алаңындағы оқиғаны суретке түсіріп тұр. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Украина милициясының операциясы кезінде басынан жараланған Reuters фототілшісі Глеб Гаранич Тәуелсіздік алаңындағы оқиғаны суретке түсіріп тұр. Киев, 30 қараша 2013 жыл.

Тәуелсіздік алаңындағы наразылық шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған.

АЛАҢДЫ ШЕРУШІЛЕРДЕН ТАЗАРТУ

Киевте 30 қарашада таңға жуық Тәуелсіздік алаңында билікке талап айтып тұрған жүздеген адамды милицияның «Бүркіт» (Беркут) деп аталатын арнайы жасағы күштеп тарқатты.

Милиция операция барысында алаңдағы жұртты резеңке таяқтармен сабап, жермен сүйреген. Жарақат алған ондаған адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, зардап шеккендердің арасында әйелдер де бар.

Украина парламенті – Жоғарғы Рада депутаты, оппозициялық саясаткер Андрей Шевченко «Жаралылар мен ұсталғандар ондап саналады. Бұған дейін Украина мұндайды көрмеген еді» деп жазды Twitter-парағында. Оның сөзінше, милицияның алаңды тазарту операциясы таңғы сағат төрт шамасында басталған.

Тәуелсіздік алаңын милиция жасағы шерушілерден тазартқан кезде жарақат алғандардың бірі жедел жәрдем көлігінде отыр. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Тәуелсіздік алаңын милиция жасағы шерушілерден тазартқан кезде жарақат алғандардың бірі жедел жәрдем көлігінде отыр. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алаңға келген милиция жасағы әй-шәйға қарамай жолында кездескеннің бәрін соққының астына алған.

Сенбі күні таңертең милиция күші Тәуелсіздік алаңын наразы шерушілерден тазартып, ол жерді түгелдей өз бақылауына алды.

Парламенттегі «Батькивщина» оппозициялық фракциясының жетекшісі Арсений Яценюк милицияның іс-әрекеті үшін оппозиция елдің ішкі істер министрі Виталий Захарченконың отставкаға кетуін талап ететінін мәлімдеген. Ол «наразылық Тәуелсіздік алаңында болмаса, басқа жерде жалғасатынын» айтқан.

Милиция алаңда ұсталған 35 адамға әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттама толтырылған соң олардың көпшілігін босатып қоя бергенін хабарлады.

Әзірге Украина билік орындары түндегі оқиғаға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Украинадағы АҚШ елшілігі Киевтегі бейбіт жиынға милицияның күш қолданғанын айыптады.

ЖАСАЛМАҒАН КЕЛІСІМ

Жұма күні Киевтің Тәуелсіздік алаңында мыңдаған адам жиналған шеруде Еуропа Одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан президент Виктор Янукович отставкаға кетсін деген талап айтылған еді.

Сол күні Вильнюсте аяқталған Еуропа одағының саммитінде ЕО өкілдері Киевті ассоциация келісіміне қол қоюға шақырғанымен, Украина билігі одан бас тарту туралы шешімін өзгерткен жоқ.

Украина милициясының «Бүркіт» (Беркут) арнайы жасағы Тәуелсіздік алаңындағы шеруді күштеп тарқатты. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Украина милициясының «Бүркіт» (Беркут) арнайы жасағы Тәуелсіздік алаңындағы шеруді күштеп тарқатты. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Бұған дейін Еуроодақ «Киевке келісім жасасудан бас тартқызу үшін қысым жасап отыр» Ресейді айыптаған еді. Ресей президенті Владимир Путин Брюссельді «қатқыл сөйлемеуге» шақырған.

Ресми Киевтің 21 қарашада «экономикалық жағдайдың қиындығы» және «Ресеймен сауда байланыстарының нашарлап кеткенін» айтып, Еуроодақпен келісімге дайындықтан бас тартуы Украинада билік шешіміне наразылық акцияларының басталуына түрткі болды.

Украин оппозициясы алдағы жексенбіде Киевте украин билігінің шешіміне қарсы мыңдаған адам қатысатын жаңа шерулер өткізуді жоспарлаған еді.

30 қарашада Тәуелсіздік алаңында болған оқиға куәгерлерінің сөзі:

Киевтегі оқиға куәгерлері
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:50 0:00
XS
SM
MD
LG