Accessibility links

Германия сыртқы істер министрі Киевке барды


Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле (ортада) Украина оппозициясының жетекшілері Виталий Кличко (сол жақта) және Арсений Яценюкпен кездесіп тұр. Киев, 4 желтоқсан 2013 жыл.
Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле (ортада) Украина оппозициясының жетекшілері Виталий Кличко (сол жақта) және Арсений Яценюкпен кездесіп тұр. Киев, 4 желтоқсан 2013 жыл.
Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле Киевте Украинаның Еуропамен жақын байланыс орнатуын талап етіп жатқан демонстранттармен кездесті.

Вестервелле Тәуелсіздік алаңында тұрған шерушілермен, оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличкомен және "Батькивщина" партиясының жетекшісі Арсений Яценюкпен кездесті. Кездесуде ол Киевтің Еуропа одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартып, Ресеймен байланысын жақсартуды жөн деп тапқанына қарамастан, "ЕО-ның есігі Украинаға ашық күйде қала беретінін" жеткізіді.

"Еуропа Украинаның тағдырына бей-жай қарай алмайды" деген Германия сыртқы істер министрі.

Кеше Украинаның бұрынғы үш президенті - Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенко демонстранттарды қолдап, мәлімдеме таратты. Онда "Біз жүз мыңдаған украиндықтың бейбіт түрде танытқан азаматтық әрекеттерін қолдаймыз" делінген.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өзге елдерді "Украинаның ішкі ісіне араласпауға" шақырған.

Оппозицияның мыңдаған жақтасы Киев пен басқа да қалаларда бірнеше күннен бері үкіметтің Еуропа одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқанына наразылық білдіріп жатыр.

29 қарашада Вильнюсте өткен «Шығыс ынтымақтастығы» саммитінде Грузия мен Молдова Еуропалық одақпен ассоциация келісіміне қол қойған. Саммитке бір апта қалғанда Киев ЕО-пен келісімге қол қоюға дайындықты тоқтатынын мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG