Accessibility links

Киевте шерушілер милиция мен қақтығысты


Қала көшелерінде тұрған ішкі әскер сарбаздары мен демонстранттар. Киев, 9 желтоқсан 2013 жыл.
Қала көшелерінде тұрған ішкі әскер сарбаздары мен демонстранттар. Киев, 9 желтоқсан 2013 жыл.
Киевте өткен түні демонстранттар мен милиция арнайы жасағы арасында болған қақтығыстан 10 адам зардап шекті деп хабарлайды оппозиция жетекшілерінің бірі Олег Тягнибок.

Өткен түні милиция мен ішкі әскер сарбаздары "Еуромайдан" акциясына қатысушылардың үкімет үйі орналасқан аумақта тіккен шатырлары мен баррикадаларын бұзған еді. Қалада бірнеше жерде көше қиылысына қойылған қоршаулар алынып тасталып, орнына милиция мен ішкі әскер сарбаздары шеп құрған.

Президент әкімшілігі мен Украина Жоғарғы радасы алдындағы күзет күшейтілді.

Демонстранттар орныққан Киев қалалық мэриясын милиция қоршаған. Бұған дейін онда жарық өшіп, кейін қайта қосылған еді.

Қазір демонстранттар Украинаның Еуропамен интеграциясын жақтаушылар акция жүргізіп жатқан Тәуелсіздік алаңына қарай ығысқан. Бұған дейін билік орындары қаланың орталық бас алаңында шерулетіп жатқандар күшпен таратылмайтынын айтқан. Оппозиция жетекшілерінің бірі Виталий Кличко Тәуелсіздік алаңында тұрғандарды бейбіт шерулерді жалғастыра беруге шақырды.

Бірнеше күннен бері өтіп жатқан наразылықтар биліктің Еуроодақпен серіктестік келісімінен бас тартуына орай басталған еді. Украина үкіметі Еуропа Одағымен қарым-қатынас орнатудан гөрі Ресеймен экономикалық байланысын жақсартуды жөн көрген.
XS
SM
MD
LG