Accessibility links

Тұрғын үй құқығы митингке арқау болды


Билік рұқсат еткен наразылық жиынына қатысушылар. Астана, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Билік рұқсат еткен наразылық жиынына қатысушылар. Астана, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Астанада наразылық жиынын өткізгендер билікті азаматтардың тұрғын үй құқығын сақтауға шақырды. Митингке баспанасын қорғап бір жұма кран басында отырған әйел де қатысты.

Желтоқсанның 21-і күні Астанада жергілікті билік рұқсат еткен митингке Сандуғаш Серікбаева алғашқылардың бірі болып келді. Өткен айда ол «мемлекет қажетіне керек» жер телімінде тұрған баспанасынан өзінің отбасын шығармақ болған билік шешіміне келіспей, сіңілісімен бірге құрылыс кранының басына шығып алып, бес тәуліктен аса қарсылық танытқан еді.

Назарбаев университеті жанындағы үйде тұратын көпбалалы екі отбасы сот белгілеген өтемақы мөлшерімен (32 мың АҚШ доллары) келіспеген. Олар бұндай ақшаға Астанада пәтер немесе үй сатып алу мүмкін еместігін алға тартқан. Бірақ әйелдер баспаналарынан айрылып қалды: олар краннан түскен соң ауруханаға жатқызылған кезде үйді тез арада бұзып үлгерді.

Сандуғаш Серікбаевамен бірге бүгінгі наразылық акциясына келген оның тоғыз жасар қызы Қарақат жиналғандарға аязды түні отбасындағы адамдарды баспаналарынан сыртқа шығарып, үйді дереу бұзып тастағаны туралы айтып берді.

Сандуғаш Серікбаеваның (сол жақта) қызы Қарақат өз отбасын үйлерінен қалай мәжбүрлеп шығарғанын айтып тұр. Астана, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Сандуғаш Серікбаеваның (сол жақта) қызы Қарақат өз отбасын үйлерінен қалай мәжбүрлеп шығарғанын айтып тұр. Астана, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Отыз градус аязды күні Астананың шетіндегі Пушкин және Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы көшелердің қиылысында (жергілікті билік рұқсат еткен наразылық акцияларын өткізуге арналған орын) өткен жиынға тұрғын жайларынан мәжбүрлеп шығарылған басқа адамдар да қатысты. Сандуғаш Серікбаева сияқты, бұл адамдардың бұрынғы саяжай аумағындағы жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деп алып, онда тұрған баспаналарын бұзып тастаған екен. Сонымен бірге митингке осыдан бірнеше күн бұрын Астанада бас прокуратураға арыз алып барған «Махаббат» тұрғын үй кешеніндегі пәтер тұрғындары да келді. Олар ғимараттың меншік иесімен жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, пәтер жалдау ақысын төлегендерін, бірақ меншік иесінен кешенді сатып алған басқа қожайын пәтерлерді босатуды талап еткенін баяндап берді.

Астанадағы митингке жергілікті азаматтық белсенділер Болатбек Біләлов, Мұсағали Дуамбеков, сондай-ақ Алматыдан барған Ермек Нарымбаев қатысты. Нарымбаев митингке қатысушыларды қолдайтынын айтты. Белсенділердің кейбірі қысқа ғана сөйлеген соң жиыннан кетіп қалды.

Жиналғандар болса азаматтық белсенділерден де, құқыққорғаушылардан да көңілдері қалғанын айтады. Акцияға қатысушылар ортақ мәселемен жиналған азаматтарды өз құқықтарын бірігіп қорғауға шақырды.

Баспанаға қатысты наразылық жиынына қатысушылар. Астана, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Баспанаға қатысты наразылық жиынына қатысушылар. Астана, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Митингке қатысқандар билікке келесідей талап қойды: егер тұрғындарға «мемлекет қажетіне» алынатын баспанасымен бірдей пәтер берілмесе немесе нақты бағасына сай ақша төленбесе, онда жалғыз баспанасын айырмасын. Сонымен бірге наразылық акциясына қатысушылар өз құқықтарын қорғау бойынша еуропалық соттарға жүгінуге мүмкіндік берілуін талап етті. Олар өз талаптарын тізіп жазған меморандумды президент әкімшілігінен бастап билік органдарының барлығына жіберуді ұйғарды.

Бірақ, митингте сөйлеген заңгер Ольга Рубахова өзінің президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін жүгінгенін айтты. Сандуғаш Серікбаеваның отбасы өздерін үйлерінен қалай шығарғаны көрсетілген видеоны дискіге жазып жібергенімен, президент әкімшілігі тіпті онымен таныспастан кері қайтарып тастаған дейді заңгер.

Митингтен соң Сандуғаш Серікбаева қызымен бірге «үйге» қайтты – жалғыз баспанасынан үйлерінен айырылған көпбалалы отбасыны өздері сияқты тағы бір отбасы жанашырлық танытып, уақытша паналатқан еді. Бірақ, Назарбаев университеті маңында тұрған бұл үйді де жақында бұзуы мүмкін.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG