Accessibility links

АҚШ Оңтүстік Суданда азаматтарын қорғайды


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама "Оңтүстік Судандағы қақтығыстардан бұл елдегі америкалықтарды қорғау үшін қосымша әскери амалдар жасау қажет болуы мүмкін екенін" айтты. АҚШ президентінің ойынша, Оңтүстік Судандағы азамат соғысына ұласып кету қаупі бар.

Конгреске жолдаған хатында Обама "Оңтүстік Суданнан америкалықтарды алып шығу үшін - 45, ел астанасы Джубадағы АҚШ елшілігін қорғау үшін тағы 45 әскери қызметкер жіберілгенін" айтты.

Мемлекеттік департаменттің хабарлауынша, Оңтүстік Суданнан 680-ге тарта америкалық пен шетелдік шығарылған. АҚШ қорғаныс министрлігінің дерегіне қарағанда, 21 желтоқсанда азаматтарды елден шығару кезінде америкалық үш сарбаз жараланған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, 15 желтоқсанда президент Салва Киирдің әскері мен бұрынғы вице-президент Риек Мачарға жақтас сарбаздар арасында болған қақтығыстардан 500-ге тарта адам қаза тапқан. 20 мыңға жуық адам БҰҰ-ның Джубадағы екі өкілдігіне бас сауғалап баруға мәжбүр болған.

БҰҰ өкілдері өзара жауласушы екі этникалық топқа жататын Киир мен Мачар арасындағы бақталастық үлкен этникалық қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Оңтүстік Судан - 2011 жылы шілдеде Суданнан тәуелсіздігін жариялаған, әлемдегі ең жас мемлекет.
XS
SM
MD
LG