Accessibility links

"Прайм-Плазадағы" оқиға бойынша тағы үш адам сотталды


Қайрат Нұртас концертінен кейін "Прайм Плаза" орталығының аумағында қирап жатқан заттар. Алматы, 30 тамыз 2013 жыл.
Қайрат Нұртас концертінен кейін "Прайм Плаза" орталығының аумағында қирап жатқан заттар. Алматы, 30 тамыз 2013 жыл.
Алматыдағы "Прайм Плаза" ойын-сауық кешенінде болған тәртіпсіздіктерге қатысты қозғалған екі қылмыстық іс бойынша Алматының Алатау аудандық соты үш адамға үкім шығарды деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Сот Елдар Мұсамбаев, Сухраб Имиршаев және Жандос Салимовты "тонау" және "бұзақылық" баптары бойынша айыпты деп танып, әрқайсысын алты жылға бас бостандығынан айырып, жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім еткен. Бірақ сотталушылар айыптарын мойындамайды.

Сотталушылардың адвокаты Жанқыбай Әлиасқаров үкімге шағым беретіндерін айтады.

Бұған дейін Алматының ауданаралық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соты осы іске қатысты екі жасөспірімге екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған еді.

Алматыдағы "Прайм Плаза" ойын-сауық кешенінде былтыр 31 тамызда әнші Қайрат Нұртас қатысқан концерттің соңы жаппай тәртіпсіздікке, жастардың полициямен қақтығысына ұласқан еді. Сол күні полиция бөлімшесіне 165 адам жеткізіліп, оның біразы алдын ала тергеуден кейін босатылған. Кейін Алматы қалалық ішкі істер департаменті "тәртіпсіздіктерді бастады, көлік тонады" деген күдікпен бірнеше адамды тұтқындағанын хабарлаған.

Оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің "бұзақылық" және "тонау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сонымен бірге, концертті ұйымдастырушылардың үстінен "міндеттеріне жауапсыз қарады" деген бап бойынша іс қозғалған еді.
XS
SM
MD
LG