Accessibility links

Өтембаев үкімін қайта қарау 22 қаңтарда басталады


Қазақстан парламенті сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.
Қазақстан парламенті сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.
Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың ісін қайта қарау бойынша сот отырысы 22 қаңтарда Алматы облысының Қаскелең қаласында өтетін болды. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өткен соттың алдын-ала тыңдауында жарияланған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, тыңдауда жәбірленуші жақ - Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары судьядан Талдықорғанға қатынау қиын екенін айтып, судьядан сот өтетін орынды ауыстыруды сұраған. Судья ол өтінішті қанағаттандырған.

Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай бүгін судья Берікжан Байжүнісовті ауыстыруды сұраған еді. Рысбек Сәрсенбай судьяны қайтыс болған әйелі жағынан туыстығы бар деген. Бірақ судья ол өтінішті қанағаттандырмады.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Ресми жүргізілген тергеу қорытындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген еді.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, Жоғарғы сотқа Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Ал Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG