Accessibility links

AI: Орталық Африка елінде жағдай ушығуы мүмкін


Банги қаласында жүрген француз бітімгершілік күштері. Орталық Африка республикасы, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Банги қаласында жүрген француз бітімгершілік күштері. Орталық Африка республикасы, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы Орталық Африка республикасы президенті Мишель Джотодияның отставкаға кетуінен соң елде жағдай ушығып, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін екені туралы мәлімдеме таратты.

Халықаралық ұйым бұл елге тезірек қосымша бітімгершілік күштерін енгізу қажет деп санайды. Ұйымның дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдар жөніндегі кеңесшісі Джоан Маринер соңғы бір айда діни алауыздықтан туған қақтығыстардан елде бір мыңнан аса адамның құрбан болғанын айтты. Орталық Африка республикасындағы дағдарысқа байланысты БҰҰ-ның шешім қабылдағанына бір айдан астам уақыт өтсе де, бұл елде Францияның бітімгершілік 1200 әскеріне қоса жалпы саны 4 мыңнан аспайтын африкалық бітімгершілік сарбаздары ғана бар дейді Маринер.

АІ мәлімдемесінде Джотодияның отставкаға кетуі христиандық қарулы топтардың мұсылмандарға шабуылын үдетіп жіберуіне себеп болуы мүмкін деген алаңдауышылық білдіреді. Сонымен бірге исламшылдардың қолында қару-жарақтың мол болуы жағдайдың кез келген сәтте шиеленісу қаупін туғызады деп ескертеді құқыққорғаушы ұйым.

Орталық Африка республикасындағы дінаралық өшпенділіктен туындаған қақтығыстардың өршуіне алаңдаған көршілес елдер басшыларының қысымынан кейін, жұма күні ОАР президенті Мишель Джотодия отставкаға кеткен еді. Онымен бірге премьер-министр Николас Тьянгайе де қызметінен кетті. Ел астанасы Банги қаласында тұрғындар бұл хабарға қуаныш білдіріп көшеге шықты.

Франция елдің өтпелі үкіметін уақытша президент міндетін атқаратын адамды тез арада тағайындауға шақырды. Қазір француз бітімгершілік күштері президент сарайын бақылауға алып, Банги көшелерін Африкалық бітімгершілік күштері күзетіп жүр.

Мишель Джотодия былтыр 24 наурызда мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде президент Франсуа Бозизені орнынан кетіріп, өзін өзі Орталық Африка республикасының президенті деп жариялап, алдағы үш жылда сайлаулар өткізіп, 2016 жылы отставкаға кететінін мәлімдеген еді.

Бұрынғы президент Франсуа Бозизенің өзі 2003 жылы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде ОАР-де билікке келген болатын.

Орталық Африка республикасы - табиғи қазба байлықтары мол, бірақ кедейшілік жайлаған мемлекет. 4,2 миллион халқының басым көпшілігі - христиандар. Былтыр наурызда исламшыл көтерілісшілер билікті басып алған соң елде бей-берекетсіздік орнаған еді.
XS
SM
MD
LG