Accessibility links

Wikipedia Украинадағы цензураға наразы


Wikipedia-ның украин тіліндегі беті. Көрнекі сурет.
Wikipedia-ның украин тіліндегі беті. Көрнекі сурет.
Wikipedia-ның украин тіліндегі парақшасы Украина билігінің "интернеттегі экстремизмге" байланысты жауапқа тарту туралы қабылдаған жаңа заңына қарсылық ретінде күн сайын жарты сағатқа өшірілетін болды. Бұл туралы интернет-энциклопедияның басты бетінде хабарланды.

Wikipedia басшылығының мәлімдеуінше, олардың қарсылық білдіруіне Украина билігінің интернеттің еркіндігі мен ашықтығына, энциклопедияның өзіне елеулі нұқсан келтіретін заң қабылдауы себеп болған. Бірақ Wikipedia басшылығы энциклопедияның саяси тұрғыдан бейтарап екенін ескертеді.

Украина парламенті 16 қаңтарда интернеттегі экстремизмді қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң қабылдаған еді. Заң бойынша, мемлекеттік құрылымды күшпен ауыстыруды және билік өкілдерінің қызметіне кедергі келтіруді меңзейтін кез-келген материал "экстремистік" деп танылады. Бұған қоса интернетте жала жабу әрекетіне де жаза тағайындалмақ.

16 қаңтарда парламенттің тиісті ережелерді бұза отырып қабылдаған заңдары елде наразылық акцияларына себеп болған. 19 қаңтарда Киевтің орталығында басталған бейбіт акциялардың соңы демонстранттардың милициямен қақтығысына ұласып, қазірге дейін басылмай келеді. Қақтығыстардан кемінде 200 адам зардап шеккен. Оның отызы - журналистер.
XS
SM
MD
LG