Accessibility links

«Рысқалиевтар құрған топтың» соты басталды


Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Атырау облысының бұрынғы әкімі мен оның депутат ағасы құрды деп сипатталатын топтың соты басталғанымен, негізгі айыпталушылардың қайда екені әлі белгісіз.

Қаңтардың 23-і күні «Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды» деп хабарланған «қылмыстық топқа» қатысты сот басталды. Жергілікті ақпарат құралдары «Ұлыбританияға қашты» деп хабарлаған Рысқалиевтердің нақты қайда жүргені туралы әртүрлі болжамдар айтылады.

«Бергей Рысқалиев құрды» деп сипатталатын «қылмыстық топқа» қатысты іс шамамен 800-ге жуық томнан тұрады. Бұл іс бойынша 22 адамға «қылмыстық топқа қатысу», «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылып отыр. Айыпталушылардың арасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукенов пен Асқар Әбдіров, сонымен бірге Атыраудың бұрынғы әкімі Асқар Керімов те бар.

Айыпталушы Асқар Керімовтың адвокаты Абзал Құспановтың айтуынша, өзі қорғап отырған азамат тағылған айыппен келіспейді.

«Атыраудың әкімі болған Асқар Керімов бұл қызметті алты ай ғана атқарған. Ол екі-ақ қағазға қол қойғаны үшін қылмысқа тартылып жатыр. Оны сол үшін ғана айыптап отыр. Бұл кісі жекешелендіру процесіне қатыспаған. Тек екі нысанды жекешелендіру қажет деп мәселе көтерген» деді Құспанов Азаттық тілшісіне.

Айыпталушыларды шамамен 20 шақты адвокат қорғап жатыр. Атырау облыстық соты процестің ашық өтетінін хабарлады.

«ЛОНДОНДА ЖҮР»

Бұған дейін қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс - бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқали және олардың серігі саналатын тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылатынын мәлімдеген еді.

Бергей Рысқалиевтің Атырау облысы әкімі кезі. Орал өзеніне салынған жаңа көпірдің ашылу салтанатында сөйлеп тұр. Атырау қаласы, 22 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Бергей Рысқалиевтің Атырау облысы әкімі кезі. Орал өзеніне салынған жаңа көпірдің ашылу салтанатында сөйлеп тұр. Атырау қаласы, 22 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Әзірге ағайынды Рысқалиев пен оның тоғыз серігіне қатысты соттың қашан болатыны белгісіз.

2012 жылы жазда Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі қызметінен алынды. Күзде ағасы Аманжан Рысқали депутаттық мандатын тапсырып, «Ақжол» партиясынан кетті. Сәл кейінірек қаржы полициясы Бергей Рысқалиевтің Атырау облысының бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқырғаны жөнінде қылмыстық істер қозғады. Содан бері ағайынды Рысқалиевтерден хабар мүлде үзілді. Бұған дейін Қазақстанның қаржы полициясы оларды Интерпол көмегімен шетелден де іздеп жатқанын мәлімдеген болатын. Бірақ халықаралық деңгейде қылмыскерлерді іздейтін Интерполдың ресми сайтында іздеу жарияланған азаматтар арасынан олардың аты-жөндері көрінбейді.

2012 жылдың қазан айында жергілікті бірқатар БАҚ белгісіз дереккөзге сілтеме жасап, «Рысқалиевтар Лондонда жүр» деген хабар таратты. Қаржы полициясы бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Қазақстанның құқық қорғау органдарының Ұлыбританияға бұл жөнінде сұрау салғаны-салмағаны белгісіз. Азаттықтың бұл туралы ресми сауалына бас прокуратура жауап бермеді.

«ТАПСЫРЫСПЕН КӨЗДЕРІ ЖОЙЫЛҒАН»

Соңғы уақытта ағайынды Рысқалиевтардың кейінгі тағдырына қатысты жаңа бір қауесет тарай бастады. Бұл жолы болжаушылар екі ағайындыны тірілердің қатарынан шығарып тастады.

Әуелі Қазақстанда жабылып қалған Nuradam порталының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева өз басылымында «Ағайынды Рысқалиевтар ресейлік қылмыстық топтардың көмегімен өлтірілген деп айтып жатыр, мүмкін, тым көп жайтты білген болар» деп жазды.

Бергей Рысқалиевтің Атырау облысы әкімі кезі. Атырау, әкімнің жылдық есебі шарасы, 11 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Бергей Рысқалиевтің Атырау облысы әкімі кезі. Атырау, әкімнің жылдық есебі шарасы, 11 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Биыл қаңтарда президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев осы болжамды одан ары түрлендіріп, «ағайынды Рысқалиевтардың көзін жоюға президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырыс берді» деп мәлімдеді.

Бұл болжам қазақстандық БАҚ-та аса қызу талқылана қойған жоқ. Бірақ атыраулық «Ақжайық» газеті қаңтардың 20-сы күні құқық қорғау органдарындағы белгісіз ақпарат көздері мен аты-жөнін атамаған Рысқалиевтардың отбасы мүшелеріне сілтеме жасай отырып, Әлиев мәлімдемесін жоққа шығаруға тырысты.

«ЖҰРТТЫҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ БОС СӨЗ»

Ағайынды Рысқалиевтардың жақын туыстары олар жөнінде журналистермен сөйлесуден қашқақтайды. Рысқалиевтар отбасында Бергей мен Аманжаннан бөлек бір ұл, төрт қыз бар. Жұпар және Шынар атты қарындастары қазір Ақтөбеде тұрып жатыр. Олар ағаларының «қылмыскер» екеніне сенбейді.

Шынар Рысқалиева Азаттық тілшісіне «Біздің бір ғана тілегіміз бар – бауырларымыз ортамызға аман-есен оралса екен. Жұрттың айтып жүргені – бос сөз. Өз басым ағаларым кісіге қылдай қиянат қылады дегенге сенбеймін. Бізді мазаламаңыздар. Басқа ештеңе айта алмаймын» деді.

Олардың қайда жүргенін жолдастары да біле алмай дал. Жұбанов атындағы университеттің экономика факультетінде Аманжан Рысқалиевпен бір топта оқығанын айтқан Ақмарал есімді Ақтөбе тұрғыны оған «аса қауіпті қылмыскер» сияқты соншалықты ауыр айыптар тағылғанына қайран қалады.

"Ақжол" партиясының парламенттегі бұрынғы депутаты Аманжан Рысқали.
"Ақжол" партиясының парламенттегі бұрынғы депутаты Аманжан Рысқали.
«Біз бірге оқығанбыз. Тоқсаныншы жылдардың соңы болатын. Аманжан дәулетті отбасының баласы екенін білетінбіз. Бірақ ол өте қарапайым, бауырмал еді. Кісіге үйірсек болатын. Сабақтан кеш шықсақ, көлігімен үйді-үйімізге жеткізіп салатын. Асханаға апарып тамақтандыратын. Бір топтағы тоғыз студенттің қай-қайсысынан сұрасаңыз да Аманжан туралы жаман сөз айтпайды» деді ол.

Сарапшылар кезінде Ақтөбе облысының әкімі, экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, мәжіліс спикері, президент әкімшілігінің жетекшісі болған «Аслан Мусиннің ықпалымен саяси карьера жасады» деп сипаттайтын ағайынды Рысқалиевтардың істі болуы Мусиннің құлдырауымен сәйкес келді.

2012 жылы есеп комитетіне төраға болып тағайындалған Аслан Мусин биыл қаңтарда ол қызметтен де босап қалған болатын. Кейбір жергілікті сарапшылар Ақордаға ықпалын күшейткен жаңа саяси топтар «Мусиннің өзі мен адамдарын» осылайша ығыстырып жатыр деп тұспалдайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG