Accessibility links

Сот: "Рысқалиев тобының" күдіктісі аштық жариялады


Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.
Атырау облысының бұрынғы әкімі "Бергей Рысқалиев құрды" деп сипатталған қылмыстық топқа қатысты айыпталушы әйел аштық жариялады. Бұл туралы бүгін Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевке сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.

Ғалиевтің айтуынша, "Рысқалиев тобына" қатысты аштық жариялаған айыпты - "Ақтөбехаусконстракшн" және BNB Constraction кәсіпорындарының бұрынғы бас есепшісі. "Рысқалиев тобының" үстінен жүріп жатқан сотта айыпталушы мен оның адвокаты соттан оны қамауда ұстау шарасын өзгертуді және жауапты қазақ тілінде беруді сұрап өтініш берген. Бірақ сот оның қазақ тілінде жауап беру өтінішін ғана қанағаттандырған соң, айыпталушы аштық жариялаған.

Боранбай Ғалиев айыпталушының сот отырыстарына қатысып жатқанын айтқан.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап тигенін" хабарлаған еді.

Қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы 9 серігіне қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылады деп мәлімдеген.

Қазір Атырауда қаңтардың 23-і күні басталған "Рысқалиев құрған қылмыстық топ мүшелеріне" қатысты сот жалғасып жатыр. Ағайынды Рысқалиевтерге қатысты соттың қашан өтетіні әлі белгісіз.
XS
SM
MD
LG