Accessibility links

ВИЧ жұққан балалардың сегізі шетінеген


ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр, «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.
ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр, «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.

Осы аптада "2013 жылы Қазақстанда 1 мың 941 адам ВИЧ жұқтырды" деген ресми есеп жарияланды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында әрбір жұмыс күні орташа есеппен бір адам ВИЧ жұқтырып, СПИД орталығына тіркеледі.

2006 жылғы мамыр айында Шымкенттегі ауруханалардың бірінде қан құю кезінде 149 баланың ВИЧ дертін жұқтырғаны туралы ақпарат жария болған. Олардың ішінде шымкенттік Ферузаның (аты өзгертіліп берілді) екі жарым жастағы баласы Фархат бар еді. Сол кезде пневмония диагнозымен ауруханада ем қабылдап жатқан Фархат өмір бойғы дертке душар болды.

«АЛЛЕРГИЯ ДЕП АЛДАЙМЫЗ»

«Шымкентте 4 бала, артынан 13 бала ВИЧ жұқтырды деген ақпарат тарап жатты. Облыстық СПИД орталығының қызметкерлері үйге баламды іздеп келгенде, қорқып кеттік. Алғашында бізге ешкім көмектеспеді, ештеңе түсіндіргісі келмеді» дейді Феруза.

Бүгінде Фархаттың жасы тоғыздан асты. Мектеп оқушысы. Иммунитеті әлсіз болғандықтан аурушаң. Әлі күнге өзінің ауруын білмейді. Ата-анасы мен ет жақын туыстары дертін құпия сақтап келеді. Феруза баласымен бұл туралы ашық әңгімелескен емес. Жүрексінеді. Фархат кейде неліктен 3 ай сайын ауруханаға баратынын, үздіксіз дәрі-дәрмек ішетінін сұрайды. Әке-шешесі «сенде аллергия бар» деп алдаусырататындарын айтады.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер, «Ана мен бала» орталығы. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.
ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер, «Ана мен бала» орталығы. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.
Ал сол кезде алты баланың анасы болған Айманның (аты өзгертіліп берілді) сүт кенжесі де ВИЧ жұқтырған. Айман бұл дерт туралы көпшілік арасында біржақты теріс түсінік орнап қалғандықтан өзінің әлеуметтік оқшаулауға ұшырағанын күйзеле баяндайды.

«6 ай бойы ешкімге тіс жармадық. Енем баламның бұл ауруға шалдыққанын естігенде аязды күні алты баламмен далаға қуып шықты. Мектеп директоры мен мұғалімдері «отбасында ВИЧ-пен ауыратын бала бар» деп үлкен балаларымды мектепте оқытпай тастады. Көршілеріміз бізбен араласпай, дүкенге кіргізбей қойды» дейді Айман.

АҚПАРАТ ЖЕТІМСІЗДІГІ

«Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева ВИЧ/СПИД-ке шалдыққан адамдарды қоғамнан шеттетпеу басты мақсатымыз дейді. Дегенмен, өкінішке қарай, көпшілік ВИЧ жұқтырған кішкентай балалардан да қорқады. Мәселен, қор Шымкенттегі бірнеше жоғары оқу орындарында сауалнама жүргізгенде «Егер сіз оқып жатқан оқу орнында ВИЧ вирусын жұқтырған студент оқыса қалай қарар едіңіз?» деген сұрақ қойғанда, «Бұл баланы өртеп жіберетін едім» деп жауап бергендер де болған.

2006 жылдан бері аталмыш қорға дерті бар 1-21 жас аралығында 234 адам тіркелген. Жаппай ВИЧ жұқтырған балалардың алды бүгінде 20-21 жасқа толған. Олардың екеуі биыл үйленбекші.

«Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева. Шымкент, 10 ақпан 2014 жыл.
«Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева. Шымкент, 10 ақпан 2014 жыл.
Мамандар «ең қиыны – балаларға өз диагнозын жариялап айту» дейді. Осы қиындықты жеңу мақсатында қайырымдылық қорында жасөспірімдер орталығы жұмыс істейді. Жанетта Жазықбаева дертке шалдыққан бала өсіп, 11-14 жасқа келгенде психологтарды және тағдырлас өзге балаларды қатыстыра отырып, пациентке оның нақ диагнозын естірту керек деп есептейді.

Қор өкілдері ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандарды қоғамға бейімдеу үшін денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше әлеуметтік жобалар жібергендерін, әзірше жауап алмағанын айтады. Олардың сөзінше, қорға жергілікті әкімдік қолдау көрсеткен.

«2006 жылы бізге тіркелген өмір бойы дертке шалдыққан балалардың 12-сі кәмелеттік жасқа толды. 2-3 жылдан соң олардың саны жүзге жетеді. Мемлекет айықпас дертке шалдыққан балаларға тек 18 жасқа толғанша жәрдемақы береді. Одан кейін балалар қалай, қайтіп күн көреді, мұны ескермейді» дейді Жанетта Жазықбаева.

Ол, әсіресе, ауылдық жерлерде науқастардың әлеуметтік және еңбек құқықтары шектеледі, құлақтандыру жұмыстарын сонда жүргізу керек деп санайды.

ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕУ ҚИЫНДЫҚТАРЫ

Былтыр Шымкенттегі жекеменшік мектеп-гимназиялардың бірінің директоры «ВИЧ инфекциясын жұқтырған екі оқушыны мектептен шеттеткені» туралы хабарланған.

«Бүгінде қудаланған оқушылар қаладағы басқа білім ошақтарында оқып жүр. Бұл жағдай ата-аналарға ауыр тиді. Мұндайда көбіне балалар емес, ата-аналар қатты қиналады» дейді қордың төрайымы.

Қожахмет Маширов, Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары. Шымкент, 10 ақпан 2014 жыл.
Қожахмет Маширов, Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары. Шымкент, 10 ақпан 2014 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысы СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы орталыққа ВИЧ жұқтырып тіркелгендердің саны азайғанын айтады. Мысалы, 2012 жылы 184 адам тіркелсе, 2013 жылы 170 адамда бұл дерт анықталған. Биылғы ақпанның 10-ына дейін 2 мың 390 адам орталыққа келіп, көмекке жүгінген. Аймақта орта есеппен бір жұмыс күнінде ВИЧ жұқтырған бір адам тіркеледі екен.

Облыста ВИЧ инфекциясын жыныстық қатынас арқылы жұқтыру жиілегені байқалады. Мәселен, ресми статистикаға сәйкес өткен жылы облыста осы дертке шалдыққан 170 адамның 63 пайызы ВИЧ инфекциясын жыныстық қатынас кезінде жұқтырған. Айықпас дертке шалдыққан 43 әйел жүкті болып, бала тапқан. Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ/СПИД инфекциясын жұқтырған адамдардың басым бөлігі 20 мен 39 жас аралығында.

2006 жылы Шымкент ауруханаларының бірінде жас сәбилерге қан құю кезінде жаппай ВИЧ дерті жұққаны анықталған еді. Бұл жағдайға қатысты жауапты медициналық мекмелер мен әкімшілік қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2007 жылдың маусым айында осы іс бойынша сот үкім шығып, айыпталушы 21 адамның төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айрылған. Бұл қайғылы оқиғадан кейін аурухана ішінде ВИЧ жұқтыру фактілері қайта тіркелмеген. Бірақ сол кезде айықпас ауру жұқтырған 149 баланың 8-і шетінеп кеткен.

Бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша түрлі себеппен ВИЧ жұқтырған балалардың жалпы саны – 235. Осы аурудан жалпы саны 13 бала шетінеген.
XS
SM
MD
LG