Accessibility links

Киевтегі қақтығыстарда 18 адам мерт болған


Киевтегі тәуелсіздік алаңы - Майдан. 18 ақпан 2014 жыл. Телеарна хабарынан скрин-шот.
Киевтегі тәуелсіздік алаңы - Майдан. 18 ақпан 2014 жыл. Телеарна хабарынан скрин-шот.
Сейсенбі күні Украина астанасында шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстан кемінде 18 адам қаза болғаны хабарланды.

Сейсенбі күні билік Киевтегі Тәуелсіздік алаңында (Майдан) тұрған шерушілерге алаңды сағат 18.00-ге дейін босату туралы талап қойып, одан соң "тәртіп орнату үшін барлық заңды шараларды қолданылатынын" ескерткен еді. Белгіленген уақыт өткен соң алаңды демонстранттардан күшпен тазартпақ болған полицияның әрекетіне бірнеше мың шеруші қарсылық көрсеткен. Полиция көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқпен атқан. Қақтығыстар барысында екі жақтан да адамдар мерт болғаны туралы ақпараттар тарады.

Телеарналар алаңда демонстранттар тіккен шатырлар жанып, шерушілер штабы орналасқан кәсіподақ үйінің бірнеше қабаты өртеніп жатқанын көрсетті. Үкімет Киевке сырттан келушілерге шектеу қойып, қалада метро қозғалысы тоқтатылды.

Украина ішкі істер министрлігі қақтығыстар салдарынан 184 полиция қызметкері жараланғаны, олардың 35-і ауыр халде екенін хабарлады. Қала билігі шерушілерден 200-ден астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді.

Өткен түнде президент Виктор Януковичпен оппозиция жетекшілері Виталий Кличко және Арсений Яценюк кездескен. Янукович полицияның арнайы жасағын Майданнан әкету туралы оппозицияның қойған талабын орындаудан бас тартты деп мәлімдеді Кличко.

Бұған дейін АҚШ вице-президенті Джо Байденнің президент Януковичті күш қолдануды дереу тоқтатып, жағдайды бейбіт жолмен реттеу үшін оппозициямен келіссөздер өткізуге шақырғаны туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни хабарлады. Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Януковичті "дағдарыстың түпкі себептерін жоюға" шақырды.

Украинаның батыс аймақтарында, соның ішінде Львов, Ивано-Франковск және Тернопольде үкіметке наразылар билік ғимараттары мен полиция кеңселерін шабуылдағаны туралы хабарланды.

Украинада билікке қарсы наразылық былтыр қарашада ел үкіметі Еуропа Одағымен сауда-экономикалық әріптестік орнату туралы келісімнен бас тартқан соң басталған еді.
XS
SM
MD
LG