Accessibility links

Биліктен қуылған Януковичтің қайда екені белгісіз


Үкіметке қарсы шеруге қатысушылар Киевтің Тәуелсіздік алаңында Украина гимнін шырқап тұр. 22 ақпан 2014 жыл.
Үкіметке қарсы шеруге қатысушылар Киевтің Тәуелсіздік алаңында Украина гимнін шырқап тұр. 22 ақпан 2014 жыл.

Жексенбіде Киевте сәл тыныштық орнады. Сенбіде парламент президент Виктор Януковичті биліктен шеттетіп, оның басты қарсыласы Юлия Тимошенконы түрмеден босату жайлы шешім қабылдаған еді.

Парламент ел президенті Виктор Януковичті биліктен шеттету және мамырдың 25-інде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы қаулы қабылдағанымен, үкіметке қарсы наразылық жиынына қатысушылар алдында ақпанның 22-сі күні кешкісін сөз сөйлеген Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко наразылықты тоқтатпауға шақырды.

«2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталып, жаза мерзімін өтеп жатқан Харьков қаласынан түрмеден бостандықққа шығысымен Киевке ұшып келген Тимошенко Тәуелсіздік алаңына жиналған шерушілердің алдына мүгедектер арбасымен (омыртқасына зақым келген) шықты. Ақпанның 21-і күні Украина парламенті қылмыстық кодекстегі экс-премьерге тағылған баптан қылмыстық сипатты алып тастау туралы заң қабылдаған еді.

– Сіздер – Украинаның қаһармандары, бетке ұстар мақтанышысыздар, - деді Юлия Тимошенко Майданға жиналғандарға.

Украина экс-премьері Юлия Тимошенко Тәуелсіздік алаңында. Киев, 22 ақпан 2014 жыл.
Украина экс-премьері Юлия Тимошенко Тәуелсіздік алаңында. Киев, 22 ақпан 2014 жыл.
Тимошенко осы аптада Киевте қаза тапқан ондаған шерушінің өлімі үшін Янукович пен оның серіктерін жауапқа тартуға шақырды.

– Егер бізге жол ашқан жандардың өмірін қиғандарды, студенттеріміз бен бейбіт діндарларымызды ұрып-соққандардың бірін қалдырмай жазаламасақ, қаза тапқандардың аруағы бізді кешпейді, - деді Тимошенко өз сөзінде.

Жексенбі күні Украинаның денсаулық сақтау министрлігі осы аптада милиция мен шерушілер қақтығысы кезінде 82 адам қаза тауып, 645 адам жараланғанын хабарлады.

Сенбі күні кешкісін астанадан кетіп қалған Виктор Януковичтің қайда екені әлі белгісіз. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, ақпанның 21-і күні мемлекеттік шекара қызметі Виктор Янукович отырған ұшақтың Донецкіден әуеге көтерілуіне рұқсат бермеген.

Сенбі күні Жоғарғы Рада Украина ішкі істер министрі міндетін атқару қызметіне тағайындаған Арсен Аваков мұндай оқиғаның болғанын растады. «Януковичтің ұшып кетуіне мүмкіндік бермеген соң ол оққағарларымен бірге автомобильге отырып белгісіз жаққа кетіп қалған» деп хабарлады ол.

Аваковтың хабарлауынша, ІІМ мен облыстық ішкі істер басқармаларының кейбір қызметкерлерінің соңғы болған оқиғалар кезіндегі іс-әрекеттері мен шерушілерге қарсы зорлық-зомбылық көрсету фактілері бойынша тексеру басталған.

Ақпанның 22-і күні кешкісін Украинаның UBR телеарнасына берген сұхбатында Виктор Янукович отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. Ол елде болып жатқан жайттарды «бандитизм», «мемлекеттік төңкеріс» деп атап, Жоғарғы Раданың сенбі күні қабылдаған барлық шешімдерін «заңсыз» деп мәлімдеді.

Виктор Янукович украиндық UBR телеарнасына сұхбат беріп тұр. 22 ақпан 2014 жыл.
Виктор Янукович украиндық UBR телеарнасына сұхбат беріп тұр. 22 ақпан 2014 жыл.
– Елден ешқайда кетпеймін, отставкаға кететін ойым да жоқ. Мен – заң жүзінде сайланған президентпін. Маған ара ағайындыққа жүрген халықаралық бітімгерлердің бәрі кепілдік берген. Қауіпсіздік кепілдігін берген. Олар бұл рөлін енді қалай орындайтынын көремін, - деді Янукович сұхбатында.

Еуропалық одақ пен АҚШ Тимошенконың қамаудан босатылуын құптады. Сенбі күні Ақ үй «мықты, өркендеген, біртұтас және демократиялық Украинаны» қолдау үшін АҚШ өзінің одақтастары және Ресеймен бірге жұмыс істейтіні туралы мәлімдеме таратты.

Еуроодақ (бұдан бұрын француз, поляк және неміс дипломаттары Януковичпен келіссөз жүргізіп, Украина билігі мен оппозицияның бітімге келуіне көмектескен) «саяси дағдарыстың ұзақ мерзімді шешімін» табу қажеттігі туралы мәлімдеді.

Оған дейін Мәскеу «бұрынғы міндеттемелерінің бірін де орындамаған Украина оппозициясы Украинаның конституциялық құрылысы мен территориялық тұтастығына тікелей қауіп төндіретін қарулы адамдар мен экстремистердің ығына жығылып, жаңа шарттар қоюды жалғастырып отыр» деп мәлімдеген еді.

Сенбі күні Харьков қаласында Украинаның шығыс облыстары делегаттарының съезі өтті. Съезде «Украинаның Жоғарғы Радасы террор, қарудың күшімен қорқыту-үркіту жағдайында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Украина парламенті өз шешімдерін ерікті және заңға сәйкес қабылдағаны күмән тудырады» деген мазмұндағы қарар қабылдады. Қарарда съез депутаттары Киевте конституциялық тәртіп орнағанға дейін жергілікті органдарды аймақтардағы конституциялық құрылысты қамтамасыз ету жауапкершілігін өзіне алуға шақырған.

Былтыр қараша айының соңында Виктор Янукович Еуроодақпен келісімге қол қоюдан бас тартқаннан кейін Украинада үкіметке қарсы наразылық шерулері басталған еді.
XS
SM
MD
LG