Accessibility links

Кеден Одағының салқыны Daewoo-ге де жетті


Өзбекстанда шығатын Daewoo көліктері. Алматы, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстанда шығатын Daewoo көліктері. Алматы, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанда жасалған Daewoo көлігін Қазақстанға әкелуге тыйым салынғаны расталды. Қарапайым тұрғындар «Бұл Ресей көліктерін өткізудің – бір жолы» деп болжайды.

Алматы маңындағы ауылдардың бірінде тұратын Болат Еркімбаев үш жылдан бері Өзбекстанда жасалған Daewoo Nexia көлігін мініп жүргенін айтады.

"Әуелі мінгенім Ресейдің ВАЗ-21099 көлігі болатын. Оның жүргенінен тұрғаны көп еді. Қаңқасы үйдің қасында әлі жатыр. Сосын мына көлікті алдым. Ауыл мен қаланың арасына кісі тасимын. Үш жыл болды, бір күн тоқтаған жоқ. Күнделікті нан-суымды, бала-шағамның ары-бері жүретін жолақысын осымен тауып жүрмін" дейді Болат Еркімбаев.

«БҰЛ – РЕСЕЙДІҢ ЛОББИІ»

Өзіне дейін екі адам мінген Daewoo Nexia-ны «артық қаражатты талап етпейтін көлік» деп мақтаған Болат Еркімбаев «көктем шыға мұны сатып, жаңасын аламын» деген жоспарының талқан болғанын айтады.

Болат Еркімбаев Қазақстанның бір себеп ретінде «қауіпсіздік жастығы жоқ» деген сылтаумен Өзбекстанда жасалған көліктерді әкелуге тыйым салуын «одан қымбат Ресей көліктерін өткізудің бір жолы» деп біледі.

"Мәселе қауіпсіздік жастығында емес, жүргізушінің мәдениетінде" дейді ол.

Саясаттанушы Мұхит Асанбаев.
Саясаттанушы Мұхит Асанбаев.
Саясаттанушы Мұхит Асанбаев та «үкіметтің бұл қадамы – Қазақстанда Өзбекстан машиналарына бәсекелес бола алмай тұрған Ресей көліктерін қорғау үшін жасалған саяси шешім» деп біледі.

"Қазақстан бұдан бұрын қозғалтқыш көлемі үш литрден жоғары машиналардың салығын көбейтті. Бұл – Ресей көлігінің лоббиі еді. Өйткені Ресей көліктері моторының сыйымдылығы екі литрден аспайды. Енді мотор сыйымдылығы аз өзбек көліктеріне қарсы «техникалық қауіпсіздік» деген уәж қолданып, тағы да Ресей лоббиін іске асырып отыр" дейді саясаттанушы

«ӨЗБЕК КӨЛІКТЕРІ ҚАУІПСІЗДІК РЕГЛАМЕНТІНЕ САЙ ЕМЕС»

Өзбекстанда жасалған Daewoo көліктерін Қазақстанға әкелуге тыйым салынғанын Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау ақпанның 24-і күні Астанада өткен баспасөз жиынында растады.

Ол мәселе «2015 жылдан бастап Кеден Одағына мүше елдерге ортақ техникалық регламент енгізілетініне байланысты» екенін айтады.

"Өзбекстандық көліктер сол талапқа сай емес. Ал бізде шығарылатын көліктердің барлығы қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Тек «Нива» көлігінен
Ресейде жасалған "Нива" көлігі. Алматы, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейде жасалған "Нива" көлігі. Алматы, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
басқасы... Айтпақшы ол да болашақта өндірістен шығарылады" деді вице-министр.

Кеден Одағына мүше елдерге ортақ техникалық регламенттің жайын Азаттық тілшісіне индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты өнеркәсіп комитетінің өкілі айтып берді.

"Өзбекстаннан шығарылатын Daewoо маркалы көліктер Кеден Одағының «Дөңгелекті көліктердің қауіпсіздігі жөніндегі» регламентіне сай келмейді. Яғни олардың қауіпсіздік жастықшасы, ABS, балалар орындығы бекітелетін ISOFIX стандартындағы қондырғысы сияқты құрылғылары жоқ" деп түсіндірді аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкер.

​Министрлік өкілі Азаттық тілшісінің «Сіз атаған қауіпсіздік құрылғылары жоқ Ресей көліктеріне де тыйым салына ма?» дегені сауалына «Бұл туралы ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді.

​«Регламент талабына сай келмеген Daewoo Nexia мен Daewoo Matiz Қазақстанға 2014 жылдың 5 қаңтарынан бері кіргізілмегенін, қазір бұрын әкелінгендері ғана сатылып жатқанын» өзбекстандық Uz-Daewoo компаниясының Қазақстандағы өкілдігі бұған дейін ақпарат құралдарына мәлімдеген еді.

Өзбекстанда жасалған Daewoo маркалы көліктің Nexia және Matiz үлгілері – Қазақстанда танымал көліктер. Компанияның дерегінше, Қазақстанда 2013 жылы бұл көліктердің 13 мыңнан астам данасы сатылған.
XS
SM
MD
LG