Accessibility links

Шетелдік футболшылар жаппай азаматтық алды


Қазақстан кубогі ойынының бір сәті. (Көрнекі сурет)
Қазақстан кубогі ойынының бір сәті. (Көрнекі сурет)

Футбол маусымы басталар сәтте шетелдік 13 футболшы Қазақстан азаматтығын алды. Азаттық шетелдіктердің жаппай Қазақстан төлқұжатын алу себебіне үңіліп көрді.

Ресейлік Тарас Цариков биыл «Ақтөбе» клубына ауысып келді және Қазақстан азаматтығын алды. Ал 2012 жылдан бері Қазақстан чемпионатында ойнап жүрген беларусьтік Игорь Зенкович те биыл осы елдің азаматы атанды. Бұл футболшы да биыл «Ақтөбе» клубында ойнайды. Қос футболшының азаматтық ауыстырғанын ақтөбелік футбол командасының баспасөз қызметі растады.

Биыл беларусь Евгений Постников («Астана») және Филип Рудик, Михаил Афанасьев пен Дмитрий Пархачев («Атырау») Қазақстан азаматтығын алды. Бұл ақпаратты Беларусь футбол одағы растады. Үш футболшы да қазақстандық клубтарға биыл ғана ауысқан.

«Қайрат» командасы өз сапындағы ресейлік қос футболшы Дмитрий Хомич пен Михаил Бакаевтың Қазақстан азаматы болғанын растады. «Атырауда» ойнайтын ресейлік Марат Буртуев та жақында Қазақстан төлқұжатына ие болды.

Қазақстан азаматтығын алған Ресей футболшысы Михаил Бакаев. (Суретті "Қайрат" футбол командасының баспасөз қызметі ұсынды)
Қазақстан азаматтығын алған Ресей футболшысы Михаил Бакаев. (Суретті "Қайрат" футбол командасының баспасөз қызметі ұсынды)
​Ал қызылордалық «Қайсарға» келген украиналық Евгений Ширяев та жақында Қазақстан азаматы атанды.

«Тобыл» командасының ресми сайтында қырғызстандық Рауль Жалилов, молдовалық Игорь Бугаев, македониялық Никола Тонаев енді Қазақстан азаматтары екені жазылған. Игорь Бугаев пен Никола Тонаев Қазақстан чемпионатында 5 жылдан бері ойнайды. Заң бойынша, Қазақстанда бес жыл тұрып, қызмет еткен адам азаматтыққа тапсырыс бере алады. Азаттық тілшісі кейбір футболшылардың не себепті аз уақыт ішінде төлқұжат алып жатқаны туралы анықтап көрді.

Қазақстан әділет министрлігінің ресми мәліметі бойынша, бірқатар футболшылардың Қазақстан азаматтығын алуы заңды түрде жүзеге асқан болып шығады. Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, Ресей, Беларусь, Украина және Қырғызстан азаматтарының Қазақстан азаматтығын алу тәртібі оңайлатылған.

Бұрынғы СССР аумағында тұрған және постсоветтік елдердің бірінде дүниеге келген адам Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіп бойынша жылдам алады.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛУҒА НЕ СЕБЕП?

Қазақстан футбол федерациясының регламентіне сәйкес әр командада тек жеті легионер болуы тиіс және әр клуб бір ойынға тек бес легионер қоса алады. Футбол шолушысы Рауан Оқасов шетелдік легионер футболшылардың Қазақстан азаматы атануына клубтардың өздері мүдделі екенін айтады.

«Командалар алаңға мықты шетелдік легионерлерді шығарғысы келеді. Бірақ оған шектеу қойылған. Ереже бойынша, алаңға шығатын ойыншының бесеуі легионер, алтауы қазақстандық болуы тиіс. Осы лимитке ілініп қалмау үшін командалар шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын алып бергісі келеді.

Футболшылар Қазақстан азаматтығын алу арқылы осы лимитке ілінбейді» дейді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен бірқатар футбол мамандары мен жанкүйерлері легионерлердің жаппай Қазақстан азаматтығын алуына ұсынылатын жалақының молдығы да себеп болды деп санайды.

Еуропа лигасы іріктеу кезеңіндегі "Ақтөбе" (Қазақстан) - Хедд (Норвегия) ойынындағы ақтөбелік жанкүйерлер. 26 шілде 2013 жыл. Ақтөбе (Сурет "Ақтөбе" командасының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
Еуропа лигасы іріктеу кезеңіндегі "Ақтөбе" (Қазақстан) - Хедд (Норвегия) ойынындағы ақтөбелік жанкүйерлер. 26 шілде 2013 жыл. Ақтөбе (Сурет "Ақтөбе" командасының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
Құрамындағы үш ойыншы Қазақстан азаматтығын алған «Қайрат» командасының президенті Қайрат Боранбаев наурыздың 11-і күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Кейбір легионерлер Қазақстан азаматтығын өздері алғылары келді. Спорттың барлық түрлерінде спортшылар азаматтық ауыстырып жатады. Бұл – табиғи жағдай» деген.

Ал Қазақстан футбол федерациясы шетелдік ойыншылардың жаппай Қазақстан азаматтығын алуына қатысты алаңдаушылық білдірді. ҚФФ бұл мәселені наурыздың 10-ы күні Астанадағы арнайы отырыста талқылады. Олар 2015 жылы легионер ойыншыларға қатысты ережеге өзгерту енгізуді жоспарлап отыр.

«Бұрын шетелдік клубтарда ойнап, кейін Қазақстанға ауысып келген басқа елдің футболшылары Қазақстан азаматтығын алса да, легионер болып саналмақшы. Бұл ереже 2015 жылы күшіне енуі мүмкін» деді ҚФФ вице-президенті Михаил Гурман.

Қазақстанның биылғы футбол маусымы туралы мәліметтерді төмендегі инфограммадан біле аласыз:

XS
SM
MD
LG