Accessibility links

«Шахтер» жеңісінің бірнеше себебі айтылды


"Шахтер" мен Celtic матчынан шыққан жанкүйерлер. Астана, 20 тамыз 2013 жыл.

«Шахтер» мен Celtic кездесуінің алдында қазақстандық команданың 2:0 есебімен жеңетініне көп адам сенбеді. Алайда «Шахтердің» «британдық стилі» Celtic шеберлігіне төтеп берді.

Матчтың 12-минутында «Шахтер» футболшысы Андрей Финонченко командаластары берген пасты сәтті пайданалып, есеп ашты. Ал 77 минутта Сергей Хижниченко да Celtic қорғаушыларын алдап өтіп, гол соқты. Қорытынды есеп - 2:0.

Енді қарымта матч тамыздың 28-і күні Глазго (Шотландия) қаласында өтеді. Қос кездесудің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығады.

«ЕНДІГІ МАҚСАТ – ТЕҢ ТҮСУ»

УЕФА рейтингіндегі орны әлдеқайда төмен «Шахтердің» әлемге танымал Celtic клубын ұтуы Еуропа футболындағы сенсация дейді жанкүйерлер.

Қазақстандық жанкүйерлер мен команда бапкерінің сөзіне қарағанда, жеңістің нақты себептері бар. Азаттық тілдескен мамандар мен футбол фанаттары әуелі «Шахтердің» қарымта шабуылдар тактикасын, еуропалық клубтар алдындағы психологиялық қорқынышты жеңгенін, бапкердің біліктілігін, стадионға келген қазақстандықтардың бұрын-соңды болмаған қолдауын айтты.

Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі "Шахтер" (Қарағанды) - "Скендербеу" (Албания) арасындағы матчына келген жанкүйерлер. Астана, 30 шілде 2013 жыл. Астана (Сурет vesti.kz сайтынан алынды)
Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі "Шахтер" (Қарағанды) - "Скендербеу" (Албания) арасындағы матчына келген жанкүйерлер. Астана, 30 шілде 2013 жыл. Астана (Сурет vesti.kz сайтынан алынды)
Футбол маманы Асқар Қожабергенов ойыннан кейін Азаттыққа берген сұхбатында «Шахтер» Celtic-ті тактикалық тұрғыдан жеңгенін айтты.

- «Шахтер» екі голды да қарымта шабуылдан салды. Бұл - бапкердің ойынға құрған тактикасының нәтижесі. Бірақ бұл жеңіс чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықтық дегенді білдірмейді. Шотландияда болатын ойын «Шахтерге» өте қиын тиеді. Топтық кезеңге шығу үшін тең түссек болды, - дейді футбол бапкері.

Спорт журналисі Рауан Оқастың айтуынша, Celtic чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу мәселесін Астанада бірден шешіп тастау үшін келген.

- Олар жеңетіндеріне сенімді болды. Есесіне «Шахтер» да алаңға қорықпай шықты. Өйткені олар ұтылса да, ешкім айып тақпас еді. Жеңіске жетуге стадиондағы жанкүйерлердің де ықпалы болды. Бірақ қазақстандықтарға әлі қуануға ертерек. Чемпиондар лигасының тобына шығуға мүмкіндік 50-50 болып тұр, - деді.

Футбол фанаты Ғабит Кәдірбаевтің ойынша, «Шахтердің» жеңісіне бапкер Кумыковтың қосқан үлесі мол».

«БІЗ ӘЛІ ЖЕҢІЛГЕН ЖОҚПЫЗ»

Ал Celtic командасының бас жаттықтырушысы Нил Леннон Глазгода өтетін ойында есе қайтарып, қос матч қорытындысы бойынша Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығатынына сенімді.

Виктор Кумыков, "Шахтер" командасының бас бапкері. Сурет команданың ресми сайтынан алынды.
Виктор Кумыков, "Шахтер" командасының бас бапкері. Сурет команданың ресми сайтынан алынды.
- «Шахтер» британдық футбол стилінде ойнады. Яғни допты ойынға жылдам қосады, стандартты жағдайларды, айып добы, бұрыштама добын жақсы береді. Бірақ біз әлі жеңілген жоқпыз. Шотландияда өтетін ойында қателіктерді жөндеп, жеңуге тырысамыз, - дейді ол.

«Шахтер» бапкері Виктор Кумыков:

- Астанадағы ойында біз қарсыласымыздан толық басым түстік. Бірақ қос команда арасында бәрібір Celtic фаворит саналады. Енді бар мәселе тамыздың 28-і күні Глазгода шешіледі, - деді.

«ЖАНКҮЙЕР МҰНДАЙ ҚУАНЫШҚА ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫНДА БӨЛЕНГЕН»

«Шахтердің» жеңісі әлеуметтік желілерде бірден басты тақырыпқа айналды.

Әсем Қабылбекова есімді интернет қолданушы «Қазақ жанкүйерлері дәл осындай қуанышқа соңғы рет Лондон олимпиадасында бөленген еді. Енді, міне, «Шахтердің» жеңісіне сүйінші сұрап отырмыз» деп жазды.

Серғали Балажан атты адам «Шахтердің» жеңіске жетуіне матч алдында «Шахтер» клубы құрбандыққа шалған қой мен жанкүйерлер тілегі көмектесті» деп жазды.

Ал Дәнеш Байболатов есімді журналист өз парақшасына «Сансыз жиын, саммиттің тындыра алмаған шаруасын (Қазақстанның жарнамасын айтады - ред.) шотландықтардың қақпасында екі мәрте тулаған доп дөңгелетті» деп жазды.

Celtic командасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін 28 тамызда Глазгода өтетін матчта кем дегенде 3:0 есебімен жеңіске жетуі керек. Ал «Шахтерге» тең ойынның өзі жеткілікті.

"Шахтер" жанкүйерлерінің қуанышын мына видеодан көре аласыздар:
Футбол жанкүйерлері
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қазақ тілінде редактор. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан, Джакартада өткен Азия ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікірлерді көріңіз (8)

Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
XS
SM
MD
LG