Accessibility links

ЕО мен АҚШ-тың Ресейге қарсы алғашқы «қарымтасы»


ЕО сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон (оң жақта) мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг (сол жақта) ЕО сыртқы істер министрлері кездесуінде. Брюссель, 17 наурыз 2014 жыл.
ЕО сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон (оң жақта) мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг (сол жақта) ЕО сыртқы істер министрлері кездесуінде. Брюссель, 17 наурыз 2014 жыл.

Украинаның Қырым түбегінде Ресейге қосылу жөнінде референдум өтті. Бір күннен соң ЕО мен АҚШ Ресей мен Қырым шенеуніктеріне қарсы санкция жариялады.

Референдумнан кейін сайлаушылардың 96 пайызы автономияның Ресей құрамына қосылуын жақтап дауыс бергені хабарланды.

АҚШ ПЕН ЕО САНКЦИЯЛАРЫ

Ресей Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко (оң жақта) Қырым парламентінің төрағасы Владимир Константиновті қарсы алып тұр. Мәскеу, 7 наурыз 2014 жыл.
Ресей Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко (оң жақта) Қырым парламентінің төрағасы Владимир Константиновті қарсы алып тұр. Мәскеу, 7 наурыз 2014 жыл.
Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы істер министрлері бүгін Ресейдің Украинадағы әрекеттерін сынап, қатаң мәлімдеме жасады.

Бірақ олардың «Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығы бұзылды» деген қаһарлы мәлімдемелері Ресей мен Қырымның небәрі 21 саясаткерінің есепшотын тұтқындау, оларға ЕО-ға кіруге тыйым салу сияқты ортаңқол шаралардан аспады.

Болжам бойынша, тізімге Ресейдің төменгі санаттағы шенеуніктері, соның ішінде Дума депутаттары енген.

Наурыздың 17-сі күні АҚШ президенті Барак Обаманың Ресейдің жеті шенеунігінің есепшотын тұтқындау туралы бұйрығы күшіне енді. Тізімге енгендер – Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, вице-премьер Дмитрий Рогозин, президент көмекшілері Владислав Сурков пен Сергей Глазьев және тағы үш ресейлік заңгер.

Бұған дейін АҚШ Қырымның сепаратист басшылары Сергей Аксенов пен Владимир Константиновке, сонымен қатар, Украинаның биліктен қуылған бұрынғы президенті Виктор Янукович пен оның әкімшілігінің бұрынғы басшысы Виктор Медведчукқа қарсы осыған ұқсас санкциялар енгізген болатын.

ЕО санкциялары кейбір БАҚ болжағаннан әлдеқайда «жұмсақ» болып шықты. Осыған дейін «120-130 адамның тізімі қарастырылып жатыр» деп хабарланған еді. Оған Ресейдің «Роснефть», «Газпром» сияқты мемлекеттік компаниялары басшылары да кірген.

«ТІЗІМ ҰЗАРУЫ МҮМКІН»

Брюссельдегі Карнеги сараптама орталығының басшысы Ян Текау жария болып кеткен тізімнің «Ресейге тізімнің ұзаруы мүмкін екені жайлы ескерту» екенін айтты.

Ол «Бастапқыда 120 адамның тізімі жасалды. Ол Путиннен басқасының бәрін қамтыған жан-жақты тізім болды. Ресей халқы бастапқы тізімге кімдердің енгенін білуі керек. Бұл – аса маңызды жолдау. Қазіргі тізімде - 20 шақты адам. Бірақ олардың қанша екені маңызды да емес, себебі бұл тізім келешекте ұзаруы ықтимал» дейді.

Сонымен қатар, Азаттыққа берген комментариінде Чехияның сыртқы істер министрі Любомир Заоралек «жоспарланып отырған санкциялар тізімі жақын арада толықтырылуы мүмкін» екенін айтып:

- Мен бұны бастапқы тізім деп түсінемін. Ол және көп ұзамай-ақ ұзарады деп ойлаймын, - деді.

Швецияның сыртқы істер министрі Карл Бильдт Twitter желісінде «ЕО шенеуніктерінің Ресейге қарсы жаңа шаралар қолдануға дайындалып жатқанын» жазды.

ЕО ЕНДІ РЕСЕЙМЕН КЕЗДЕСПЕЙ МЕ?

Жоспарланған санкцияларға қоса, наурыздың 20-21-і күндері өтетін ЕО елдері үкімет басшыларының саммитінде Сочиде мамырда өтуі тиіс Ресей-ЕО саммитін болдырмау мәселелері қаралады. Карнеги сараптама орталығының басшысы Ян Текау «Ресейге қарсы қысымның бірден күшейетіні туралы тағы бір сигналдың бар екенін» айтады.

Қырым премьер-министрі Сергей Аксенов Ресейге қосылу туралы референдум нәтижесін тойлау салтанатында сөйлеп тұр. Симферополь, 16 наурыз 2014 жыл.
Қырым премьер-министрі Сергей Аксенов Ресейге қосылу туралы референдум нәтижесін тойлау салтанатында сөйлеп тұр. Симферополь, 16 наурыз 2014 жыл.
Ол «Тұрақты түрде өтіп келе жатқан ЕО-Ресей саммитіне қатысты бір маңызды ескерту бар. ЕО Ресеймен жылына екі рет саммит өткізеді. Ресей – ЕО осындай жиілікпен кездесу өткізетін жалғыз мемлекет. Енді ЕО-ның дипломатиялық изоляцияны салыстырмалы түрде шағын шаралардан бастағысы келетіні анық болып отыр» дейді.

Текау мырзаның айтуынша, «ЕО санкциялар мәселесін жылдам қарастырып жатыр». Ол «ЕО елдерінің жоспарланған санкциялардың келесі сатысы бойынша консенсусқа жақындап қалғанын» айтады.

Текау «Меніңше, ЕО-ның қазіргі қадамдарын «әлсіздік» деп қате түсінбеу керек. Санкциялардың екінші сатысында ЕО Ресейге қарсы салыстырмалы түрде қатаң шешім қабылдайды. Ал үшінші деңгейде Ресейге қарсы экономикалық және қаржылық шектеулер жаппай қолданылуы мүмкін. Еуропа оған әлі жеткен жоқ. Алайда екінші деңгейдің өзінде кейбір елдердің алаңдауына қарамастан, ЕО қатаң шешімдер қабылдайды деп ойлаймын» дейді.
XS
SM
MD
LG