Accessibility links

Ердоған Twitter-ді блоктан босатқан шешімді сынады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған Twitter әлеуметтік желісіне салынған тыйымды «заңға қайшы» деп таныған конституциялық соттың шешімін сынады. Ердоған өз үкіметі «сот шешіміне бағынатынын, бірақ оны дұрыс шешім емес» деп санайтынын мәлімдеді.

2 сәуір күні Түркия конституциялық соты Twitter парағын бұғаулау «азаматтардың пікірін білдіру құқығын бұзады» деп танып, оған салынған «тыйым – заңсыз» деген ұйғарым жасаған. Түркия үкіметі әлемде танымал әлеуметтік желіні наурыздың 21-інен бастап бұғаулап тастаған. Оған дейін Twitter арқылы тараған сілтемелер Ердоған басқаратын үкімет мүшелерінің коррупцияға қатысы болуы ықтимал екенін меңзейтін телефон әңгімелерінің интернетке қойылған аудиожазбаларды табатын.

Түркия бұқаралық ақпарат құралдары 4 сәуір күні таңертең YouTube порталын да бұғаудан босату туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Сирияда әскери операциялар жүргізу мүмкіндігін талқылап отырған жоғары лауазымды шенеуніктердің әңгімесі жазылған бейнетаспа жарияланғаннан кейін өткен айдың соңында үкімет бұл порталды да блоктаған.

Әлеуметтік желілерге тосқауыл орнатқан Түркия үкіметінің ісіне АҚШ пен Еуропа Одағы сын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG