Accessibility links

Орнын босатқан соң Карзай қайда барады?


Көп адам Карзай биліктен кеткен соң да саяси ықпалын сақтап қалады деп болжайды.
Көп адам Карзай биліктен кеткен соң да саяси ықпалын сақтап қалады деп болжайды.

Ауғанстанда сәуірдің 5-сі күні президент сайлауы өтті. Өкілеттік мерзімі бітетін президент Хамид Карзай биліктен кетеді. Сайлауға түскен кандидаттар оны кеңесші қызметіне шақырып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, 12 жыл ел басқарып, аймақтар мен тайпалар арасындағы алауыздықты азайтып, Вашингтонмен және НАТО-мен бейбіт қарым-қатынасты сақтап қалған оның саяси тәжірибесі Ауғанстанның жаңа президентіне де қажет болатыны анық.

ҮШ КАНДИДАТТЫҢ ДА КАРЗАЙДЫ ЖІБЕРГІСІ ЖОҚ

Бір мүшелге жуық ел басқарған ауған президенті Карзайдың биліктен кететін күні де таяды. Бірақ ол елдегі саяси ықпалын сақтап қалатын сияқты. Өйткені, жеңіске бір табан жақын тұрған негізгі үш кандидаттың бәрі де Хамид Карзайды кеңесші етіп қасына алатындарын мәлімдеді. Ауғанстан президенті болуы мүмкін бұл үш адам - елдің бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани, бұрынғы сыртқы істер министрлері Абдулла Абдулла мен Залмай Расул.

Конституция бойынша үшінші президенттік мерзімге қайта сайлана алмайтын Карзай орнына жаңа басшы келген күннің өзінде ел саясатына тікелей араласып, шешуші рөл атқара беретінін айтқан. Сарапшылардың болжамынша, Карзай билік тізгінін тапсырғаннан кейін де ықпалды тұлға болып қала беру үшін алдын ала қам жасап қойған.

Ашраф Ғани.
Ашраф Ғани.
Ғани сайлауда жеңіске жеткен жағдайда елді ұзақ жыл басқарған президентке кеңесші қызметін ұсынатынын айтты. Сайлаудың алғашқы кезеңі сәуірдің 5-і күні өтті. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан артық дауыс жинай алмаса, мамыр айының аяғында дауыс берудің екінші кезеңі ұйымдастырылмақ.

Ғани сайлау қарсаңында Associated Press агенттігіне берген сұхбатында «Билікке келсем, қазіргі президент кеңестеріне жүгініп, оған құрмет көрсетемін. Әрі еліміздің тұңғыш сайланған президенті ретінде арнайы қызмет ұсынамын. Карзай елдің ішкі саясатымен қоса, аймақтық және халықаралық саясатқа қатысты да пікірін айтып отыратын болады» деді.

КАРЗАЙДЫҢ ЫҚПАЛЫ

Залмай Расулдың да шешімі осындай. Осы айдың басында британиялық Тhe Guardian басылымына берген сұхбатында ол «Карзай ерекше рөл атқаратын болады. Ол – ауған халқының тарихында шешуші рөл атқарған, әлі де жас азамат. Карзайды қолдайтындар көп. Ол кісінің өзімен осы мәселе туралы сөйлескенімде аздап демалғысы келетінін айтты» деген.

Тіпті Карзайдың ескі қарсыласы, 2009 жылғы сайлауда қазіргі президенттен жеңіліп қалған Абдулла Абдулла да орнын уақытында босатып, биліктің демократиялық жолмен ауысуына мүмкіндік бергені үшін Карзайдың атына мақтау айтты. Ол да BBC-дің Пуштун қызметіне берген сұхбатында президенттікке сайлана қалған жағдайда қазіргі президентке «жақсы орын беретінін» мәлімдеді. Бірақ ол қандай орын болатынын айтқан жоқ.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай сайлауда дауыс беріп жатыр. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай сайлауда дауыс беріп жатыр. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.
Кабулда тұратын саяси комментатор Зубаир Шафиқиге (Zubair Shafiqi) ауған сайлауында жеңіске жетуі мүмкін негізгі кандидаттардың бұлай сөйлеуі аса көп ұнамаған. Ол Карзайдың саясатта қалғанын қаламайды, бірақ оның жұртты бітістіру, аймақтық және тайпалық тартыстарды шешу ісіндегі мол тәжірибесі жаңа басшыға қажет болатынын мойындайды.

- Этникалық топтар арасында және өзінің туған өңірінде (Ауғанстанның оңтүстігі – ред.) оның ықпалы зор. Бұған қоса, Карзай Ауғанстандағы тәжік және хазар қауымдастығымен де тығыз байланыс орнатқан. Елдің барлық аумағында оның едәуір ықпалы бар, - дейді сарапшы.

Шафиқидің айтуынша, Хамид Карзайдың 12 жыл ішінде жинаған саяси тәжірибесі әсіресе билік ауысатын осындай өліара кезеңде қажет. Шетелдік әскер Ауғанстаннан жыл соңына қарай біржола кетеді, сөйтіп үкімет «Талибан» содырларымен өз бетінше күреспек.

Кабулда орналасқан Afghanistan Analysts Network зерттеу ұйымының сарапшысы Кейт Кларктың айтуынша, «үш үміткердің бәрі де Карзайдан алыстағысы келмейді».

- Оны елеусіз, керексіз болып қалады деп әсте айта алмаймыз. Билікке келген жаңа президент Карзайдың белсенді болғанын қаласа да, қаламаса да саясаттан шеттетіп, тәуекелге барудан қорқады, - дейді сарапшы.

КАРЗАЙ ПРЕМЬЕР БОЛА МА?

Сарапшылардың айтуынша, Карзай сайлаудан соң лайықты орынға отыруға қам жасаған. Президенттік таққа таласқан сегіз кандидаттың ешқайсысын ашық қолдамаса да, ол бұрынғы кеңесшісі Залмай Расулға ықылас білдірген.
Залмай Расул сайлаушылармен кездесу кезінде сөйлеп тұр. Ауғанстан, Жалалабад, 7 наурыз 2014 жыл.
Залмай Расул сайлаушылармен кездесу кезінде сөйлеп тұр. Ауғанстан, Жалалабад, 7 наурыз 2014 жыл.
Ақпарат құралдары мәліметіне қарағанда, ол бауыры Каюм Карзайды «Сайлауға түспей, Расулды қолда» деп үгіттеп, ақырында оны кандидатурасын сайлаудан алып тастауға көндірген.

Қазір «Карзай премьер-министр болады. Ресейдегі Путин мен Медведев сияқты Карзай да әлсіз президенттің қасында премьер болып жүре тұрады да, кейін билікті қайта қолына алады» деген болжамдар айтыла бастады.

Путин конституция бойынша қатарынан үшінші мерзімге сайлана алмайтын болғандықтан, 2008 жылы президенттік лауазымды Медведевке беріп, өзі премьер болды. Төрт жыл өткен соң олар орындарын қайта алмастырды.
Карзай да Ауғанстан конституциясы бойынша 2019 жылғы президент сайлауына қайта түсе алады.

Ауған үкіметінде Карзайдың шешуші рөл атқаруы АҚШ-тың қытығына тиеді. Карзай мен Вашингтон арасы соңғы айларда нашарлап кетті. Өйткені, Карзай азын-аулақ АҚШ-тың әскерінің 2014 жылдан кейін де елде қала беруін көздейтін екіжақты қауіпсіздік келісіміне ол қоюдан бас тартты. Карзай келісімнің тағдырын өзінен кейінгі президентке қалдырды.

Алайда Кабул университетінде саясаттану пәнінен дәріс оқитын Насрулла Станикзайдың айтуынша, «Вашингтон Карзайдың кеңесші болғанын құп көреді».

Абдулла Абдулла сайлаушылармен кездесу кезінде сөйлесіп тұр. Ауғанстан, Кабул, 7 наурыз 2014 жыл.
Абдулла Абдулла сайлаушылармен кездесу кезінде сөйлесіп тұр. Ауғанстан, Кабул, 7 наурыз 2014 жыл.
- Президент Карзай мен АҚШ арасының салқын тартуы аса маңызды стратегиялық мәселе емес. Меніңше, Карзайдың жаңа президентпен бірлесіп жұмыс істеуін АҚШ құптайды. Жаңа президент Карзайдың [Вашингтон және НАТО-мен жұмыс істеудегі] мол тәжірибесін пайдаланатын болады, - дейді Станикзай.

56 жастағы Карзай «бұрынғы президент» қана болып қалатындай емес, салыстырмалы түрде әлі жас. Ол өзінің ендігі жоспары туралы көп айтпайды. «Мүмкіндік болса, елге қызмет ете беремін» деп қысқа қайырады.

Жаңа президент оған қызмет бере ме, жоқ па – бәрібір де Карзай билікке «жақын» адам болып қала бермек. Қызметін жаңа президентке тапсырған соң ол президент сарайынан бірнеше жүз метр жерге арнайы салдырған үлкен коттежге көшеді.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG