Accessibility links

Ауғанстандағы сайлау баспа бизнесін қыздырды


Кабулдағы баспахана
Кабулдағы баспахана

Ауғанстандағы сайлау алдында кандидаттардан үгіт-насихат парақшаларын ел ішінде бастыру талап етілді. Сол-ақ екен баспа бизнесі гүлденіп сала берді.

«Хурасан» баспаханасында жұмыс қызып жатыр. Кабулдағы іші алакөлеңке шағын ғимарат ішінде бір топ жігіт бес-алты баспа машинасынан сайлау туралы плкаттарды, тулар мен үгіт-насихат парақшаларын басып шығарып жатыр.

Кабулдағы «Хурасан» құсаған 150 баспахана үшін президент және уәлаят сайлауы табыс көзіне айналды. Бұрын сайлауалды материалдарды кандидаттар шетелдерде бастырптып әкелетін. Бірақ биылғы сәуірдің 5-і өтетін сайлау елдің баспа индустриясына жан бітірді. Ауғанстан үкіметі кандидаттардан барлық сайлауға қатысты материалдарын ел ішінде әзірлеуді талап етіп, бизнестің дамуы мен жұмыс орындарының ашылуына сеп болды.

Ауғанстанда плакаттар мен билбордтар сайлау науқаны үшін өте маңызды құрал болып саналады. Дауыс берушілердің назарын аударуға ең қолайлы тәсіл осы. Кабулдің өзінде ғана үгітшілер қала дуалдарына ондаған мың плакат жапсырып үлгерді.
Кабулдағы "Универсал" баспаханасы
Кабулдағы "Универсал" баспаханасы


«Хурасан» баспаханасының басшысы Шафикулла тапсырысты орындап үлгеру үшін жұмысшылары 16 сағаттық ауысымға шығуға мәжбүр болғанын айтады. Ол бизнесінің ешқашан бұлайша өркендемегенін айтады. Оның баспасы толассыз түскен сайлауалды тапсырыстарынан мыңдаған доллар пайда көріп отыр.

«Сайлау науқаны кезінде бизнес жақсы жүріп жатыр. Плакаттарды көп басып жатырмыз. Кандидаттарға күн сайын 50 мыңнан 70 мыңға дейін плакат басамыз» дейді ол.

Шафиқулланың сөзінше, ақпанның басында басталған сайлау науқаны кезінде оның баспаханасы 9 президенттік кандидаттан, 34 уәлаятта жергілікті сайлауға түсіп жатқан мыңдаған кандидаттан толассыз тапсырыс алумен болған.

Кабулдағы Дех Афганан ауданында орналасқан «Памир принтинг» баспаханасының иесі Ахмад Насим президенттік кандидаттарға 50 мың плакат пен билборд банерін, ал уәлаят сайлауына қатысушыларға 120 мың плакат басып бергенін айтады.

«Күн сайын 900 бен 1000 метр арасында қағаз басып шығарамыз. Құдайға шүкір, бизнес гүлдеді. Қатты жұмыс істедік, репутациямыз жақсы, клиенттермен де жақсы байланыс орнаттық» дейді ол.

Ахмадтың айтуынша, әр плакаттың бағасы сапасына байланысты 1-6 доллар арасында. Ол кандидаттардың ішінде өзіне ең көп тапсырыс берген Абдул Расул Саяф пен Гүл Аға Шерзай екенін айтты. Екеуіне 50 мыңнан плакат басыпты.
Кабулдағы баспаханалардың бірі
Кабулдағы баспаханалардың бірі


Ауғанстанның баспаханалары биыл президент және уәлаят кеңестерінің сайлаулары кезінде 3 миллион АҚШ долларынан астам пайда тапқан.

Кабулдағы «Универсал» баспаханасының басшысы Хамидулла егер кейбір сайлау материалдары көршілес Пәкістан, Үндістан, Қытай мен Иранда басылмаса, пайда бұдан да көп түсер еді деп санайды.

Үкіметтің талабын барлық кандидаттар орындай қоймаған сияқты. Хамидулла кейбір үгіт материалдарының әлі шетелдерде арзанырақ бағаға басылып әкеліп жатқанын айтады.

Ол мұндай кандидаттарға үкімет қатаң жаза қолдануы керек деп санайды.

«Баспаханамызға қажет барлық шикізатты шетелден алдырамыз. Сол себепті бағамыз қымбатырақ. Қағазды, сияны және басқа материалдарды Пәкістаннан, Иран мен Индонезиядан алдырамыз. Кеден тарифтерін төлегесін қызметіміз де қымбаттайды» дейді ол.

Хамидулла кейбір баспаханалардың өнімін арзандату үшін алған тапсырыстарын шетелде бастыртып әкеліп жатқанына назар аудартады.

Көршілес Пәкістанның Пешавар қаласында Ауғанстандағы сайлау кезінде пайда болатын тапсырысты орындап үлгеру үшін бірқатар жаңа баспаханалар ашылып үлгерген. Олардың кейбірі биыл тапсырыстан қағылса да, бірқатары әлі клиенттерін жоғалтпаған.

Ауғанстандық баспаханалар ғимаратты жалға алу ақысы мен электр қуатының бағасы өсіп кеткеніне наразы. Жаңа баспахана ашу бір жылға созылады екен.

2009 жылғы президент сайлауынан бері Ауғанстандағы баспа бизнесі жаңа деңгейге шыққан еді.

Шафиқулла жергілікті баспаханалар сайлауалды науқанының тапсырыстарын орындауға қауқарлы деп санайды. Сайлауға екі апта қалса да, ол әлі біраз тапсырыс түседі деп сеніп отыр.

«Кандидаттарға қандай көлемді плакат пен банер керек болса да, ел ішінде-ақ басып шығара аламыз» дейді ол.
XS
SM
MD
LG