Accessibility links

Карзай АҚШ-пен келісімді жақтайтын жарнамаға шамданды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-пен екіжақты қауіпсіздік келісімін жасауға құлықсыз Ауғанстан президенті Хамид Карзайға ел ішінен де, сырттан да сын борады.

Ауған президенті Хамид Карзай АҚШ-пен екіжақты қауіпсіздік келісім-шартын жасаудан бас тартқаны үшін сын естіп келеді. Бірақ ол сынды телеарнадан жарнама түрінде көрген кезде шыдамы таусылғанға ұқсайды.

Жергілікті телеарналарда президентті келісімге қол қоюға шақыратын жарнама роликтер көрсетіле бастаған соң қаңтардың 16-сы Хамид Карзайдың әкімшілігі бас прокуратураға тексеру бастауды тапсырды.

Тексерушілер кезінде соңғы айда он шақты жекеменшік және мемлекеттік телеарнада көрсетілген жарнамаларды кімнің қаржыландырғаны анықтамақ.

«ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІРУ»

Карзай бекітуден тартынып отырған келісімнің ресми атауы – Екіжақты қауіпсіздік келісім-шарты. Бұл құжат Ауғанстандағы АҚШ әскерінің 2014 жылдан кейінгі қалу шарттарын белгілейді.

Келісім-шарттың әлі бекімегені үшін наразылық танытып, апта сайын митинг ұйымдастырушылар мен топ-топ болып парламенттен шығып кетуші депутаттар пайда бола бастады. Бірақ Карзай келісімге қол қоймау туралы шешімін өзгертер емес. Вашингтонның бүкіл әскерін алып кетіп, қаржылай көмек бермейтінін айтып қорқытқаны да оған әсер етер емес. Карзай сәуірде өтетін президенттік сайлаудан соң ғана өзінен кейін сайланатын ауған президенті келісімді бекітетінін мәлімдеді.
Ауғанстандағы АҚШ әскері.
Ауғанстандағы АҚШ әскері.

Ауған үкіметінің ақпарат орталығының жетекшісі Сафатулла Сафи телеарналар көрсеткен жарнамалар келісім-шарт туралы жаңсақ пікір қалыптастырады дейді. Ол тексеріліп жатқан арналардың атауларын жарияламады.

Сафидің сөзінше, президент жарнаманы кімнің қаржыландырғанын білгісі келеді. Жарнаманы жасатқан телеарна басшылығы болсын, саяси оппозиция өкілдері, я шетелдік барлау қызметтері болсын – олар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр деп санайды ол.

«Біз бас прокуратураға бұл үгіт-насихаттың артында кімнің тұрғанын анықтау туралы бұйрық бердік» деді Сафи.

«КҮН САЙЫН БІР ШЕКТЕУ»

Тексеру басталғалы айтылған жарнамалар кілт тоқтады.

Президент Карзай мәдениет министрлігіне осы жайтқа қатысты дербес тексеру жасауды тапсырды.

Мәдениет министрлігінің кеңесшісі Джалал Нурани көптеген телеарналар мен газеттерге ел ішіндегі және шетелдік билігі күшті тұлғалардың ықпал етіп отырғанын айтады. Сол себепті ол жарнамаларды кімнің қаржыландырып отырғанын анықтау қажет деп санайды.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай.

Нурани президенттің тапсырмасы бойынша жарнаманы эфирден көрсеткен телеарналардың саяси мазмұнды хабарлар таратуға рұқсаты бар-жоғы да тексерілетінін хабарлады.

«Президент жарнамалардың саяси мазмұнды, әрі қоғамдық теріс пікір қалыптастыратынын айтты. Сол себепті мұқият тексереміз. Телеарналардың қажетті құжаттары болмаса, заң бұзған болып шығады» деді ол.

Ауғанстанда БАҚ еркіндігін насихаттаушы ҮЕҰ басшысы Муджиб Халватгар қаңтардың 16-сы күні Кабулда бұл тексерудің сөз бостандығына жасалған шабуыл екенін айтты.

Халватгардың ойынша, үкімет мәселені БАҚ-та талқылауға жол бермеуге тырысып жатыр.

«Үкімет күн сайын БАҚ-қа жаңа бір шектеу қойып отырады, ал президент барлық БАҚ оның жеке көзқарасымен келісуі тиіс деп ойлайды» деді ол.
XS
SM
MD
LG