Accessibility links

Астанада саудагерлер наразылық танытты


"Әлем" базарындағы ет сатушылар наразылық білдіріп тұр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Бүгін "Астанадағы "Әлем" сауда орталығындағы ет сататын 50 шақты саудагер базар алдындағы көшеге шығып, наразылық білдірді" деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Саудагерлердің бірі Айткүл Байғабылованың айтуынша, олар өздеріне базар әкімшілігінің белгілі мөлшерде ет сату туралы міндеттеме қойғанымен келіспей, оны алып тастауды талап еткен.

"Базар басшылығы бізге айына базарға 17-18 бас сойылған мал етін кіргізіп, сатуды міндеттеген. Біз кейде ет өтпейтіндіктен, базарға 9-10 бас мал етін ғана кіргіземіз. Ай соңында аренда құнын төлейтін кезде басшылық бізге түрлі мөлшерде айыппұлдар салады" дейді саудагер Байғабылова.

Азаттық тілшісінің айтуынша, наразылармен сөйлесуге барған базар әкімшілігінің өкілі саудагерлерге ешқандай міндеттеме қойылмағанын және оларға ет сата алмағаны үшін айыппұл салынбайтынын айтқан. Бірақ саудагерлер өздері көтерген жайттарға қатысты нақты фактілер бар екенін мәлімдеген.

Бұл мәселеге байланысты базар әкімшілігі журналистерге түсініктеме беруден бас тартты.
  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG