Accessibility links

Ұлыбритания Әблязовтың саяси босқын статусын жоймақ


Мұхтар Әблязов, оппозициялық тұлға, қуғындағы олигарх
Мұхтар Әблязов, оппозициялық тұлға, қуғындағы олигарх
Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі Қазақстан тарабынан күшейген лоббилік әрекеттен соң бұрынғы қазақстандық банкир, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты саяси бәсекелесі Мұхтар Әблязовқа берілген саяси босқын статусын қайтарып алуды ұйғарды деп хабарлайды 16 сәуір күні The Financial Times газеті.

Былтыр жаздан бері Францияда қамауда отырған Мұхтар Әблязовтың адвокаттары Ұлыбритания билігі Әблязовтың босқын статусы туралы ол қашып шыққан елмен құпия келіссөз жүргізіп, босқындар туралы халықаралық заңды бұзып отыр деп мәлімдеді. Қазақстан билігі Әблязовты қаржылық қылмыс жасады деп айыптайды.

Газеттің дерегі бойынша Ұлыбритания билігінің Әблязовты саяси босқын статусынан айыратыны оған биылғы қаңтарда-ақ хабарланған.

Әуелі Әблязовқа Ұлыбританияның СІМ-не жауап беру үшін 10 күн уақыт берілген. Бірақ оның адвокаттары бұл мерзімді сәуірдің ортасына дейін создырған. Қорғаушылар Әблязовтың саяси босқын статусы жойылса, ондай шешімнің үстінен сотқа шағымданатынын айтқан.

Ұлыбритания Мұхтар Әблязовқа саяси баспананы 2011 жылы берген. Ол 2009 жылы өзі басқарған БТА Банкі мемлекет қарамағына қайтарылған соң елден қашып шыққан болатын.
XS
SM
MD
LG