Accessibility links

Бокстан жастар құрамасы ӘЧ-де бірінші орын алды


Жастар арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов (ортада, көк киімде) тұғырда. София, Болгария, 24 сәуір 2014 жыл. (Жарыстың ресми сайтындағы видеодан скриншот).
Жастар арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов (ортада, көк киімде) тұғырда. София, Болгария, 24 сәуір 2014 жыл. (Жарыстың ресми сайтындағы видеодан скриншот).
Болгария астанасы София қаласында сәуірдің 14-і мен 24-і күндері аралығында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ұпай көрсеткіші бойынша жалпы есепте бірінші орын алды.

49 килограмда Шалқар Айқынбай өзбекстандық Сүлеймен Латиповты жеңді.

Үш төреші де жеңісті 29:28 есебімен Қазақстан боксшысына берді. 60 килограмда Абылайхан Жүсіпов румыниялық Арсен Мустафаны 3:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Жүсіпов 2013 жылы Шымкентте өткен Азия чемпионаты мен Киевте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын алған.

56 килограмда Сұлтан Зәуірбек кубалық Хавьер Иванестен ұтылып, күміс медаль алды. 81 килограмда Вадим Казаков болгар Благо Найданевтен ұтылып, күміс жүлде иеленді.

Қыздар арасында 48 килограмда Алуа Балқыбекова қола жүлдегер атанды.

Үздік үштікке АҚШ және Өзбекстан құрамалары енді.

Жүлде алған бес боксшы да биыл тамыз айында Нанкинде (Қытай) өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындарына жолдама алды.
XS
SM
MD
LG