Accessibility links

AI Қырым татарларына алаңдайды


Қырым татарлары Меджлисінің басшысы Рефат Чубаров. Симферополь, 18 мамыр 2014 жыл.
Қырым татарлары Меджлисінің басшысы Рефат Чубаров. Симферополь, 18 мамыр 2014 жыл.
Адам құқықтарын қорғайтын Amnesty International (AI) халықаралық ұйымы "Қырымды Ресей қосып алғаннан бері татар қауымы қуғын мен қысым көріп отыр" дейді. Бұл туралы ұйымның 23 мамыр күні жариялаған есебінде айтылған.

AI Еуропа, Орталық Азия бойынша бағдарламаларының директоры Джон Дальхусен "Қырым аннексиясынан кейін Қырым татарлары күш көрсету мен дискриминацияға ұшырады" деп мәлімдеді. Ол "жаңа билік Қырым татарларын де-факто бөтен, жат халық жағдайында ұстап отыр, басшыларына қысым көрсетіп, олардың негізгі ұйымы - Меджлисті таратып жіберетіндерін айтып қорқытып, пікір білдіру, жиын өткізу құқықтарын шектеді" дейді.

Дальхусеннің сөзіне қарағанда, 7 мыңға жуық Қырым татары соңғы уақытта түбектен қашып шыққан. Қалған татарларға Украина азаматтығынан бас тартулары үшін қысым көрсетіліп жатыр. Оларды Ресей азаматтығын алуға өтініш беруге мәжбүрлеу оқиғалары да бар. AI есебі Украина президенті сайлауы қарсаңында таратылды. Мамырдың 25-і күні өтетін сайлауға Қырым татарлары қатыса алмай отыр.
XS
SM
MD
LG