Accessibility links

ӨИҚ Карачи әуежайына шабуылды мойнына алды


Шабуылдан кейінгі Карачи әуежайы. Пәкістан, 10 маусым 2014 жыл.
Шабуылдан кейінгі Карачи әуежайы. Пәкістан, 10 маусым 2014 жыл.
Тыйым салынған "Өзбекстан ислам қозғалысы" (ӨИҚ) ұйымы Пәкістанның Карачи қаласының әуежайына 10 маусымда жасалған шабуылды мойнына алды.

ӨИҚ 11 маусымда таратқан мәлімдемесінде шабуыл жасап қаза тапқан 10 мүшесі 27 адамды өлтіріп, өздері "шейіт болғанын" айтады.

Ұйым шабуыл жасады деген 10 адамның таулы ауданда түскен, қару асынып, бетін бүркемелеген суретін мәлімдемесіне қоса берген.

"Бұл жанкештілік шабуыл соңғы кездері Пәкістан армиясының жаппай бомбалап, түнде жойғыш ұшақтардан атқылауына кек алу ретінде жасалды" делінген мәлімдемеде.

Ауғанстан мен Пәкістанда белсенді әрекет ететін ӨИҚ ұйымын АҚШ шетелдік террористік ұйымдар тізіміне енгізген.

"Талибанның" пәкістандық қанаты "Техрик-е-Талибан" ұйымы шабуылды ӨИҚ-мен бірігіп жасағанын мәлімдеген.

9 маусымға қараған түні Карачи әуежайына қаруланған 10 содыр шабуыл жасап, 35 адам мерт болған еді. Атыстан 10 содыр түгел оққа ұшқан. Шабуылға жауапкершілікті "Талибанның" пәкістандық қанаты - "Техрик-е-Талибан" ұйымы мойнына алған. Ұйым шабуылды өткен жылы жетекшілері Хакимулла Мехсудтың АҚШ-тың пилотсыз ұшағынан жасалған соққыдан қаза табуына еске алу деп атаған.
XS
SM
MD
LG