Accessibility links
Skip to main content
Skip to main Navigation
Skip to Search
Жаңалықтар
Саясат
AzattyqTV
Қаңтар оқиғасы
Адам құқықтары
Әлеумет
Әлем
Арнайы жобалар
Русский
Жазылыңыз
Басқа тілдерде
İздеу
РУС
Live
Live
İздеу
Бұған дейінгі
Келесі
Шұғыл хабар:
ФОТОРЕПОРТАЖ
Апта бейнелері: 16 - 21 маусым
21 маусым 2014 жыл, 09:00
Азаттық 16 - 21 маусым аралығында Қазақстанда және әлемде болған кейбір оқиғалар туралы апталық сурет баян ұсынады.
1
16 маусымда Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында терроризм және зорлық-зомбылық жасау айыптары тағылған 13 адамға шығарылған өлім жазасы
орындалды
. Ресми БАҚ бұл адамдар жеті қылмысқа қатысы бар деп танылғанын хабарлады.
Суретте: Үрімжідегі қытай полиция күштері.
3
Ирактың солтүстігіндегі Киркук қаласы маңында күрд жасағы мен «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» (ИЛИМ) радикалды сүниттер тобы арасында
шайқас болды
. Бұның алдында елдің солтүстігіндегі Мосул мен Тикрит сияқты бірқатар елдімекендерді басып алған бүлікшілер енді Бағдатты бетке алатынын мәлімдеген еді. Ирак премьер-министрі Нури әл-Мәлики үкімет күшіне жәрдемдесуге шиит жасақтарын шақырған. Сарапшылар аймақта халифат құруды көксейтін әсіредіншіл ИЛИМ тобына қарсы күрес Иракта екі діни ағым арасында өшпенділікті өршітіп, оның соңы азамат соғысына ұласып кету қаупі барын айтады.
Суретте: Ирак қауіпсіздік қызметінің өкілі Киркук түбінде шайқаста өртенген әскери техника қаңқасы жанында тұр. 16 маусым 2014 жыл.
4
17 маусым күні Украинаның шығысындағы Луганск қаласының түбінде миномет оғының астында қалған ресейлік "Россия 24" телеарнасының екі журналисі
мерт болды
. Оператор Антон Волошин оқиға орнында қаза тауып, ауыр жараланған тілші Игорь Корнелюк ауруханада жеткізілген соң көз жұмған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украинадағы дағдарыс пен қақтығыстарда қаза тапқан журналистердің өлімін мұқият тексеруге
шақырды
.
Суретте: ресейлік журналист Игорь Корнелюктің денесін алып барады. Мәскеу, Ресей, 20 маусым 2014 жыл.
5
Түркиядағы оппозициялық негізгі екі партия - Республикалық халықтық партиясы мен оңшыл Ұлттық қозғалыс партиясы алдағы президент сайлауына
ортақ кандидат
ретіңде Ислам конференциясы ұйымының бас хатшысы қызметінен өткен жылдың соңында кеткен Экмеледдин Ишаноглуды (суретте) ұсынуға келіскенін мәлімдеді. Ишаноглу бұл ұсынысты "ризашылықпен және құрметпен" қабылдағанын білдірді. Биыл тамызда өтетін президент сайлауына Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған да түседі деген болжам бар. Бірақ оның Әділет және даму партиясы әзірге президенттікке кандидатын атаған жоқ. Тамыздағы сайлауда түркиялықтар алғаш рет президентті тікелей сайламақ.
6
16 маусым күні Бразилияның Куритиб қаласында 200-ден аса адам елде футболдан әлем чемпионатының өткізілуіне
наразылық танытты
. Иран мен Нигерия арасындағы матч алдында демонстранттар жолды жауып, қоқыс контейнерлерін өртеп, жанкүйерлер отырған автобустардың қозғалысына кедергі келтірген. Қала орталығында маска киген адамдар банктер мен дүкендердің терезелерін сындырған. Шерушілерді тарату үшін полиция резеңке оқтар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. 19 маусым күні Сан-Паулу қаласында Англия мен Уругвай матчы кезінде наразылар көшеде дүкендер мен көліктерді
қиратып өткен
.
Суретте: Футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан стадион сыртында тұрған бразилиялық полицейлер. 16 маусым 2014 жыл.
7
АҚШ президенті Барак Обама Иракқа америкалық 275 сарбаз жіберуге шешім қабылдағаны туралы Конгресті
хабардар
етті. Ақ үй бұл әскер Ирактағы америкалық дипломаттар мен басқа да мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баратынын және бұған қоса қажет болған жағдайда әскери іс-қимылдарға да араласатынын мәлімдеді. Бұған дейін "Ирак және Левант ислам мемлекеті" деп аталатын сүнниттік радикалдық топ соңғы екі аптада Ирактың солтүстік аймақтарын басып алып, енді Бағдатқа қарай бет алатынын мәлімдеген еді.
Суретте: АҚШ-тың ұшақ тасығыш "Джордж Г.У. Буш" кемесі. Парсы шығанағы, 19 маусым 2014 жыл.
8
19 маусым күні Украина президенті Петр Порошенконың ұсынысымен ел парламенті - Жоғарғы Рада Павло Климкинді сыртқы істер министрі етіп
тағайындады
. Оның қолдап 335 депутат дауыс берген. Оған дейін парламенттің 319 депутаты Андрей Дещицаны сыртқы істер министрі міндетін атқарудан босатуды қолдап, ал "Свобода" фракциясының 35 депутаты қарсы дауыс берген. Дешицаның қызметтен кетуіне Ресей президенті Путинді тілдейтін
жағымсыз сөз
себеп болған еді.
Суретте (солдан оңға): жаңадан тағайындалған СІМ Павло Климкин, президент Петр Порошенко және бұрынғы СІМ Андрей Дещица. Киев, 19 маусым 2014 жыл.
9
Осы аптада Facebook әлеуметтік желісінде қазіргі кезде Павлодар түрмесінде жатқан диссидент ақын Арон Атабектің (Арон Едігеев) 2006 жылы Алматы іргесіндегі жер дауы кезінде сынған аяғы ісіп кеткені, тұтқынның балдақ немесе таяққа зәру екені туралы
ақпарат тарады
. Атабектің жұбайы Жайна Айдархан ерінің денсаулығы жайлы еш хабар біле алмай отырғанын, тек оның мамырдың 21-інен бастап карцерге қамалғанынан ғана хабардар екенін айтты. Атабек қамауда отырған Павлодар тергеу изоляторы – АП-162/1 мекемесіне 19 маусым күні хабарласқан Азаттық тілшісіне мекеме бастығы Ернұр Саспанов «тек жазбаша түрде жауап беретінін, онда да хатты поштамен жіберу керек екенін» айтты. Атабекке қатысты Қазақстан республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінен де жауап болмады.
10
Осы аптада Пәкістанда жұртқа белгілі екі әйел адам қастандық құрбаны болды. 18 маусым күні Пешавар қаласында танымал әнші Гүл Наздың ("Мускан") үйіне басып кірген белгісіз төрт адам оған бес рет
оқ атқан
. 38 жастағы әнші дереу ауруханаға жеткізілгенімен, ұзамай көз жұмған. Дәл сол күні Лахорда Ұлттық жиынға (парламенттің төменгі палатасы) оппозициялық Мутахида Кауми партиясынан сайланған Тахира Асифті белгісіз біреулер атып кетті. Ауыр жараланған саясаткер әйел ертеңінде ауруханада қайтыс болды.
Суретте: Марқұм Тахира Асифтің денесін ауруханадан шығарып алып барады. Лахор, Пәкістан, 20 маусым 2014 жыл.
11
19 маусым күні осы айдың басында тақтан
бас тартқан
испан королі Хуан Карлостың мұрагер ұлы Фелипе ресми түрде Испания королі деп
жарияланды
. 46 жастағы жаңа монарх ресми түрде король алтыншы Филипп деген атты иеленді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Фелипеге таққа отыруына байланысты құттықтау жеделхатында Испанияның жаңа королін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге
шақырған
.
12
Болгарияның солтүстік-шығысында нөсер жауынның соңы тасқынға ұласып, салдарынан оннан аса адам опат болды. Варна қаласында 10 адам, Добрич қаласында - 2 адам қаза болған. Тұрғындар елдімекендердегі арық-арналар бітелмесе, заңсыз құрылыстар қалай болса солай салынбаса табиғи апаттың салдары мұншалықты ауыр болмас еді деп санайды. Тасқын кезіндегі адам қазасына байланысты 23 маусым Болгарияда азалы күн деп
жарияланды
.
Суретте: Тасқыннан зардап шеккен жанға көмекке келген адамдар. Варна, 19 маусым 2014 жыл.
13
20 маусымда Украина президенті Петр Порошенко жария еткен жоспарда Ресеймен шекарада 10 километрлік буферлік аймақ құру, қаруын тапсырған және ауыр қылмыс жасамаған сепаратистерді жазаламау, Конституцияға билікті орталықсыздандыру туралы өзгерістер енгізу, орыс тілін заңмен қорғау жайлы айтылған. Билік елдің шығысында сепаратистердің өз еркімен қаруларын тапсырып, кепілге алған адамдар мен басып алған нысандарды босатуы үшін бір апта ұрыс қимылдарын тоқтататынын
жариялады
. Батыс елдері Киевтің бұл жоспарын құптаса, Ресей оған күмән білдірді.
Суретте: Украина президенті Петр Порошенко Донбасқа жұмыс сапарында тұрғындармен сөйлесіп тұр. 20 маусым 2014 жыл.
14
20 маусым - дүниежүзілік босқындар күні жариялаған есебінде БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттігі әлемде қақтығыстар мен жанжалдардан қашып, босқын болып кеткен адамдар саны Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бірінші рет
50 миллионнан асқанын
мәлімдеді. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Антонио Гутеррес жылдық есебінде 2013 жылдың соңында әлемде босқын атанған және өз елдері аумағында үй-күйінен айырылған адамдар саны 51,2 миллионға жеткенін айтады. Өткен жылы босқындар саны 2012 жылмен салыстырғанда 6 миллионға артқан.
Суретте: Ауғанстандық босқын балалар Пәкістандағы босқындар лагерінде.
Апта бейнелері: 16 - 21 маусым
Back to top
XS
SM
MD
LG