Азаматтық белсенді Есенбек Өктешбаевтың "Халыққа баспанасын қалдырайық" ҮЕҰ-ның басшысы болып қалу хақын даулап апелляциялық сотқа берген шағымы қанағаттандырылмады.
4 шілде күні Алматы қалалық соты Өктешбаевтың Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты жазған арызын қабылдамады. Аудандық сот 16 мамыр күні азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықованың Есенбек Өктешбаевқа қарсы арызын қанағаттандырған еді. Жақсылықова аталған ҮЕҰ-ның құрылтайшысы етіп өзін тануды және Өктешбаевты ұйымның құжаттары мен мөрін өзіне табыс етуге міндеттеуді сұраған.
Апелляциялық сот аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдырған соң Өктешбаев кассациялық сотқа жүгінетінін айтты.
Азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықова "Халыққа баспана беріңдер" атты және бір ҮЕҰ-ды басқарады.