Шілденің 5-і күні Украина президенті Петр Порошенко үкімет армиясының қарулы сепаратистер шоғырланған "Славянск қаласын алуы - жеңістің басы" деп мәлімдеді.
Бірақ Порошенко елдің шығысындағы Славянск және басқа қалалардың ресейшіл сепаратистерден босатылуы "жеңістің өзі емес" дейді. Ол "Донецк және Луганск өңірлерін азат ету операциясы жалғасатынын" мәлімдеді.
Украина премьер-министрі Арсений Яценюк шенеуніктерге Славянскідегі полиция, сот, медициналық және санитарлық мекемелер жұмысын қалпына келтіруді тапсырды.
Бұл мәлімдемелер Славянск әкімдігіне Украина туы тігілгеннен кейін барып жасалды. Ақпараттарға қарағанда, үкімет әскерімен қақтығыстан ондаған сепаратист қаза тапқан. Ресейшілдер Донецк қаласына қарай қашқан.